Қасіреттен ақша табу...
Шымкент әкімдігінің жобасы құлаққа қона ма?
31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Шымкенттің Қоғамдық кеңесінде 1937-38 жылдарғы жаппай террор кезінде атылған «халық жауларының» сүйектері көмілген Қасірет шатқалының аумағын кәсіпкерге жалға беріп, бюджетке қосымша қаржы түсіретін жоба талқыланды. Кеңес мүшелері әкімдіктің жобасын қолдамады.
Бүгінде Қасірет, бір кездері Тереңсай, кейінірек Албастысай атанған шатқалда Шымкенттің ең қасіретті де, қаралы тарихы жатыр. Бір кездері елсіз мекен болған сай Шымкенттің қазіргі жаңа әкімшілік-іскерлік аумағы арқылы өтеді. Ұзындығы ондаған шақырымға созылады. Тарихи деректерге қарағанда жиырмасыншы, отызыншы жылдары НКВД осы жерде кеңес өкіметіне қарсыларды, бай-кулактарды, «халық жауларын» атып, олардың денелерін сай ішіне құпия түрде көмген. Боздақтардың саны кемінде 3-4 мың болуы мүмкін, кейбір деректерде 16 мың деп көрсетілген. 1989 жылы бұл жерде қазба жұмыстарының жүргізілгені туралы мәліметтер кездеседі. Алайда Албастысайдың құпиясы әлі күнге ашылмаған. Қайтпас ауылының көнекөз қарияларының айтуынша, «халық жауларының» денелері шатқалдың Бәйтереков көшесінің жоғары жағындағы бөлігінде жатыр. 1997-98 жылдары «Тарих және ұрпақтар сабақтастығы» жылында сол жақтағы біраз адам сүйектері қазіргі Бәйдібек би көшесінің бойындағы үлкен төбенің басына көміліп, осы жерде «Қасірет» деп аталатын мемориал кешен салынған. Содан бері 31 мамырда саяси қуғын-сүргін, ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған қаралы жиын осы жерде өтеді. Осындай қасіретті мекен кәсіпкерлерді несімен қызықтырғаны түсініксіздеу.
Шымкент қалалық жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының Қоғамдық кеңеске ұсынған құжаттарына қарағанда, бұл бизнес жоба «Қасірет шатқалының аумағын абаттандыру арқылы Шымкент қаласының тұрғындары үшін жайлы қоғамдық кеңестік құру» деп аталады екен. Кәсіпкердің көз тігіп отырған жері 13,6 гектар аумақты құрайды. Жоба 2023-2029 жылдар аралағында іске асырылады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобаға кәсіпкер 730 миллион теңге қаржы құймақшы. Инвестор шатқалға зиян келтірместен, өз есебінен күтіп ұстайды, 21 мыңнан астам көшет отырғызады екен. Оларды 100 пайыз суландыру жүйесімен қамтиды. Ал сонда бұдан бизнесменге не пайда?
Біз осы сауалды қалалық жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының басшысы Ғалымжан Илясовқа қойдық. Оның айтуынша, инвестор сай ішінен картинг, яғни спорттық жеңіл көліктердің жүйесін жасауды жоспарлаған.
– Біз жобаның экономикалық негіздемесіне сәйкес қалалық Қоғамдық кеңестің талқысына ұсындық. Кәсіпкерге жалға берілетін 13,6 гектар жер құжаттарда «Қасірет шатқалы» деп жазылған екен. Кеңес мүшелерінің жобаға қарсылық білдіруіне осы сөз әсер еткен сияқты. Бірақ бұл жер «Қасірет» мемориалынан жоғарырақ, Бәйтереков көшесінің бойында жатыр. Жоба бойынша кәсіпкер бұл жерді абаттандыру, суландыру жүйесінің бәрін өз мойнына алады. Бұған бюджеттен ақша бөлінбейді. 50 адам жұмыспен қамтылады, қазынаға қосымша салық түседі. Бәрі де шымкенттіктердің игілігі үшін жасалып жатыр. Тәжірибеден байқалғандай, мұндай жұмыстарды жекеменшік компаниялар мемлекеттен гөрі анағұрлым тиімді жасайды, – деді Ғалымжан Илясов.
Әрине, бюджетке қосымша табыс түсіру, бизнес жобаларды жүзеге асыру дұрыс ниет. Бірақ картингті осындай жерде ұйымдастыру қаншалықты қисынды? «Қасіреттен» бөлек жақын аумақта үлкен христиан мазараты бар. Ертең жүйткіген жеңіл спорттық көліктердің айналаны азан-қазан, көк түтін қылмасына кім кепіл? Бұл жобаның енді немен аяқталары әлі белгісіз. Әкімдік Қоғамдық кеңестің қарсылығын қабылдай ма, әлде өз бетінше әрекет жасай ма, мұны уақыт көрсетеді.
Қоғамдық кеңестің мүшесі Жанысбек Өтегеннің айтуынша, Қасірет шатқалын кәсіпкерлерге жалға беру мәселесі кеңестің қарауына осымен екінші мәрте ұсынылған. Екеуінде де Кеңес мүшелері қарсылық білдірген.
– Шатқалдың басқа жерлері де көп қой. Инвестордың неге осы жерге көз тігіп отырғанын түсінбедік. Жалпы шатқалдың жерлерін әкімдік конкурсқа қойсын. Осы жөнінде арнайы концепция жасауы керек. Түймебаевтың кезінде сайдың ішіне ағаш көшеттерін егіп, саябақ жасамақ болды. Оған су тартуға бюджеттен 600 миллион теңге бөлген. Кейін оның ақырының немен аяқталғаны бәрімізге белгілі, – деді Жанысбек Өтеген.
Расында да 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып келген Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен Шымкентте «Шатқал» деп аталатын бағдарлама қабылданған. Сенбіліктер ұйымдастырылып, сай ішіне ағаш көшеттері егілді. Ұңғыма қазылып, суландыру жүйесі жасалды. 2018 жылы Шымкент республикалық маңызы бар қала мәртебесін алып, облыс орталығы Түркістанға көшірілген соң көшеттер қурап қалды. Бұл нені білдіреді? Мемлекеттің шынында да нашар менеджер екендігін бе? Жоқ, бұл бір әкімнің жақсы бастамасын, екінші әкімнің одан әрі жалғап кете алмайтын, сол баяғы шенеуніктік бойкүйездікке, жаны ашымастыққа барып тірелетін сияқты.
Жоғарыда жазғанымыздай, Қайтпастың көнекөз қарияларының айтуынша, «халық жаулары» атылған жер біз әңгіме етіп отырған шатқалдың Бәйтереков көшесінің жоғары бөлігінде жатыр. Бұл қаланың қазіргі жаңа әкімшілік орталығының тұсы. Сайдың айналасына соңғы жылдары жеке тұрғын үйлер салынып кетті. Кейбір пысықтар Албастысайдың ішін топырақпен толтырып, тегістеуге көшкен. Жазықсыз құрбан болған мыңдаған азаматтардың сүйектері табанға тапталып жатыр деген сөз. Мұның бәрі білместік пе, біле тұра жасалған қиянат па? Тұңғыш президенттің жариялаған «Рухани жаңғыруы» да бұған оң септігін тигізген жоқ. Албастысайға қанша адамның көмілгені, оның нақты шекарасы туралы әлі толыққанды кешенді зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Неге? 1989 жылы қазба жұмыстарының жасалғаны туралы мәлімет рас болса, оның қорытындысы, құжаттары қайда? Қасіреттің үстіне қала салу, Шымкенттің тарихын қорлау қашанға дейін жалғасады?