Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:32, 07 Қыркүйек 2023

Қарызсыз қоғам: Қаржыны басқару негіздері

None
None

Қаржылық сауаттылықты меңгеру – нарықтық экономикаға бағытталған әрбір зайырлы мемлекет азаматының міндеті.

Өйткені ел дамуы осы қаржы сауаттылығына келіп тіреледі. Қазақстан азаматтары осы межені бағындырса, елдің экономикасын көтеріп қана қоймай, кедейлік коэффициентінің төмендеуіне үлкен ықпал жасайтын еді. Сондықтан осы салаға назар салу керектігі тежемелі мәселеге айналып отыр.

Мәселе деуіміздің қисыны жоқ емес. Бір ғана мысал – қаржы пирамидасы. Қаншама адам осы жүгенсіз жүйенің құрбаны болды. Біреу соңғы тиынын салса, бірі тіпті атына несие шығарып, сол құрылымның құрсауына түсті. Бұл елімізде қаржылық сауаттылықтың жоқтығы мен төменділігін  бізге айқын көрсетті.

Осы тұрғыда мемлекет күн тәртібіндегі негізгі мәселелер қатарына қаржы сауаттылығын арттыруды қосты. Соңғы 5 жылдан бері саладағы ілкімді істер саны да артып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 2,82%-ға артқанын айтады. Мәселен, 2018 жылы қаржылық сауат деңгейі 36,25% болған болса, 2020 жылы 39,07%-ды, ал 2022 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес, 40,12%-ға жеткен. Агенттіктің болжамынша, 2024 жылы бұл көрсеткіш 41%-ды толық құрамақ.

Сауаттылықты арттыру бөлімі бойынша, соңғы жолдауында Президент үкіметке AMANAT партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтыратын жағдайлардың алдын алып, халықтың қаржы сауатын арттыру маңызды екенін айтып өткен еді. Осыған орай, жыл өткен сайын қаржылық сауатты арттыру мен меншікті қаражатты басқаруды үйрену мемлекет экономикасы үшін үлкен маңызға ие болып отыр.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зерттеулеріне сәйкес қаржылық сауаттылық деңгейі еліміздің әр өңірінде әртүрлі дәрежеде екені анықталған. Меншікті қаржы қаражатын басқару өңірлер бойынша бұл көрсеткіштің ең жоғары деңгейі – Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қостанай және Қызылорда облыстарында тіркелген. Өз қаражатын басқарудың орташа дағдыларына Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары ие болған. Қаржылық қызметтерді пайдалана білу бойынша да неғұрлым жоғары деңгей Астана және Алматы қалаларында, сондай-ақ Алматы, Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарында байқалады. Ең төмен көрсеткіш – Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Жамбыл облыстарында тіркелген. Қаржы жүйесі туралы да Алматы, Шымкент және Астана қалаларының және Алматы, Түркістан, Ақмола облыстары сияқты өңірлердің тұрғындары неғұрлым ақпараттандырылған болып табылды. Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары хабардар етілу деңгейі өкінішке қарай төмен болып шыққан.

Жалпы, елдің қаржылық сауатын арттыру жоғарыда айтқандай, мемлекет үшін маңызды тетік болып қала бермек. Бұл мәселені мемлекет немесе халық деп бөлмей, екі жақ күш жұмылдыра отырып уақыт арнасымен санаса отырып шешуі керек.

Тегтер: