Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:24, 13 Шілде 2022

Қарызсыз күн көре алмайтын Қазақстан...

None
None

Қазақстан Дүниежүзілік банкке қарайтын Халықаралық қайта құру және даму банкінен тағы да 346 млн еуро қарыз алуда.

«Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз алу (жеке секторға негізделген даму саясатын қаржыландыру және экономиканы тұрақты қалпына келтіруге бағытталған) жайлы ұсынылған келісім жобасы мақұлдансын» деп жазылған президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығында.

Мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойып, құжат заңды күшіне енген. Демек қарыз үстіне қарыз жамап, тағы «қораға» кірдік. Келісімде банктің қарыз берушіге 345,7 миллион еуро қаражат беруге келіскені, аталған сома кезең сайын валюта бағамына сай конвертациялануы мүмкін екені жазылған. Қарыз комиссиясы несие көлемінің 0,25 процентін құрайды. Еліміз 2033 жылдың 15 сәуіріне дейін барлық қарызды өтеп бітуі тиіс.

Еске сала кетсек, 2020 жылы Қазақстан халықаралық қаржы ұйымдарынан коронавируспен күреске деп екі млрд доллардан астам қаражат алған болатын. Оның басым бөлігі Азия даму банкінен алынған. Ал 2022 жылдың 1 қаңтар күнгі мәлімет бойынша, Қазақстанның сыртқы қарыз көлемі 165,1 млрд долларға жеткен. Және бір жыл ішінде көрсеткіш 0,3 пайызға артқаны байқалған.

Жалпы еліміздің сыртқа берешек қарыз көлемі жыл өткен сайын артып барады. Халқымыз да жыл өткен сайын кедейленіп, ал еліміз қайыршыдай жыл сайын жан жағынан қарыз алуда. Осыншалықты сорлайтын жөніміз бар ма еді?!

Осыдан соң «жеріміздің қойны жерасты қазба байлығына толы, Менделеев кестесіндегі 110 элементтің 99-ы анықталып, 70-і барланып, 60-ы өндіріледі. Кеңес елі тарағанда, біздің жерде хром кенінің әлемдегі 90%, бариттің 82%, фосфориттің 65%, вольфрамның 38%, қорғасын мен цинктің 33%, мыстың 26% қоры қалған еді. Біз әлемде мұнай, газ, титан, қалайы, уран, алтын, т.с.с. қазба байлығы бойынша бай елдің біріміз. Қазба байлығы жөнінен әлемде бесінші орында тұрмыз» деген секілді сөздердің мәні бар ма? Халыққа көк тиын пайдасы жоқ жерасты қазба байлығынан не пайда?! Осы байлықтың барлығы санаулы байға қызмет етіп, ал қара халық саусағын сорған кедейдің күнін көріп отыр. Қос бүйірден қысқан қымбатшылық та халықтың әлеуметтік жағдайын тіпті тұралатып тұр.

Ел басына күн туса, шетелде қос-қостан үйі бар байшыкештер көше жоғалып, қарыз арқалаған Қазақстанда тұрмысы төмен қара халық қана қалатыны өкінішті. Сондықтан сырттан алынған қарыз да, қымбатшылық та ең алдымен қара халықтың ғана жанына батады...

Тегтер: