Қасиетті Құрбан айт құтты болсын!

Құрметті жамағат, қадірлі отандастар!
Бағзы заманнан бері ислам дінін ұстанып келе жатқан халқымыз Құрбан айтты ерекше дайындықпен қарсы алады.
Ұлық мейрамда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, көңілі жабырқаған жанға қуаныш сыйлау, мұқтаж адамға құрбандық етін таратып, сауап алу сынды ізгі амалдар ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.
Қаржылай мүмкіндігі бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп, мұсылмандық міндет. Ал шамасы келмеген адамға Алла тағала мұндай міндет жүктемеген. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.
Адам баласы құрбандық шалу арқылы Алланың берген ризық-несібесіне шүкір етеді. Көмекке мұқтаж жанға қол ұшын беріп, айналасына шуағын түсіріп, шапағатын тигізеді. Мұсылман қауымын мейірімділік пен бірлікке үндейтін мерекеде барынша жақсылық жасауға тырысайық. Әсіресе әлемді шарпыған жұқпалы дерттен науқастанып, шипа тілеген жандарға көмектесіп, оларға дұға етіп қойғанымыз абзал.
Алла тағала еліміз бен жерімізді, барша адамзат баласын түрлі сынақтардан аман етіп, жақсылығы мен берекесін нәсіп еткей! Шалған құрбандықтарыңыз, берген садақаларыңыз, айт күндері амалға асырған Аллаға ұнамды әрбір игі істеріңіз қабыл болғай!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти