Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:30, 03 Тамыз 2023

Қарттар да киберқылмыскерлердің қармағына ілінді

None
None

Қарағандыда «Абайлаңыз алаяқтар»  акциясы  өтті. Шара барысында полиция қызметкерлері мен кибермен күрес мамандар қала тұрғындарына алаяқтық қылмыстың  түрлерін айтып, әккілердің құрығына түсіп қалмаудың амалдары жайлы түсіндірді.

Акция қаладағы адам көп жиналатын жерлерде және кеншілер мәдениет сарайының алдында өтті.

— Мамыр-маусым айларында полицияға алаяқтардан опық жеген зейнеткерлерден арыз шағымы көп түсті. Күдіктілер қарияларға қоңырау соғып, жол-көлік оқиғасына түскен жақындарын жауапкершіліктен құтқару үшін ақша аударуды талап еткен. Осындай әрекетке барған  жәбірленушілер 130 миллионнан астам шығынға батқан. Қылмыстық істі анықтау барысында еліміздің алты қаласынан 30-дан астам қылмыскер ұсталып, оның 6-ы қамауға алынды. Алаяқтардың көмекшілері арасында «Яндекс такси» жүргізушілері, тамақ жеткізушілер, жоғары оқу орындарының студенттері, кәмелеттік жасқа толмағандар мен жасөспірімдер болғаны анықталды. Аталған фактілер бойынша тиісті тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Алаяқтар қорғансыз зейнеткерлерді ториды

22 маусым күні Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 79 жастағы зейнеткерден арыз түсті. Зейнеткер полиция қызметкерлеріне алаяқтың құрбаны болғандығы туралы айтқан.

Белгілі болғандай, айыпкер жәбірленушіге өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған.  Зейнеткерге телефон соққан әлгі беймәлім азамат қартқа қызының жол-көлік оқиғасында кінәлі болғанын хабарлайды. Баласын қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін одан 15 мың АҚШ долларын беруін талап еткен. Зейнеткер сол сәтте сұраған мөлшердегі қаржысы  жоқтығын, бірақ қолында 9 мың 400 АҚШ доллары барын айтқан.  «Жалған полицей» жалма-жан зейнеткерге далаға шығып, ақшаны курьерге беруін талап етеді. Зейнеткер бар ақшасын белгісіз жанға ұстатып кете барған. Курьерді қарық қылған кейуана қызына хабарласқанда, ешқандай жол-көлік оқиғасы болмағанын біледі. Аңғал қарт сол кезде алданғанын біліп, сан соғып қалған.

Маусым айында криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 20 жастағы азамат ұсталды. Ол тергеу барысында өз әрекетін мойындады. Күдіктінің айтуынша, әлеуметтік желі арқылы жұмыс ұсынушымен танысқан. Қолға түскен азаматтың міндеті зейнеткердің үйіне барып, 9 мың АҚШ долларын алып кету болған. Тапсырыс беруші оған  400 АҚШ доллар төлеген. Ал қалған ақшаны желі арқылы жұмыс берушіге жіберген.

Айтпақшы, полиция күдіктінің тағы да екі киберқылмысқа қатыстылығы барын анықтады. Оның алғашқы олжасы шығын көлемі 8 миллион 400 мың теңге болса, екінші табысы 4 миллион теңгені құраған. Бір ерекшелігі, жәбірленушілердің барлығы зейнеткерлер болған. Аталған деректер бойынша бүгінде оның үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

— Халық көзі ашық болуы керек. Оларды алаяқтық оқиғасына ұрынып қалмауға шақырамын. Өкінішке қарай, қазір жастар мен ерікті жалданушылар арасында белең алып отыр. «Балаңыз, туысқандарыңыз полицияға түсті. Оны құтқару үшін қолма-қол осыншама ақша беріңіз!» деген жалған ақпарат жеткізушілер көбейді. Олар мекенжайдан қаражатты алып кетуге студенттерді, оқушыларды, бөгде адамдарды жалдайды. Осыны жадыңызда ұстаңыз!  Сондықтан  қала халқын арандатушыларға бой алдырмай,  әрдайым сақ әрі сергек болуларын сұраймыз, – деді киберерікті Алексей Васильков.

Тегтер: