Қашқындарды жөнсіз қабылдау – ақылға сыймайды...
Ресей мен Украина соғысы басталғалы елімізге 1 жарым миллионнан астам ресейліктер келіп үлгеріпті.
Путиннің мобилизациясынан кейін Мәскеу түп-қотарылып жатыр. Шекарада ұзынсонар кезек. Қазақстан шекарасын айқара ашып, қашқындарды қабылдауда. Бұл «кеңқолтық» саясаттың соңы не болуы мүмкін? Қазақ қоғамында үрей басым. Ашық әңгімеге «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы, қоғам қайраткері, Дос Көшімді шақырдық.
– Дос аға, әңгімені неден бастағалы отырғанымды іштей сезген шығарсыз. Путиннің Ресейде ішінара мобилизация жариялауы – үлкен сеңді қозғады. Ресейліктер Қазақстанға қарай қаптап келіп жатыр. Шекарамызды ашып бердік. Бұл қалай? Кімдер келіп жатыр, қанша уақыт тұрады, мұнда не істейді? Халық бейхабар. Ресми мәлімет те мардымсыз...
–Бұл – ешкім күтпеген басқыншылық соғыс, әлемге де, бізге де сан түрлі күтпеген күрделі мәселелер туғызды. Путиннің қандас та, тілдес де, діндес те бауырларына қарсы ашқан соғысы. Ең біріншіден, Ресей халқына ауыр нәубет болып тиіп отыр. Диктаторды лақтырып тастауға күштері жетпей, оның қоластында өмір сүруге жүректері дауаламаған орыстардың бір бөлігі отандарын тастап, босып жатыр. Басқа елге соғыс ашқан алпауыт елден өздерінің азаматтары қашып жатыр. Миға симайтын мәселе. Өткенде ғана украин армиясынан оңбай таяқ жеген Ресей билігі «арнайы операция» деген жамылғыны сырып тастап, «ішнара момилизация» жариялады. Жариялауға мәжбүр болды. Украинаға бағытталған бұл қадамның жалыны біздің елді де шарпып кеткенін көріп отырмыз. Орыстардың өз отанынан қашуы (осы сөз дұрыс сияқты) екі есе көбейді. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі Қазақ еліне атбасын бұрды.
Айта кету керек, бұл қашқындардың сипаты бөлек… Олар шатырлар тігілген, сырты тікенек сыммен қоршалған, халықаралық қайырымдылық қорының қамқорлығына алынған «босқындар лагеріне» барып тұрақтайтын адамдар емес. Олар соғыс аяқталғанша басқа елде тұра тұрайын деген қаржылары да бар, мүмкіндіктері де жеткілікті жандар. Ресей тарихында мұндай жағдайлар да болған. Азамат соғысы кезінде Еуропа елдеріне сан мыңдаған буржуазия өкілдері – ғалымдар, дворяндар, әскери элита, жазушылар мен әртістердің кеткенін білеміз. Олардың басым көпшілігі Парижде, Берлин мен Лондонда қалды, енді бір бөлігі мұхит асып, Америкаға жол тартты. Олар барған жерлерінің тілін үйреніп, тарихы мен мәдениетін мойындап, азаматтығын алып, сол мемлекеттің патриоты болып қалды. Ал қазіргі «үдере көшудің» жағдайы мүлдем бөлек. Олардың көпшілігі біздің елде қанша тұратынын, не істейтінін білмейтін де сияқты. Олар бізге кірігіп кетеді деп айтуға аузым бармайды. Біріншіден, орыстар өздерін әрқашан біздерден жоғары санаған империялық ұлт өкілдері болса, екіншіден, кеңестік психологияның салдарынан «екінші сортты» болып саналатын қазақ ұлтының тілі, діні, ділін қабылдау – олар үшін утопия болып табылады. Қысқасы, біздерге миллионға жуық «бөтендер» келді...
Айтпақшы, біздің шекарамыз баяғыдан айқара ашық болатын. Басқа елдер сияқты, болашақ біздің елімізде тұруға (уақытша не ұзақ уақытқа) ниет еткен азаматтарға өздерінің шартын қою, талаптарды ұсыну – біздің биліктің миына сыймайтын мәселе болып қалды.
–Мәулен Әшімбаев ресейліктерді елге кіргізбеуге ешқандай құқығымыздың жоқтығын, келуге ешқандай кедергі болмайтынын айтты. Қазақстан бұл көштен қандай зардаптар шегуі мүмкін? Мысалы, басқасын айтпағанда, қазірдің өзінде 1 бөлмелі пәтерді 1 күнге жалдаудың құны 400-500 мың теңгеге көтерілген...
–Міне, сондықтан да Мәулен Әшімбаев айтқандай, ресейліктерді елге кіргізбеуге ешқандай кедергіміз жоқ. Тағы да бес-алты миллион адам келуі мүмкін дейді. Келе берсін, бізде ешқандай кедергі жоқ! Бұл – біздің мемлекеттің ұстанымы. Халықтың емес, биліктің ұстанымы. Әлемдегі өркениетті елдер соғыс өртінен, ажал мен азаптан қашқан халыққа, украиндықтарға, бар көмектерін көрсетіп жатқанда, Қазақ елінің Ресей азаматтарын бір ауыз сөзсіз қабылдауы – мен үшін, ақылға симайтын мәселе. Әлемдегі мемлекеттердің барлығында басқа елдерден келгендердің азаматтық алуының, уақытша тұруларының нақты шарттары бар. Бұл – мемлекеттік қауіпсіздіктің шарттары. Өкінішке қарай, біздерде соның бірде біреуі жоқ. Ең басты шарттардың бірі – сол мемлекеттің тілін меңгеру талабын енгізу мәселесін осыдан 10 жыл бұрын қойған болатынбыз. Билік оны да қабылдамады. Естуімше, осы талапқа сол уақыттағы «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин қарсы болыпты. Мәуленнің айтқаны дұрыс: бізде өзге елдерден келген азаматтарға «шаңыраққа қара» деп айтатын бірде бір заң бабы жоқ. Ал егер Еуроазиялық одаққа мүше елдерден келген азаматтарды алсақ, олардың құқықтары мен еркіндіктері біздерден артық болмаса, кем емес.
Енді бұл «Алқакөл сұламаның» Қазақ еліне қандай зардаптар алып келуі мүмкін деген сұраққа көшейік. Біріншіден, баға көтеріледі. Егер Ресейден келгендердің қаржылық мүмкіндігі бізден жоғары екендігін ескерсек, сұраныс пен ұсыныс арасында өзгеріс болатыны анық. Сұраныс көбейген сайын ұсыныстың бағасы көтеріледі. Екіншіден, уақытша келгендердің басым көпшілігі біздердің жұмысқа тұра бастағанын есімізден шығармайық. Бұл – қарапайым бәсекелестік. Әрине, бәсекелестік – жақсы мамандарды таңдап алудың тиімді жолы, бірақ екінші жағынан сол мамандық саласындағы жұмыссыздықтың қайнар көзі екенін ұмытпағанымыз абзал. Үшіншіден, көптеген ресейліктер соғыстың қанша жылға созылатынын болжау мүмкін емес болғандықтан, шағын бизнестерін ашуға кірісті. Бұл – біздің кәсіпкерлер үшін тағы бір бәсекелестік алаңы. Еуроазиялық одаққа кіріп, сол одаққа енген мемлекеттердің арасындағы кәсіпкерлік еркіндігіне сүйене отырып, Қазақ жерінде он мыңдаған Ресей фирмаларының ашылғанын, соның салдарынан мыңдаған қазақстандық кәсіпкерлердің банкротқа ұшырағанын есімізге алсақ, бұл қауіптің бар екендігін де мойындауға тура келеді. Айтпақшы, «Ойбай, Қытай басып алады екен!» деген аттанды таратқан жандар, шын мәнісінде Ресейдің империялық саясатын қолдаушылар.
–Ресейліктердің қаптап келуі Қазақстанның ішкі тұрақтылығына көлеңке түсірмей ме? Қалай айтсақ та орыстың артында Мәскеу тұр. Бұл жақта әлеуметтік қайшылық болмайды, құқықтық кедергілер туындамайды, олар саясатқа араласпайды деп ешкім кепілдік бермейді ғой. Путиннің «Қазақстанның солтүстік аймақтары қазақтарға біздің берген сыйлығымыз» деген де қыңыр сөзі бар...
–Енді, Қазақстанның ішкі тұрақтылығына келейік. Әрине, қазір келгендер Қазақ елінің ішкі саясатына ашық араласпайды. Азаматтық алғанға дейін, саяси партия құру, сайлауда дауыс беру деген сияқты саяси-қоғамдық мәселеден шеткері жүруі заңды деп ойлаймын. Бірақ өз еліміздегі 3 миллиондай орыстарға, орыс тілді ұлт өкілдерінің пайызын анықтау мүмкін емес, тағы екі-үш миллион орыстардың қосылуы қандай жағдайға алып келерін, бір Алла біледі. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін қазақтың ұлттық құндылықтары тіріліп, өмірден өзінің орнын алған жоқ, басқа идеология мен салт-дәстүрлерге қарсы тұру иммунитеті қалыптасқан жоқ. Сондықтан Кеңестік психологиямен араласқан орыстандыру идеологиясының қайта жаңғыру қаупін ешкім жоққа шығармайды деп ойлаймын. Бұлардың барлығы ішкі тұрақтылыққа позитивті әсер етеді деп ешкім айта алмайтын шығар. Бұрын, отыз жыл бойғы эмиграцияның салдарынан орыстілділер 40-50 пайызға түскен қаланың атын ауыстыру мәселесін көтерген уақытта – ол жердегі азаматтардың тағы 70-80 пайызының орыстілділер болуын көз алдыма елестете алмаймын...
Басқа елге барған азаматтардың саяси партия құрып, елдің билігіне таласқаны да тарихта бар мәселе. Мүмкін, мен бояуды қалыңырақ жаққан да болармын. Алайда Ресей азаматтары Петропавл мен Павлодар қалаларының аттарын ауыстыру мәселесін қос қолдарын көтеріп қолдайды деп айта алмаймын. Оған өзің айтып отырған «Қазақстанның солтүстік аймақтары біздің берген сыйлығымыз» деген ұранды қосыңыз. Ресейден келген азаматтардың көбеюінің өз ішіміздегі бесінші колоннаның іс-әрекетінің белсенділігін арттыру мүмкіндігін жоққа шығара алмаймын. Басқасын былай қойғанда, орыс тіліндегі қызмет көрсету, орыс тілін білмейтін жандармен қарым-қатынас жасауда да (өз елінің тілінен басқа тілді білмеу – барлық өркениетті елдердің шындығы) тілдік бағыттағы ұлтаралық кикілжіңдердің болуы әбден мүмкін. Азаматтық алу кезіндегі сол елдің мемлекеттік тілін білу талабы да осыдан туғаны анық.
–Қазақстан отыз жыл мемлекеттік тілді тұғырына қондыра алмады. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Мына жағдайдан кейін хәліміз тіпті мүшкіл болмай ма? Орыс мектептері мен аралас мектептерінің саны артып, талаптары көбеймей ме? Тіліміз екінші орыннан да түсіп қалмай ма?
– Әрине, мектептің саны жағынан басымбыз, бірақ – орыстілді ұлт өкілдерінің балаларын қазақ мектептеріне беру мен қазақтардың өз балаларын орыс тіліндегі мектептерге беру дерегін салыстырсақ, жағаңызды ұстайсыз. Шынын айтқанда, біз қыл үстінде тұрмыз. Бес-алты жылдан кейін қазақ мемлекетіндегі жағдайдың қандай боларын болжау мүмкін емес. Биылғы жылдың өзінде «аралас мектеп керек», «орыс тілді сыныптар керек» деген айқайлар әр аймақтан көрініс берді. Мен бәрінің дерлік куәсі болдым. Өзгеріс – айқын. Өзгеріс – прогрессивті түрде жүріп жатыр. Ашығын айтайық, мемлекеттік билік – орыстілділер жағында. «Тіліміз екінші орыннан да төмен түсіп қалмай ма?» деп сұрапсыз. Қазақ тілі, қолданылу жағынан, екінші орында. Оны жасырып қайтеміз. Қайта айту керек, күресу керек, осы жағдайды өзгертуіміз керек. Басқа жол көріп тұрған жоқпын.
–Тәуелсіздіктен бергі отыз жылда Қазақстанға 1 миллионға жетер-жетпес қазақ оралыпты. Кедергі әлі көп. Жуырда тағы бір құжат пайда болды. Әлгі құжатқа қол қойылса, шетелден келген қандастарымызға 5 жылға дейін азаматтық берілмейді. Бір жылға жетер-жетпес уақытта 1 жарым миллион орысқа ЖСН бердік. Мына аласапыранда тағы 1 миллионы келуі мүмкін. Дос аға, қазақтың атажұртына оралуына кім кедергі, шеттегі қазаққа жасалған қарсы саясатты қалай түсіндіресіз?
— Мен 1999 жылы, бір ай Израиль мемлекетінде болдым. Мені қызықтырған мәселенің бірі – еврейлердің өз қандастарын қайтару жүйесі болды. Олар қандастарына (репатриандар) ұшақтан түскен уақытта паспорт береді екен. Сол уақытта келген отбасының әрбір адамына 10 мың доллар ақша, тегін үй беретін. Меніңше, біздің қазақ азаматтары ұшақтан түскен уақытта паспорт берілуі – Қазақтардың өз мемлекетін құрғанының нақты белгісі болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!