Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:22, 14 Мамыр 2021

Қарыз қамыты: Банкке көмектескен үкімет халыққа неге көмектеспейді?

None
None

Өткен жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың банктер алдындағы берешегі 7,1 триллион теңгеден (16,6 миллиард доллар) асты.

2020 жылы Қазақстанда ипотека бойынша берешек 600 миллиард теңгеге (1,4 миллиард доллар) өсті. Нәтижесінде ипотекалық қарыздар бойынша ең көп берешек Ресейде. Екінші орында – Қазақстан, бұл елде тұрғын үй несиесінің көлемі – 5,6 миллиард доллар. Беларусь 3,8 миллиард доллармен үшінші орынға жайғасты.

Әрбір үшінші адам банкке қарыз, мұны неге жоримыз?

Қазір елімізде жұмыс істеуге қабілетті 8,5 миллион адам болса, олардың 6,1 миллионға жуығының мойнында несие бар. Бұл елдегі әр үшінші адамның банк алдында қарызы барын көрсетеді. Ел тұрғындарының несие бойынша банктер алдындағы қарызы 7 триллион теңгеден асты деп отырмыз. Ал несие алушылардың 2 миллионнан астамы алған қарызын қайтара алмай, банктердегі проблемалық несие қорын көбейтіп отыр. Бүгінгі күні елдегі қайтарылмаған несие көлемі 3 трлн теңгеге жеткен. Демек, халықтың несиеге алған 7 трлн теңгесінің тең жартысы қайтарылмай жатыр. Ал мұның арты не болмақ? Қарызға батқан қазақтың болашағын қалай жоримыз?

Несие жүйесіне қатысты экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов несиеге 24-28 пайыз үстеме, қайтарылмаған несиелерге елде жоқ пайызбен өсімпұл қосу біздің елде ғана бар үрдіс екенін алға тартты. Маманның айтуынша, біздегі банктердің ұстанып отырған саясаты дамыған елдердің тәжірибесінен әлдеқашан алынып тасталған. Маманның пайымдауынша, біз осы уақытқа дейін үкіметтен қолдау қаржы бөліп, банктерді демеп келдік. Енді үкімет қарапайым халықтың жайын ойласа, бірінші кезекте банктерден пайыздық үстемені түсіруді талап етуі керек. Тіршілігін несиеге байлап, өзіне қажеттінің барлығын несиеге алып үйренген халыққа үкімет осылай көмектесуі керек.

– 2004-05 жылдары шетелдің қаржы институттары Қазақстандағы банктерге 2 пайызбен қарыз бере бастады. Біздегі банктер 2 пайызбен алған қарызын халыққа 22-24-28 пайызбен несиеге берді. Осындай жауапсыз саясат жүргізу арқылы банктер 10-12 есе пайда көреміз деп ойлады. 2008-09 жылдардағы дағдарыс кезінде банктердің проблемалы несие портфелі өсе түсті. Жеке тұлғалар алған қарызын қайтара алмай, бірқатар банктер дағдарысқа ұшырады. Қазір елдегі қайтарылмаған несиелер көлемі 3 трлн теңгеге жетті. Бұл банктер үшін өте қауіпті жайт. Мұның арты үлкен дағдарысқа апарып соқтырады, – дейді экономист-ғалым Жұмаділда БАЯХМЕТОВ.

Заңның өзі халықты қанауға үндейді

Жалпы, Қазақстанда экономикаға бөлінетін қаржы 20 трлн теңге болса, біз оның 16 трлн теңгесін мемлекеттік жобаларды, шағын бағдарламаларды қолдасын деп, банктерге береді екенбіз. Ал банктер, керісінше, бірінші кезекте қарапайым тұтынушылардың қалтасын қағудан танбайды. Бұған қатысты мамандар «Банктер және банк қызметі туралы» заңының да солқылдақ тұстары көп екенін алға тартты. Мысалы, елімізде банктен қарыз алған адам бақилық болып кетсе, оның несиесін бала-шағасына қалдырып, заңды ұтымды пайдаланып отыр. Негізінде, көптеген елдерде мұндай саясат жоқ. Бұл ретте қаржыгер Арман Мусин «өлсең, несиеңді балаң төлейді» дейтін банктерге тыйым болуы керек екенін айтады.

– Дамыған және дамушы елдерде несие алушы жазатайым жағдайға ұрынса, сақтандыру компаниялары қарызын өтейді. Ал біздің банктер несие аларда сақтандыру қызметін мәжбүрлеп тұрып тұтынушыға ұсынады. Ол үшін төлем алады. Жазатайым жағдай болса, сақтандыру қызметінің толық несиені өтеп беретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Өзге елдерде қайтыс болған адамның несиесін «бала 18-ге толғанда төлейді» деп, кәмелет жасқа толмаған баласына жүктеп қою, артында қалған туыстарына төлету деген жоқ. Біздегі несие саясаты халыққа емес, банкке ғана тиімді, – деді қаржыгер.

Сақтандыру қызметі де ақсап тұр

Бұдан бөлек, қазір елдегі банктерде кез келген тұтынушыны «тонап алып», қоя беретін тағы бір тәсіл бар. Мәселен, тұтынушы несие аламын десе, несиесінен комиссиялық төлемді бір, сақтандыру компаниясы арқылы екі ұстайды. Сосын, тұтынушы қолына діттеген сомасын ала алмай дал болып қайтады. «Сақтандыру қызметі қымбат, мен басқаша сақтандырамын» десе, оны тыңдап жатқан ешкім жоқ.

– Әр мемлекет өзінің қаржылық саясатын оңтайлы жолға қойып, халқының әлеуетін көтеру үшін оған арнайы бір құрал-жабдық қажет. Мұндайда бірден-бір пайдаланатын құрал банк жүйесі екені белгілі. Ал біз осы саланы алдық та, жеке адамдардың қолына бердік. Ол жекешеленген банктер, әлбетте, халықтың мүддесін көздеген жоқ. Олар жекелеп баюды, ондағы басшылар өз қазыналарын қомақты етуді ғана ойлады. Осыдан барып халық пен банк арасындағы байланыс алшақтады. Оның нәтижесін бүгін өзіміз де көріп отырмыз. Рас, үкімет проблемалы, капиталы аз банктерді азайтуды жоспарлап отыр. Бұл да болса қысылтаяңнан жол тауып шығудың бір түрі. Өз басым бұл ретте елдегі банктердің деніне мемлекеттік бақылауды, заңды орындауға талапты күшейту қажет дер едім. Сонда тұтынушы тоналмас еді, – дейді Арман Мусин.

Тақырыпқа тұздық

Проблема бәрінде бар, үкімет оны шешуге асыға ма?!

Мамандардың айтуынша, проблемалық несие кез келген елдің банк жүйесінде бар. Бірақ оның пайыздық көрсеткіші белгіленген межеден асып кетпеуі керек. Бұл тұрғыда сала мамандары: «Проблемалық несиенің көрсеткіші 1-2 пайыздан аспаса, онда қауіп жоқ дер едік. Бізде бұл көрсеткіш 8 пайыздан асып тұр. Негізі, Ұлттық банктен қаржыны алғанда екінші

деңгейлі банктер 9 пайызбен алады. Ал өздері халыққа 20-22-28 пайызбен несие береді. Оның артында несиені қайтара алмай халық шырылдайды да, жағымсыз несие қоржыны көбейе береді. Сондықтан бұл арада халықтың жайына да қарау керек. Заңға өзгертулер енгізіп, қажетті талап қою керек. Үкімет осыны шешуі қажет», – деп отыр.

Несиеге қатысты өзге елдердің тәжірибесін сөз етсек, Түркия, Венгрия, Мажарстан, Әзірбайжан елдерінде несие алған адам мүлде жұмысқа жарамсыз болып қалса, мойнындағы несиесінің 40 пайызын жұмыс беруші өтейді, 60 пайызын сақтандыру компаниясы төлейді. Сол тәрізді несие алған адам бақилық болса, оның қарызы толық кешіріледі. Жұмысынан айырылса, әлеуметтік сақтандыру қоры көмекке келеді. Өкінішке қарай, біз мұндай жүйеге жете алмай отырмыз. Халық, расымен де, банктерге тоналып жатыр. Банктер қысылтаяң кезде үкіметтен көмек сұрайды. Оларды демеу үшін үкімет талай мәрте қолдау қаржы бөлді. Бірақ олар халыққа тиімді жұмыс жасап отырған жоқ. Сондықтан банктерге халыққа тиімді қызмет көрсетуге қатысты талапты төтесінен қоятын кезең әлдеқашан жетті. Ал, бірақ, үкімет оларға мұндай талап қоя ала ма, жоқ па, ол жағы тағы белгісіз.

Тегтер: