Қарызға батпақтап тұрып баттық...
Сәуір айында Қазақстанның мемлекеттік борышы 23 трлн 30 млрд теңге болатын.
Шілдедегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш 23 трлн 172 млрд теңгеге жетіпті. Осылайша елдің мемлекеттік қарызына екі айда 141 3, млрд теңге қосылған. Мұның ішінде Қазақстан үкіметінің ішкі қарызы 152 млрд теңгеге азайса, сыртқы қарызы 302,3 млрд теңгеге көбейген. Мемлекет кепілдік берген борыштың мөлшері 28 млрд 608,3 млн теңге күйінде өзгеріссіз қалған. Қазақстан үкіметінің, әсіресе, Азия даму банкінен (+3,7 млрд теңге), Еуропа қайта құру және даму банкінен (+492,4 млн теңге), Ислам даму банкінен (+89,5 млн теңге), Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінен (+7,4 млрд теңге) алған, Еурооблигация (+47,1 млрд теңге) және Ресей нарығындағы мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен алынған қарызы (+249,2 млрд теңге) елеулі мөлшерде өскен.
Ал Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінен алған қарызымыз сәуір айынан бері 40 млрд 970 млн 663 мың теңгеге жеткен. Бұл екі ай бұрынғы көрсеткіштен 995 млн теңгеге көп. Доллармен есептесек, қарыз өсімі 1,5 млн доллардан асады. Осылайша мемлекеттік қарыз өсіп жатыр.
Сала мамандарының айтуынша, Қазақстан қарыздан шыға алмайтындай борышқа батпақтап тұрып батты. Экономист-сарапшы Меруерт Молдабаеваның айтуынша, қарызға бату құбылысынан әзірге Қазақстанның шыға қоюы екіталай.
– Мемлекеттік қарызға белшеден баттық. Сонда мұнайдан түскен валюталық кіріс қайда, экспорттан түсетін валюталық түсіммен қарыз неге ақырындап өтеле бермейді? Күні ертең аспанасты елі «қарызымды қайтар» десе, оны немен өтейміз? Себебі біз қазір жердің асты-үстіндегі байлықты жекеменшікке сатып болдық. Инновациялық даму деген атымен жоқ. Сонда қыруар қарызды мемлекет қалай өтейді? Біз нақ қазір осы мәселе жөнінде толғануымыз керек, – дейді экономист-сарапшы.
Сарапшының пайымдауынша, бізге Қытай қаражат береді деп, арқаны кеңге салуға болмайды. Өйткені қазір Қытай үкіметі ішкі нарығындағы жұмыссыздар санын азайту үшін әрі аймақтық қуатын арттыру мақсатында өз азаматтарының шетелде жұмыс істеуіне жағдай жасап жатыр. Мысалы, 8 триллион доллар капиталы бар «Бір белдеу – бір жол» инфрақұрылымдық жобасы осы мақсатты жүзеге асыру үшін іске қосылған. Қытайдың миллиондаған азаматы аталмыш инвестициялық жобаның арқасында әлемнің 68 еліне ашық түрде жұмыс істеуге бару мүмкіндігін алып отыр. Міне, осы жоба арқылы ғана Қытай әлемді билеп-төстеуді ойластыруда.
– Біздің атқарушы биліктегілер бұл жобаның тереңіне үңілместен Қытайдан қарыз ала бастады. Қазақстан аумағына Қытай елі жалпы құны 24,5 миллиард долларды құрайтын 56 кәсіпорын салатыны туралы мәселе 2019 жылдан бері қозғалып келеді. Негізінде, Қытай үкіметі инвестициялық ұсыныс жасаған кезде құрылыс жұмыстарын да қытайлық құрылыс компаниясының жүргізуін талап етеді. Нәтижесінде біздің нарыққа келген капитал Қытайдың құрылыс компаниясы мен жұмысшыларына төленеді. Осы әдіспен елге құйылған қаржының басым бөлігі Қытай нарығына кері қайтарылады. Демек, бұл арада мұндай жобалар Қытай елінің ғана пайдасына шешіледі, – дейді Меруерт Молдабаева.
Мамандар алға тартып отырғандай, Қытаймен келісімге келгенде аса абай болғанымыз жөн еді. Бірақ атқарушы биліктегілер осы мәселеге аса мән бермей ме, әйтеуір, «Бір белдеу – бір жол» жобасының мақтауын асырып, аспанасты елімен жасалған келісімге асқақ арманмен қарайды. Тіпті бұл арада халықтың наразылығы да ескеріле бермейді. Қазір қарапайым халық арасында «бір ғана Қытайдан алған қарыз ұрпағымызға қамыт болмай ма» деген пікірлер өте көп. Бірақ мұны естіп жатқан біздің шенділер жоқ.
Жалпы, қарызға батқан елдердің арасында таулы аймағын беріп қарыздан құтылған, жерінің бір бөлігін беріп, борышын өтеп жатқан мемлекеттердің барын ескерсек, расымен де, бізге таяу болашақта сыртқы қарыздан құтылу жөнінде толымды шешімдер қабылдау керегі даусыз. Тіпті бүгінде қоғамда «Қытай қарызының қайтарымы ретінде жерімізді беріп жүрмейік» деген үрей де жоқ емес. Қарыз қамытының арты қиынға соғатынын сарапшылар айтудай-ақ айтып жүр. Десе де, біздің үкімет оптимистік болжамдар айтудан бір танбайды. Мысалы, бұған қатысты ұлттық экономика министрлігінің есебінше, биыл елде ЖІӨ құлдырағанымен, макроэкономикалық дамуымызда мін жоқ.
Ал елдегі жағдай, шынтуайтында, солай ма? Қарыштап дамып жатсақ, неге мойындағы қарыздың жүгі азаймайды? Бұған қатысты қаржыгер Арман Мусин:
– Қазір тек мемлекет қана қарыз емес, елде жекелеген адамдардың банктерге қарызы да өсім беріп отыр. Банктердегі жағымсыз несие қоржыны да өсіп кетті. Еңбекке қабілетті адамдардың мойнында бірнеше несиесі бар. Бұл экономиканың өскенін көрсетпейді. Сондықтан өтірікті қою керек. Біз қарызға баттық. Экономика минуста. Демек, үкімет нақты секторларды реформалауға кіріскені жөн, – дейді.
Сарапшылардың пайымдауынша, нақ қазір үкіметтің құрылымдық өзгерістер деген дүниенің мәнін ұғынғаны абзал. Үкіметбасының орынбасарлары, ұлттық экономика министрлігі, сауда және интеграция министрлігі, қаржы министрлігі өте шапшаң қимылдап, үкіметке, президентке ұтымды ұсыныстар айта білуі тиіс.
Бірақ олар ұтымды ұсыныс айта ма, әлде жалған статистикаларын тізіп, қалыптасқан жайтқа көз жұмып жүре бере ме?! Мұны алдағы уақытта көре жатармыз. Нақ қазір біздің көріп отырғанымыз – атқарушы билік пен халық арасында үндестіктің жоқтығы. Халық өз мұңымен, шенеуніктер өз сән-салтанатымен тірлік кешіп әлек. Мысалы, тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да, қарапайым халық арасында 30 шаршы метр құрқылтайдың ұясындай баспанаға зар болып жүргендер жетіп-артылады. Ал сол елдің мұқтажын ойлауы тиіс үкіметте отырған мемлекеттік қызметкерлерге, керісінше, шетелден зәулім үй сатып алу түк емес. Бір ғана мемлекеттік қызметкердің жалақысымен олар қалай қымбат көлік, әсем баспана алып жатыр? Ол жайында әңгіме тіптен басқа. Бұдан бөлек, қарапайым халық азық-түліктің қымбаттығын айтып налыса, шенеуніктер офшордағы ақшасын санап уайымдайды. Осыған қарап-ақ Қазақ елінің байлығы кімге қызмет етіп жатқанын түсінуге болады.
Қазақта «Қарызға ет жесең сүйегіңді жыртар» деген сөз бар. Әлгі елдің байлығын шашып, өздері ғана қызығын көріп жүрген шенеуніктер бір мезгіл болашақ ұрпақтың несібесін ұрлап жатқанын түсінер ме екен?! Әлде олар ұялмас бетке талмас жақ беретіні тәрізді «бізде бәрі тамаша» деген әдеттерінен жаңылмай, халықты алдап, асарын асап, жасарын жасап жүре бере ме?!