Қараусыз қалған қандастар...

Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап, тағдыр айдап шетелде өмір сүріп жатқан қандастарымыздың ат басын атамекенге бұрған ұлы көштің керуені басталып кеткен еді.
Міне, содан бергі 30 жыл ішінде миллионнан астам қандастарымыз елге оралған екен. Олар құшақ жая қарсы алынып, барлық әлеуметтік жағдайлары еліміздің мүмкіншілігіне қарай жасалды, қандастарымыз еліміздің адам санын көбейтіп, түрлі салаларда қызмет көрсетіп, еліміздің экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда.
Бірақ бүгін білімді, білікті маман иелері болған қандастарымыздың көмескі жағдайда қараусыз қалып қойғаны тілге тиек болмақ.
Биыл жыл басынан бері 4502 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Мұның ішінде еңбекке қабілетті жастағы қандастардың 10%-ы жоғары білімді, 40,7%-ы орта кәсіби білімді екен. Алайда, осы білікті маман иелері елге қосылған елеулі қазына ретінде қаралып, олардың әртүрлі кәсіби салаларда кірпіш болып қаланып, өз үлестерін қосуына қолдау көрсетіліп отырған жоқ. Мысалы, Рәбиға Смағұлқызы шетелде магистратура оқыған, медицина саласында 20 жылдай тәжірибесі бар білікті маман. Бірақ елге қоныс аударып келген соң жұмысқа тұру үшін дипломына анықтама ала алмай жүргеніне жарым жылдан асқан, білім министрілігіне талай рет жолдаған құжаттары еш себепсіз кері қайтарылыпты. Бір жыл бұрын Қытай елінен келген, су құрылыс саласында 20 жылдай еңбек тәжірибесі бар, жоғары дәрежелі инженер Алымжанның айтуынша, ол бизнес оқып, Қытайдан техника әкеп, құрылыс өнімдерін шығару үшін «Атамекен бизнес бастау» жобасына екі рет қатысып, қолдау ала алмады. Ақырында арқасына дорба арқалап, ұсақ-түйек саудамен айналысуға мәжбүр болған.
Өзбекстаннан Қостанай облысына көшіп келген қандасымыз Талғат Ахметов «Құтты мекен» деген ұйым құрып, қандастар үшін ақпараттық-құқықтық көмек көрсетпек болған. Бірақ ресми мекемелер құжаттарын орыс тілінде тапсыруды талап етіп, жұмысына қиындық тудырған. Екі жыл бұрын Қытайдан келген хирург маманы бар-жоғы орыс тілін білмейді. Сол себепті жұмысқа тұра алмай, базарда дорба арқалап, ұсақ саудамен айналысып кеткен.
Әрине, осы тектес үкіметтен қолдау ала алмай, өзінің кәсіби мамандығы бойынша жұмыс таппай, басқа шаруашылықпен айланысып кеткен қандастарымыз аз емес. Өзге елде қолына қалам алып, білікті мамандығымен елге танылып жүрген қандастарымыз, өз еліне келіп «жуындыға» айналып, жұпыны күйге түсіп қалатыны тым өкінішті-ақ.
Еліміздің 2025 жылға арналған стратегиялық жоспарында былай деп көрсетілген: «Экономиканы дамытуда бастысы – шикізат емес, жинақталған өндіріс қорлары емес, қаржылық капитал емес және тіпті инновациялардың өзі ғана емес. Инновациялық экономикадағы басты даму көзі – адамдар, олардың дағдылары, қабілеттері мен құзыреттері». Әне, экономиканы дамытудың қозғаушы күші кәсіби мамандар екенін анық атап көрсеткен. Бірақ біз алдымызға келіп тұрған білікті, қабілетті қандастарымызды экономиканың дамуындағы адами капитал ретінде санамай, қараусыз қалдырып отырмыз.
Дамыған елдерде, әсіресе Америка мемлекеті осыдан жарты ғасыр бұрын шетелдегі білімді мамандарды өз еліне қоныс аударып, қызмет жасау үшін азаматтық алуға жеңілдік жасап, тұрмыстық жағдайын қамтамасыз етіп, жоғары айлық беру саясатын жолға қойған. Ал Қытай елі 30 жыл бұрын осындай тиімді саясатты жолға қою арқылы экономикасының дамуына негіз қалады. Тіпті он шақты жыл бұрын магистратурадан жоғары білімі барларға тұрғын үй және жоғары айлық беріп, білімді мамандарды құшақ жая қарсы алып, әлеуметтік және экономикалық күш-қуатын арттыруға жұмылдырды.
Ал Қазақ еліне келер болсақ, біздің шеттен елге оралған жоғары білімді қандастарымызға жол сілтеп, қолдау көрсете алмай, оларды қараусыз қалдырып отырғанымыз өзегіңді өртейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тəуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тəуелсіздік бəрінен қымбат» атты мақаласында «XXI ғасыр – білім мен біліктіліктің дəуірі. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуы тиіс», – деп атап өтті. Сондықтан шетелдегі этникалық қазақтардың, әсіресе жоғары білімі бар зиялы қазақтардың елге ертерек оралып, еліміздің экономикасының дамуына түрткі болар рөлін жария ету үшін, оларға кедергісіз жол ашып, жеке басы құқықтарының тапталуына жол бермей, осы жолғы саяси реформа аясында Конституциясына «Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алуға құқықты», деген норма енгізілуі тиіс еді.
Сонымен бірге жоғары білімі бар қандастарға түрлі қолдау көрсету шараларын әзірлеп, олардың өз кәсіби біліміне қарай қызмет істеп, еліміздің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосуға шабыттандырып отыруымыз керек. Егер білімді маман иелеріне қамқорлық жасап, біліміне құрмет көрсетілмейтін болса, онда осының бәрін көріп-біліп отырған шетелдегі білімді қандастарымыз елге оралмай қалуы мүмкін. Тіпті, кейбіреулерінің келген еліне қайта қоныс аударып кетуі де ғажап емес.
Мәселен, өткен жылы Қазақстан азаматтығынан бас тартып, біржолата өзге елге қоныс аударып кеткендер саны 25 мыңнан асқан екен. Ал енді осы көшкен 25 мың адамның 36%-ы жоғары білімді болса, орта кәсіби білімді меңгергендері 32% болған. Бұл процесс еліміздің адами капиталына, мамандар «қорына» үлкен шығын болып табылады. Осы шығынның аз да болса орнын толтыруға келген қандастарымызды біз не үшін қамқорлығымызға алып, кәсібін әрі қарай жалғастыруына демеу көрсете алмай отырмыз?!
Соңында айтарым, жоғарыдағы үкімет басшылары мен депутаттар осы қандастар мәселесін назардан тыс қалдырмай, таразы талқысына салып, ертерек шешімін табудың жолын қарастырса, игі болар еді.