Қарызды көсіп алатын үкімет – халықты жарылқай ма?!
Сонымен, дүбірлеген дода сайлауды да өткіздік. Сайлау өте салысымен президент Қасым-Жомарт Тоқаев «үкімет тарқамайды, бірақ өзгерістер болады» деді.
Артынша, үкімет басшысы Әлихан Смайылов та алдағы жеті жыл бойынша үкіметке тапсырма берді. Ондағы негізгі міндет – Әділетті Қазақстан құру жолында халықтың мүддесіне сай күш біріктіріп, жұмыла еңбек ету. Бұған қатысты премьер-министр Смайылов «Әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған барлық стратегиялық құжаттың, бағдарламалар мен жобалардың нақты іске асуын қамтамасыз етуіміз керек» деді.
Сөйтіп, үкіметтің жоспары бойынша алдағы уақытта елде әжептәуір өзгерістер орын алып, халықтың тұрмысын оңалтуға қатысты іс-шаралар жүзеге аса бастайды. Тіпті халықты қысып, буып тастаған қымбатшылықтың да келер жылы тезге түсуі әбден мүмкін. Рас, мұндай болжамдарға біздің сенгіміз-ақ келеді. Алайда сала мамандары «үкіметке ең алдымен шындыққа тура қарап үйрену керек» деседі.
Мамандардың пайымдауынша, таяу болашақта үкімет алдағы ең алдымен сыртқы қарыздан құтылу жайын салмақтап шешуге кіріскен абзал.
Жалпы, деректерге жүгінсек, алдағы бес жылда біздің мемлекеттік қарыз бойынша сыйақы үш есеге өседі. Соңғы үш жылда мемлекеттік қарыз 6 млрд долларға артып, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 165 млрд доллардан асқан. Осылайша үкіметтің қарызы қазірдің өзінде 20 трлн теңгеге жетті. Ол аздай, 2023 жылы бұл сома тағы 3,2 трлн теңгеге артады. «Ал бұл қазірдің өзінде елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатысты мәселе» деседі мамандар.
Жуырда бұл мәселе сенаттың жалпы отырысында да көтерілді. Осыған байланысты сенатор Еділ Мамытбеков қаржы министріне: «Мемлекеттік, жалпы сыртқы борышты басқару бойынша болжамдық және талдамалық зерттеулер жүргізілді ме? Ұлттық экономика министрлігі және қаржы министрлігі қарыз алуға қатысты шектеу шараларын іс жүзінде қаншалықты сақтайды» деп сауал тастады. Әрине, өз кезегінде сенатордың сауалына Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «Сырттан несие алғанда олардың барлығы жеткілікті түрде талдау мен сараптамадан өтеді. Бұл кепілдендірілген, жеңілдетілген несиелер, сондықтан мұнда қойылатын талаптар жоғары», – деп жауап берді.
Артынша сенат халықаралық банктен тағы да 345 млн еуро қарыз алу туралы заңды бірауыздан мақұлдады. Министрлердің есебінше, бұл несие толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталмақ.
Негізінде, ойлап қарасақ, біз осы уақытқа дейін де бюджеттегі «дефицитті» толықтыру үшін біршама қарыздандық. Бірақ қарызданып, қауғаланып алған сол қаражатты мақсатсыз пайдалану да елде жыл сайын орын алып отырған жайт. Осы орайда, заңгер Әрсен Ибрагимов:
– Заң солқылдақ болғаннан кейін бюджеттің қаражаты мақсатсыз, тиімсіз жұмсалады. Бұл дерттің емі – мықты заң. Бізде ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды басқаратын топ-менеджерлер компанияның қыруар шығынына қарамастан, өздеріне миллиондап сыйақы жаздырады. Осындай әрекеттерге тұсау салатын мықты заң болмай, бұл мәселе шешімін таппайды, – дейді.
Маманның айтуынша, Еуропада мұндай жайттар қызу талқыға түседі. Тіпті батыстан бөлек, көршілес ТМД елдері қазір қиындықтан шығу үшін қанша қаражат керек екенін, қандай сәтті қадамдар елді тығырықтан шығара алатынын, бюджет қаражатын заңсыз жұмсау фактілеріне қатысты қандай заң қажеттігін жіктеп жатқан тұс. Ал бізде заңның әлсіздігі соншалықты, тіпті ұлттық компаниялардың топ-менеджерлері СПА мен фитнеске мемлекет қазынасынан миллиондаған қаражат жұмсай бастаған.
– Ұлттық компаниялардың, олардың «еншілестерінің», әкімдіктер жанындағы түрлі ЖШС-лар мен РМК-ның бюджеті барынша ашық болуға тиіс. Мысалы, «бізде мемлекеттік кәсіпорын салық төлеушілердің ақшасынан өз менеджерлеріне фитнес пен СПА-ға 40 миллион теңге төлейді» деген деректер кездесті. Мұны депутаттар кезінде мәжілісте де көтерді. Бұл тек жұртқа мәлім фактілер ғана. Ал мәлім емесі қаншама?! –дейді заңгер.
Жалпы, сарапшылардың есебінше, Қазақстан болашақта өзін дамыған елдердің санатына қосу үшін қазіргі әлеуметіне көрсетіліп отырған атаулы әлеуметтік көмек түрін бес есеге арттыруы қажет. Бұған қоса, бюджеттен бөлінетін қаражаттың орынды жұмсалуын бақылауды 20 есеге арттыру қажет. Сондай-ақ бюджет қаражатын оңды-солды шашып, араны әбден ашылған шенділер де тезірек ес жинап, Қазақстан барынша қарызданбауға тырысуы қажет. Олай етпесек, қарызды көсіп алатын үкіметтің халықты жарылқай қоюы да екіталай. Бастысы болашақта үкімет «қарыз қатынас бұзады» деген халықтық нақылды жадында ұстаса жөн болар еді...