Қарусыз Қазақстанда қауқар бар ма?

Соғыс аңсап отырған ешкім жоқ қазір. Бірақ айналамызда алапат қақтығыстар болып жатыр.
Ресей мен Украина соғысы өзгеше реңк ала бастады. Мәскеу соғыс тәсілін өзгертіп, бір күнде Киевке жүздеген зымыран атты. Ал біз қашанғы Кремлдің қас-қабағына қарап өмір сүрмекпіз? Путиннің оқтын-оқтын оқты көзін қадап қоятын жаман әдеті бәрімізге аян. Жирен Жириновский өлгенімен, орыстың бізге деген қараниеті өлген жоқ. Әлі де қазақта мемлекет болмаған, шекара болмаған деген сөздерді әртүрлі адамдарының аузына салып айтқызуы – Қазақстан айылын жисын деген ескерту емес. Бұл Ресейдің бір қолында құшағы, бір қолында пышағы тұратынын көрсетеді. Бір жағынан бұл қоқан-лоққы.
Жаман айтпай жақсы жоқ. Ресей бір күнде шекарамызға басып кірсе, бір тал оқ ататын қауқарымыз бар ма? Еуропаға арқа сүйейтін Киев емеспіз. Әскери әлеуетіміз де шамалы. Оқ-дәріміз жеткілікті ме? Қару-жарағымыз, әскери техникаларымыз сай ма? Ақорданы күндіз-түні осы сұрақ мазалауы тиіс! Путиннің айтқанына бас шұлғып, талабына көніп отыра беру – тәуелсіздікке кепіл болмайды.
Дәл қазіргі геосаяси жағдай, Ресей мен Украина соғысы – Қазақстан үшін әскери әлеуетін күшейтіп алатын жақсы мүмкіндік. Оны біз айтамыз-ау! Бірақ қорғанысымызға жауапты дөкейлерді бұл сұрақ мазалай ма екен?
«Ұнамаса, көшіп кет!» деп жүрген, бір ауыз қазақша қақпайтын қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстанды отаным деп түсіне ме? Әуелі сол сұрақ маңызды бізге. Қазақстанның қорғаныс саласындағы жоғары лауазым иелерінен бастап, күзетшілеріне дейін орыс тілді, орыс мүдделі. Тіпті әйелдерінің өзі Путинге арыз жазғыш. Былтыр Астанадағы әлдебір аралас мектепті таза қазақ мектебіне ауыстырмақшы болғанда, қорғаныс министрлігіндегі офицерлердің қатындары қасарысып қарсы тұрған жоқ па еді? Міне, біздің қорғанысымыздың қоясы осындай.
2014 жылы Украина Ресейге қалай табандап қарсы тұра алмай қалды? Өйткені ол кезде көкұлдарының әскери әлеуеті нашар болған. Тіпті соғысқа жарайды-ау деген танкілерінің аккумуляторы болмады, опасыздар сатып жіберіпті. Бұл бір ғана мысал. Тізе берсек, Киевтің қарсылықсыз берілуінің бірнеше түрлі себебі бар.
Ал біз ше? Біздің танкілер тау бұзып, тас қопаратындай қауқарлы ма? Әскери ұшақтарымыздың қанаты құрыш, сауыты болат па? Әскери мамандарымыздың білімі мен білігі ше? Айтуға ауыз бармайды. Біздің әскери техникаларымыз баяғыда өзінің қызметін өтеп, «зейнетке» шығып кеткен. Ресейдікі қалай, біздікі де солай. Өйткені Қазақстандағы қару-жарақтың дені Ресейден сатып алынған, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде пайдаланылған ескі техникалар. Жаңа қару, соңғы үлгідегі техникалардың саны аз. Қазіргі соғыс талабына жауап беретіндерінің санын саусақпен санауға болады. Ащы болса да, ақиқаты сол. Соңғы үлгідегі танкілеріміз бар ма? Түйдектеп ататын бір тал HIMARS-қа да зар болып отырған жоқпыз ба? HIMARS соншалық қымбат техника емес. Біреуін емес, жүзін, мыңын сатып алуға Қазақстанның қауқары қаптал жетер еді. Әттең, жемқорларымыздың жемсауынан асса?..
Қару-жарақ пен соғыс техникаларын әскери әлеуеті күшті Америкадан, Қытай мен Франциядан, Израиль мен Түркиядан, Алмания мен Ұлыбританиядан сатып алуға не кедергі? Әлде, ол үшін Мәскеудің рұқсаты қажет пе? Ресейдің уақыт талабына жауап бере алмайтын жүз жыл бұрынғы қару-жарақтарын сатып алу туралы келісімшарт бар ма еді? Қазіргі геосаяси жағдайлар әскери әлеуетті арттырудың қажет екенін көрсетіп отыр. Бізге ешкім соғыс ашпайды, көршілермен тату-тәттіміз деп арқаны кеңге салып отыра беруге болмайтынын соңғы жағдайлар көрсетуде.
Естеріңізде болса, соңғы жылдары Қазақстандағы бірнеше оқ-дәрі қоймасы бірінен кейін бірі жарылды. Соның бәрі кездейсоқ жағдай ма? Күмәнді, әрине! 20 жылда еліміз бойынша сегіз оқ-дәрі қоймасында жарылыс болыпты. Оның ең ауыры – Арыс пен Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы жарылыстар. Одан бұрынғыларын ретімен айтсақ. Мәселен, 2001 жылы Балқаш маңындағы Тоқырау ауылында, 2009 жылы Арыста, сол жылы Алматы облысының шекара қызметінде, 2013 жылы Отарда, 2015 жылы тағы да Арыста жарылыс болды. Жарылыстардың көбі сондағы қызметкерлердің снарядты жою кезінде кеткен қателіктерден болды деп айтылады. Ақылға сыймаса да, құжатқа солай жазылыпты.
Әскери әлеуетіміз дегенде, соғысқа жарамды әскерилеріміздің саны туралы айтпай кетуге болмас. 45 мың әскери қызметкеріміз бар екен. Сан жағынан 142 елдің ішінде 67-орында тұрмыз. Ал полицейлердің саны 50 мыңнан асады. Отан қорғайтын ерлеріміздің саны билікті қорғайтын полицейлерден аз. Бұл да бір кем дүние.