Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 22 Тамыз 2023

Қаржыға қасаң қағидалар жүрмейді

None
None

«Ақша қолдың кірі» деген қағидадан алшақ болу керек. Қаржылық сауатымызды ашу өзімізге байланысты.

Интернеттің қолжетімділігінің арқасында қаржы туралы көкжиегімізді кеңейтуге мүмкіндік зор. Ақша есепті жақсы көреді деген бар. Қалтаңыздағы қаржының есебін біліп, сауатты жұмсауды үйренген жөн дейді қаржы мамандар.

Ал статистикалық деректерде еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі соңғы үш жыл көлемінде елдегі қаржылық сауаттылық деңгейі 2,82%-ға артқанын айтады. Мамандардың зерттеуі бойынша 2024 жылы бұл көрсеткіш 41%-ға дейін көтеріледі деген болжам бар. 

Ал экономист сарапшы М. Халықтың пікірінше, ақшаны саналы түрде жұмсай білуді, ақшаға деген қарым қатынасты дұрыстау керек екенін, бала кезден бойға сіңген «ақша қолдың кірі» деген қасаң қағиданы өзгертпейінше жағдай түзелмейтінін айтады.

Оның сөзінше «Ақша – жалпыға бірдей құн рөлін атқаратын ерекше тауар. Оның ерекшелігі кез келген тауар құндылығын бойына сыйдыра алады. Ең алдымен, ақшаға деген дұрыс қарым-қатынасты түзеуіміз қажет. Бізде ақшаға көзқарас дұрыс емес. Балаға тәрбие беру кезінде «ақша — қолдың кірі», «дүниеқоңыз болып кетіпті» дегендей сөздер көп айтылады. Осы тұста ақшамен қарым-қатынас құру кезінде балаларды алшақтатып алатын секілдіміз. Сондықтан бұл процесс саналы түрде сапалы жүргізілуі керек. Адам өзінің пұлын орнымен, ақыл-парасатымен жұмсай алса, оның несі жаман?! Бауырларыңызға, достарыңызға көмектесе алсаңыз, бұл жақсы емес пе?! Сондықтан біздің азаматтарымыз бай-дәулетті болуға ұмтылуы керек», – дейді қаржыгер.

Әрбір азамат «депозиттің қандай түрлері бар, қай банктен депозит ашқан дұрыс, ондағы кепілдендіру қоры деген не, қанша миллион теңгеге дейін кепілдік береді, қай банк сенімді?» деген сұрақтарға жауап бере алғанын қалайды. Саналы түрде табысыңыздың белгілі бір бөлігін жинауға дағдылансаңыз, ол үшін қазір мүмкіндіктердің көп екенін, банктердегі депозиттердің сізге тиімді жағын есептеп, өсім пайызын ескере отырып, салымшы болуды әдетке айналдыруды еске салады.

«Біз несиелік қаруды қолданамыз. Бүгінде несиесі жоқ адам қалмаған шығар. Несиені де тиімді алу жолдары бар. Банк берді екен деп, әр парағына ойланбастан қол қоя бергеннен не ұтасыз? Сондықтан депозит таңдай білу, қарапайым несиені рәсімдей білу де – қаржылық сауаттылықтың белгісі», – дейді ол.

Иә, мамандардың кеңестеріне құлақ салу керек. Өйткені қанша жерден өз қалтамызға өзіміз қожайын болғанымен, біз түсіне бермейтін, қаржы несиесі мен депозиттерге қатысты банк жағынан болсын, депозит сияқты түрлі ақша процестерінде қитұрқы тәсілдер көп. Оны қаржы саласының майын ішкен майталмандары ғана жілігін шағып, түсіндіріп беретіні айдан анық. Сондықтан ондай қадамға бармай тұрып, қаржы сауаты жоғары маманға жүгінген абзал.

Тегтер: