Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:14, 11 Шілде 2023

Қараусыз жатқан қауын бар, оны неге көрмейсің?

None
None

Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі алғаш рет 1 триллион теңгеден асқан.

Қайбір күні Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген брифингте осындай бір мәліметті келтірген. Бақсақ, Оңтүстіктің ауыл шаруашылығында жетістік көп екен.

«Республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы Түркістан облысына тиесілі. «Қарқынды бау» қарқынды дамып жатыр. Күнгейдің диқандары соңғы жылдары бір егістіктен жылына 2-3 өнім алатын жаңа әдіс-тәсілге ден қойған.  Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде былтыр облыста 3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды», – дейді облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы.

 Бірақ Түркістан облысына Дархан Сатыбалды әкім болған бір жылға жуық уақыттың ішінде ауыл шаруашылығына қатысты айқай-шу да көбейді десек, қателеспейтін сияқтымыз. Айталық, былтыр күзде Оңтүстіктің бренді саналатын шитті мақтаның бағасы арзандап кетті. Кейбір аудандарда шаруалар осы үшін әкімдіктің алдына барып, наразылық жиынын өткізді. Қаңтардағы қатты аязда шаруалар жылыжайларды жылытатын көмір таппай, қызанақтарын үсітіп алды. Енді, міне, өткен аптадан бері Түркістан облысында қауын егетін диқандар әлемжеліні шулатып жатыр.

Әрине, қалыптасқан жағдайдың арғы жағында әртүрлі себептер бар. Дегенмен есеп бергіш, жеткен жетістікке малданғыш әкім мұндай шетін жағдайға қалай қарайды? Әлеуметтік желіде диқандардың өздерінің еккен қауындарын трактордың тіркемесінен жерге лақтырып жатқан видео тарады.

Тағы бір бейнежазбада үйіліп жатқан қауындардың қасында тұрған диқан қаншама шығын шығарып еккен өнімді ең ақыры мал да жемейтінін айтады. Сол-ақ екен, түркістандық шенеуніктер шу ете қалды. Мақтаарал аудандық әкімдігі осы бейнежазбаға қатысты ақпарат таратып, әлек-шәлек болды. Кімге сенерімізді өзіміз де білмей қалдық.

«Шаруаларымыз бақша өнімдерін алғашқы піскен кезде 1 келісі үшін 550 теңгеден (қауынның 1 қорабы 17-20 келі болып есептелінеді) Қазақстан аумағына сатып, ТМД және Ресей мемлекеттеріне экспорттаған. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазба бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, видеодағы азамат Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі Ырысты ауылының тұрғыны Яшур Өзбеков екені, ал видео түсірілген аумақ Жаңажол ауылдық округі Нұрлыжол ауылы екені анықталды», – делінген әкімдіктің ақпаратында.

Шын мәнінде, шіріп жатқан қауындар сұрыптаудан кейін қалған және тұқымдық алу үшін жиналған өнімдер екен.

«Бүгінгі таңда бақша өнімдерінің көбеюіне байланысты қауынның 1 келісі 70-80 теңге аралығында қабылдануда. Баға нарықтың сұранысына сай өзгеріп отырады. Сондықтан қауынның сатылмай жатқаны туралы жалған ақпараттарға сенбеуге шақырамыз!» – делінген ресми ақпаратта.

Алғашқыда Мақтаарал аудандық әкімдігі өздерінің жариялаған хабарламасында «бейнематериалды түсіріп, жалған ақпарат таратқан азамат заңға сәйкес жауапқа тартылады» деп жазған еді, бір күннен кейін бұл сөздерді «бейнематериалды түсіріп, жалған ақпаратты таратқан азамат әлеуметтік желіні пайдаланушылардан кешірім сұрайды деген пікірдеміз» деген сөздермен ауыстырды.

Шамасы шенеуніктер өзінің басындағы проблеманы айтқан адамды жауапқа тарту заңға да, адамгершілікке де сыймайтынын кеш түсінсе керек. Иә, биыл қауын-қарбыз еккен ағайынның проблемасы көп. Біз Мақтаарал ауданында қауын егумен айналысатын диқанмен сөйлесіп, мән-жайды сұрадық. Диқан өзінің аты-жөнін газет бетінде көрсетпеуді өтінді.

Оның айтуынша, бейнежазбадағы жағдай, дәлірегі шаруалардың еккен қауындарын өткізе алмай, жерге тастап жатқаны рас.

«Оның басты себебі соңғы күндері делдалдар қауынның бағасын жерге ұрып тастады. Бейнежазбада жерге тасталып жатқан өнім – қауынның «валет» деген сорты. Алыпсатарлар қазір «валеттің» коробкасын 700-800 теңгеден алып жатыр. Ал шаруа қауынды жинауға, оны коробкаға салуға, тракторшыға тағы шығындалады. Нәтижесінде, кеткен шығын өзін-өзі ақтамайды. Осы себепті оны тастағаннан басқа амал қалмай тұр», – деді диқан.

Биыл қауынның бағасы былтырмен салыстырғанда тым арзан. Мәселен, өзіміздің сары қауынды егістіктен жинау үшін әр терімші қызға 3 мыңнан төлейміз. Оны коробкаларға салу керек. Жігіттер ол үшін әр коробкасына 350 теңгеден алады. Олардың тамағына тағы ақша шығарасың. Айналып келгенде бір коробка қауынды 1600-2000 теңгеден сатсаңыз, оның 600- 800 теңгесі шығын. Шаруаға қалатыны 1000-1400 теңге. Ал енді бұдан осы қауынды егуге кеткен шығынды шығарып тастау керек. Нәтижесінде, шаруа өзінің шығарған ақшасын да ақтай алмай қалып жатыр. Былтыр осы уақытта сары қауынның коробкасын 8 мыңнан сатқанбыз», – дейді диқан.

Биыл қауынның неге арзан екендігіне нақты жауап жоқ. Оған ешкім басын да ауыртып отырмаған сияқты.

«Әкімдіктегілер бірде «биыл қауын көп» дейді, енді бірде «рубльдің курсы түсіп кетті» дейді. Мен өз басым мұның екеуімен де келіспеймін. Түркістан облысының қауын-қарбызына деген сұраныс ешқашан төмендеген емес. Бір ғана Мәскеудің өзінде 13 миллион халық тұрады. Қауын-қарбыз осы Қазақстанның өзінде де жақсы өтіп жатыр. Менің ойымша, бағаны жерге ұрып жатқан екі ортадағы алыпсатарлар. Олар өзара келісіп алады. Нәтижесінде, қауынның қызығын алыпсатарлар көреді, ал шаруа шығынын да жаба алмайды. Осы енді әділдік пе?», – деді ашынған диқан.

P.S. Кешегі күні Жетісай ауданының әкімдігі аудан басшысы Серік Мамытовтың тікелей тапсырмасымен алматылық атқамінерлермен келісім жасалғанын, нәтижесінде Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін «Алтын орда» базарынан орын берілетінін хабарлады.

Ал Түркістан облыстық әкімдігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларға қанша субсидия, қанша жеңілдетілген жанармай, химикат берілгені жөнінде ақпарат таратудан ары асқан жоқ. Шенеуніктер дүние күйіп бара жатса да сол баяғы құрғақ цифрларын көлденеңдетуден басқаны білмей ме? Бақша өнімдерінің экспортын күні бұрын қамтамасыз ете алмағаны үшін енді кім жауап береді?

Дархан Сатыбалды ма, әлде Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пе? Айтпақшы, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын кемінде екі жарым есеге көбейту жөніндегі тапсырмасы қайда қалды? Өнімдерді сатуда делдалдардың ықпалын жою туралы айтқаны да күні кеше ғана. Сірә, тапсырмасының орындалмай жатқанын біледі, президент болғалы осы мәселеге бірнеше мәрте айналып соқты.

Иә, тапсырмалар беріле береді, бірақ оны да Астанадан ауылдарға жеткенше делдалдар иемденіп кететін сияқты...

Тегтер: