Қаржылық сауаттылық: төрт бағытта дамымақ

Былтыр елімізде өткен қаржы мамандарының басқосуында қаржы секторын дамыту жайы талқыға түсіп, еліміздің білікті қаржыгерлерінің, шетелдік қаржы саласының сарапшы мамандарының қатысуымен Қазақстанның қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі Тұжырымдамасының жобасын таныстырылды.
Бұл Тұжырымдама аясында қаржы нарығына егжей-тегжейлі талдау жасалды. Елімізде соңғы 5 жылда қаржы жүйесінің жиынтық активтері 74,5%-ға өсіп, 44,3 триллион теңгеге жеткені анық болды. Бұл ЖІӨ-нің 54,5%-ын құрайды, яғни экономикалық дамуы ұқсас кезеңдеріндегі елдердің көрсеткіштерінен айтарлықтай төмен.
Соңғы 5 жыл ішінде қаржы саласының барлық секторларында тұрақты өсім болды. Банк секторында 7 триллион теңгеге жуық проблемалық кредиттердің есептен шығарылуына қарамастан, кредиттік портфель 46%-ға өсіп, 18,5 триллион теңгеге жетті, бұл ЖІӨ-нің 22,5%-ын құрайды.
Сақтандыру ұйымдарының активтері 5 жылда екі есеге, 1,8 триллион теңгеге дейін өсті, ЖІӨ-нің 2,3%-ына жетті. Мұны сақтандыру сыйлықақылары көлемінің өсуімен байланыстыруға болады.
Қор нарығында капиталдандыру 5 жыл ішінде 70%-ға ұлғайып, ЖІӨ-ге қатысты 44,2 триллион теңгені немесе 53,8%-ды құрады. Капиталдандыру құрылымында 65% акцияларға, 35% облигацияларға тиесілі. Елімізде шағын және орта бизнесті қаржыландыруда микроқаржы секторы маңызды рөл атқаруда екені белгілі.
Тұжырымдаманың мақсаты және дамудың стратегиялық бағыттарына тоқталар болсақ, басты мақсаты – Қазақстанның тұрақты және инклюзивті экономикалық өсуіне және халықтың әл-ауқатын жақсартуға айтарлықтай үлес қосуды қамтамасыз ететін халықаралық кеңістікке интеграцияланған, тұрақты және бәсекеге қабілетті қаржы нарығын қалыптастыру. Тұжырымдама дағдарысқа қарсы реттеуден қаржы нарығын орнықты дамытуға өтуді көздейді.
Тұжырымдама мақсатына қол жеткізу қаржы нарығын дамытудың 5 негізгі қағидаты бойынша айқындалды. Бірінші – қаржы секторын дамытудың экономикалық өсуге оң әсерін қамтамасыз ету. Екінші – қаржылық технологияларды дамыту және инновациялық өнімдер мен қызметтерді енгізу үшін жағдай жасау. Үшінші – қаржы институттары қызметінің орнықтылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағдарланған қаржылық тұрақтылықты қолдау. Төртінші – бәсекелестікті дамыту және барлық қаржы ұйымдары үшін қызметтің тең жағдайларын жасау. Бесінші – қаржылық инклюзияны арттыру және барлық тұтынушылар үшін қаржы өнімдері мен қызметтеріне қол жеткізудің тең жағдайларын ұсыну.