Қаржылық сауаттылық мектептен басталады

2020 жылы 30 мамырда «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілген болатын.
Тұжырымдама негізінде әртүрлі бағдарламалар бастау алып, нәтижесін де беруде. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есебіне сүйенсек, 2020-2022 жылдар аралығында Қазақстанда қаржылық сауаттылық деңгейі 40,2 пайызға дейін өскен. Халықтың төлемдер жасауы, жеке немесе отбасылық бюджетті жоспарлауы, ай сайынғы шығыннан бөлек, қор жинауға жауапкершілігі артқан.
Әрі тұтынушылық несиелер бойынша қарызды қайта құрылымдауға жәрдемдесу мен олардың борыш жүктемесін төмендету шаралары бойынша түскен өтініштер саны да айтарлықтай азайған көрінеді. Аталмыш агенттік 2023 жылдың шілде айына дейін банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 4193 өтінішін қараған. Бұл бұрынғымен салыстырғанда 16 пайызға аз. Мұның өзі халық арасындағы қаржылық сауаттылық деңгейінің артып келе жатқанын көрсетеді.
– Қаржылық сауаттылық деген ең алдымен өз бюджетіңді, кірістер мен шығыстарды басқара алу қабілеті. Яғни күнделікті қаржылық процестерді жоспарлау мен бақылай алу. Жеке қаржылық есеп жүргізу дағдысы да сауаттылықтың белгісі. Одан бөлек, қазіргі таңда есептесудің басым бөлігі банктегі аударымдар мен мобильді қосымшалар арқылы жүргізілетіндіктен, техникалық сауаттылық та өте маңызды. Ал несие, депозит, ипотека, мүлікті кепілге қою, үлкен сомаға келісімдер жасау барысында өз құқығыңды білу және оны құжаттар арқылы дұрыс, қатесіз рәсімдей алу, өзіңді сақтандыру қабілетінің қажет екені айтпаса да белгілі, – дейді экономист Сапар Ауғанбаев.
Алайда осының бәріне қарамастан, алаяқтық фактілері тыйылмай тұр. Әсіресе телефон арқылы жасалатын, ғаламтордағы алдап-арбау көп. Оның ішінде қаржы пирамидалары мен желілердегі күмәнді маркетингтің құрбандары енді ғана сиреп келеді. Яғни қоғамдағы қаржылық сауаттылық деңгейін жетілдіру мәселесі әлі де маңызды.
– Елімізде қаржы пирамидасын құру және жарнамалау заңмен шектелген. Қылмыстық кодекстің 217-бабы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырады. Ал оны жарнамалау бұрындары әкімшілік құқықбұзушылықтар ретінде қаралатын, айыппұл салынатын. Одан соң қаржылық пирамиданы жарнамалауға қатысты жаңа заң жобасы мақұлданды да, енді ол қылмыстық кодекспен қаралады. Адамдарды жеке және тікелей, оның ішінде электрондық ақпараттық ресурстар арқылы таратқаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу әлеуметтік шиеленістерді төмендетеді. Алайда жазаны күшейтуден бөлек, құқықтық, қаржылық сауаттылықты да арттыру керек, – дейді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.
Соңғы уақытта осы мәселені шешу үшін орта мектептерде арнайы пән енгізу туралы көп айтылып жүр. Жоғары сынып оқушыларында қаржылық білім базасын қалыптастыруға бағытталған пән немесе факультативтік сабақ енгізу қажет деген пікір қолдау тапты да. 2022-2023 оқу жылынан бастап мектеп бағдарламасына факультатив форматындағы «Жаһандық құзыреттілік» пәні қосылды. Курстың бүтін бір модулі «Қаржылық сауаттылық және кәсіпкерлік негіздері» тақырыбына арналған. Алдағы уақытта қаржылық сауаттылықты толыққанды пән ретінде енгізу жағы да талқылану үстінде.