Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:33, 10 Тамыз 2023

Қарыздан қарызға дейін...

None
None

Өткенде Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматов  «7,9 млн қазақстандықтың несиесі бар.

Қарыздардың жалпы сомасы 15,5 трлн теңгені құрайды» деп мәлімдеді. Артынша Қаржы нарығын реттеу агенттігі «Қазақстандағы әрбір екінші борышкер қарызын кешіруді сұрап отыр» деген ақпарат тартатты.  

Таяуда сенатор Ғалиасқар Сарыбаев таратқан мәліметтер де бізді елең еткізбей қоймады. сенатордың дерегінше,  бұрын әскерде әлімжеттік жасайтындар әлсіз солдаттарды соққыға жығып, олардың үйлеріне хабарласып, туыстарынан ақша алғызуға мәжбүрлейтін. Қазір оның қажеті де болмай қалыпты. Зорлық көрсетіп, әлжуаз қаруластарының атына онлайн кредит рәсімдеуге мәжбүрлейді екен. Мойындарына бірнеше кредит артылғандары да бар көрінеді.

    Сарапшылардың пайымдауынша, әскерден бөлек, азаматтық өмірдегі қарапайым халықтың да күнделікті өмірі қарызбен өрілген. Несие алу  студенттерге, зейнеткерлерге, тіпті жұмыссыздарға да  оңай шаруа болып кетті. Отбасы мүшесінің әрқайсысында бірнеше  кредит бар. Олардың төлем қабілеттілігі де ешкімді алаңдатпайды. Халық ескі несиесін жабу үшін  қайтадан жаңа несие алып, қарыздан қарызға батып, ілдебайлап жүр. Мұны өмір сүру түгілі күнелту деп айту қиын. «Болашақта Ұлттық банк үкіметке халықты қарыздан шығаруға қатысты тиімді ұсыныстар айтпаса, мұның арты үлкен дағдарысқа апарады» дейді экономист-сарапшылар.

   Борышкерлердің жағдайы туралы біз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сұрау салдық. Агенттіктің берген мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылы – 42 925, ал 2022 жылы 35 337 жеке және заңды тұлғадан шағым түсіпті. Арыздардың 64,6 пайызы немесе 22,8 мың өтініш банк секторына тиесілі. 19,8 пайызы немесе 7 мыңы – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметіне қатысты. Өзге ұйымдардың, соның ішінде сақтандыру, коллекторлық және бағалы қағаздар нарығының еншісінде – 15,6 пайызы немесе 5,5 мың шағым. Арызданушылардың дені қарыз құрсауынан құтқаруды сұраған.

Сондай-ақ қаржы нарығын реттеу агенттігі банктер мен микроқаржы ұйымдарының қызметінен: заемшының борыш жүктемесінің коэффициентін қате есептеу, жасырын комиссияларын қосып жіберу, мемлекет бекіткен сыйақы ставкаларының шекті мәндерін бұзу және жылдық тиімді сыйақы ставкасын асырып жіберу, азаматтарға сыртынан жалған тұтынушылық кредиттер ресімдеу, түрлі жосықсыз әрекеттерге бару сияқты проблемаларды анықтаған.

Аталмыш агенттік өкілдерінің айтуынша, шамадан тыс қарыз алып, борышқа батқаны үшін азаматтарды айыптай беруге де болмайды. Баюдың жолына әбден түсіп алған қаржылық ұйымдар бүгінде халықты ашықтан-ашық алдауға көшкен. Тағы да Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратына сүйенетін болсақ, 2020 жылы 392 мың адам 90 күннен аса уақытта кредитін төлемеген, 2021 жылы бұл көрсеткіш 421 мың адамға, 2022 жылы 534 мың адамға жеткен. Ал «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-ның биылғы жылғы сәуір айында жүргізген статистикасына сүйенсек, 7,5 миллион қазақстандықтың қарызы өтелмеген, бұл елдегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызын құрайды.

  Сарапшылар «еліміздің Ұлттық банкі мұндай көрсеткіштерге бей-жай қарамауы керек, халықты қарызға батырмаудың жолдары әбден зерттелуі керек» деседі.

Тақырыпқа орай біз арнайы сауалдарымызды экономист-сарапшы Қуанышбек Дүйсеновке қойдық:

 – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегінше, қазір Қазақстанда әрбір екінші борышкер кредитін кешіруді сұрап отыр. Елде азаматтардың бейберекет қарыз алмауы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?!

– Жалпы, бейберекет қарыз алмауы үшін кешенді шаралар қолданылу керек деп есептеймін. Біріншіден, жұмыспен қамту және кірістің өсуін қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, адамдардың шынайы табысының төмендігі, кейбір ушыққан жағдайларда олардың нақты өмірлік қажетті заттарын несиеге алуға итермелейді. Негізгі қайтарылмай жатқан несиелерге қарасақ, көбісі аз соманы қамтиды. Яғни елдің кейбір азаматтары табысының төмендігі, олардың қарапайым қажеттіліктерін, мысалға, азық-түлік, киім-кешекті алу несиеге мұқтаж етеді. Сондықтан елдің нақты табысын арттырудың механизмдері қарастырылу керек. Жұмыс орындарының санын арттыру, олардың жалақысының мөлшерін көбейту секілді шаралар ел азаматтарының жоғарыда атап өтілген, төлей алмай жүрген 64 мың теңгеден аспайтын шағын қарыздарға жүгінбеу мүмкіндігін туындатады. Екіншіден, жыртқыш несие беру шараларын реттеу. Тым жоғары пайыздық мөлшерлемелер, жасырын комиссиялар және халықтың осал топтарына бағытталған агрессивті маркетинг сияқты жыртқыш несие беру тәжірибесін үкімет реттеуі қажет. Үшіншіден, қаржыландырудың балама ретінде дәстүрлі банктерге қарағанда жақсы шарттар мен пайызы төмен мөлшерлемелерді жиі ұсынатын несиелік серіктестіктер мен жергілікті қаржы институттарын қолдау және насихаттау. Төртіншіден, қаржылық сауаттылықты арттыру. Мектеп бағдарламасынан бастап, оқушыларға жеке бюджетті басқару, үнемдеу, инвестициялау, қарыздардың салдарын үйрету секілді базалық қаржылық құралдарды қолдануды оқыту қажет. Оның ішінде адамдарды күтпеген шығындарды жабу үшін резервтік қорларды құрудың маңыздылығы туралы хабардар ету науқандарын да қажет. Сонымен қатар ел азаматтары арасында қарыздан құтылу механизмдерін үйрететін мастер-кластар мен тегін оқу курстарын өткізу қажет.

 Сенаторлар бізде әскери борышын жаңадан өтеуге кеткен сарбаздарға несие алдыру фактілері кездесетінін айтып отыр. Бұған заңмен тоқтау салуға бола ма?

– Иә, әрине, заңмен тоқтатуға болады, егер арнайы заң қабылданса. Бұл бірінші ретте әскердегі әлімжеттікке қарсы шара ретінде ұсынылып жатыр. Алайда менің ойымша, бұл әскердегі әлімжеттіктің себептерімен емес, салдарымен күрес секілді. Себебі әлімжеттік арқылы ақшалай қысым осылай жасалса, онда несие ала-алмайтын борышкер, бәрібір басқа тұлғалардан ақша сұрауға мәжбүр болады.

Тегтер: