Қаскелеңше бизнес жасау: 200 теңге қалай 4500 болды?
Білім саласында қанша министр ауысып, қандай реформа жасаса да ешқайсысы мектептегі жемқорлыққа тұсау салып, ата-аналардан ақша жинауға тосқауыл бола алмады.
Мектептің жан-жағын абаттандырып, ағаш отырғызса да, көктемде оқу жылы біткен соң сыныпқа жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары жасалса да, гүл сатып алып, шкаф орнатса да, балаларға түрлі шара ұйымдастырылса да ең алдымен ата-аналардың қалтасы қағылып жатыр. Сонда мектептің толықтай мемлекет тарапынан қаржыландырылатын мемлекеттік ұйым екені қайда, Ата заңмен кепілдендірілген тегін білімді кімнен сұраймыз?! Тіпті, мектепте ақша жинауға тыйым салатын заң қабылдасақ та, ол заң іс жүзінде кәдеге аспай, мектеп директорлары айласын асыруда. Әшкере бола қалса «ата-аналар өздері бастама көтерген, ақша жинаған» деп шыға келеді. Сонда мұрнының астында болып жатқан жағдайды білмесе, алдын алып, тыйым салмаса, оның несі басшы?! Министрлік жыл сайын білім саласына бөлінетін қаржы көлемін арттырып жатырмыз десе де мектептер жарымай-ақ қойды.
Әсіресе соңғы жылдары мектептегі ақша жинау «ата-аналардың сұрауымен» немесе «ата-аналардың өз еркімен» деген сөзбен жиі бүркемеленетін болды. Ал содан соң ата-аналар журналистерге шағымданады. Солардың бірі – тағы жанайқайын жеткізді.
Оқушылардан 4500 теңгеден жинаған. Ал музей бағасы 200 теңге.
Өткен аптада Қарасай ауданына қарасты Абай ауылындағы №2 мектептен хабарласқан ата-аналардың бірі:
«Мектепте балаларды музейге апарамыз» деген желеумен 4500 теңгеден жинап жатыр. Сол мектепте үш балам оқиды. Өзім көпбалалы анамын. Әрқайсысына тауып беретін ондай ақшам жоқ. Сыныбынан қалса, балаларым жасып қалады. Күн аяқасты қайта суытып, көмірді де қаптап сатып алып, жеткізе алмай отырғанда осындай аяқасты жинаулар қинайды. Күнде еститініміз қымбатшылық. Музей де қымбаттаған ба, бұл не деген бітпейтін қымбатшылық?» — деп хабарласты.
Рас, музей бағасы біз білетін жерде мұншалықты қымбат емес еді. Оның үстіне кейбір шет мемлекеттер музейінің бағасын өз халқына тегін етіп, тек сырттан келетін туристерге ғана ақылы еткен. Өйткені қалтасында қаржысы бар-жоғына қарамастан, өз елінің тарихын, өркениетін білуі тиіс. Ал сырттан келетін турист білгісі келсе ақшасын төлесін. Өте дұрыс ұстаным. Талай ел солай өз халқына жағдай жасап жатқанда біздің музейлердің бағасы шошытпай қоймады.
Аталмыш мектеп оқушылары барған музейге хабарластық.
«Бірнеше күн бұрын екі жігіт келіп, жүз шақты оқушы әкелсек қаншамен кіргізесіздер?» деп сұрады. Бағасын 200 теңгеден келістік. Бүгін жүзге тарта баланы алып келді. «Анаға құрмет музейі» мен «Батыр бабалар музейі» екеуінің бағасы бірдей, 400 теңгемен кіргіздік. «Атамекен» жақын, ол тегін», — деп жауап берді.
Бір шикіліктің барын сезіп, Қарасай аудандық білім бөліміне қоңырау шалдық. Өзін Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы ретінде таныстырған Әсел Әбдиқызы: «Мүмкін емес, 4500 теңгеден жинауы. Музей бағасы ондай қымбат емес», деді. Сосын «мәселені анықтаймыз, бізден ешкім рұқсат сұраған жоқ мұндай шараға», деді. Сәлден соң хабарласқанымызда «мектеп директорына хабарластым. «Ондай болған жоқ», деп отыр. Мәселені анықтау үшін бас маман Назым Жомартованы сол мектепке жұмсап отырмын. Істің мән-жайын анықтап, хабарласамын. Мектеп мұғалімдері апарса, олардың да мүлдем мұндай нәрсе ұйымдастыруға құқығы жоқ. Ата-аналар да қызық, сол ауылдың дәл түбінде тұрған музейге қалай 4500 теңге бере салады? Сіз маған ертең ерте хабарласыңыз, мен анық-қанығын біліп қояйын», — деді.
Ертеңіне қайта хабарластық. Бұл жолы басшының пікірі өзгеріп қалғанын анық байқадық.
«Мен директорымен сөйлестім. Маманымды да жіберіп, бәрін анықтадым. Ата-аналардың өздерінің келісімімен апарған, автобус жалдаған. Бәрінің белгіленген бағасы бар көрінеді. Егер сіз барсаңыз, мектеп директоры сізді қабылдап, бәрін түсіндіріп береді. Ата-аналар да бар екен ұйымдастырғандардың ішінде. Автобус жалдап, тамақ та әперіпті. Мектеп директорына барсаңыз өзі түсіндіреді», — деп шықты.
Негізгі мақсат музейге бару болса, оның негізгі бағасы 200 теңге ғана болса, сонша 4500 теңгеден жинау естіген құлақ сенбейтін жайт болса да білім бөлімінің мектеп директорының ыңғайына жығылғаны таңғалдырмай қоймады. Кейін нақтылау үшін тағы хабарласқанымызда «Сіз кімсіз, аты-жөніңізді бәрін жазып жіберіңізші, қайдансыз, мен жиналыстамын», деп өзімді тергеп, суық сөйлесе бастады. Негізі о баста өзімді толық таныстырып, қайдан екенімді де айтқан едім. Бұл жақтан әділдік таппасымызды біліп, мектеп директорының телефонын сұрадық.
Түстен кейін мектеп директоры Батима Нысанбаева өзі хабарласты.
«20 сәуір күні мектептің іс-шарасы бойынша балаларды музейге апардық. 88 оқушы барды. Әр сыныптың сынып жетекшілері мен тәрбие завучтары апарды. 4500 теңгеден жинаған. Әр музейге кіру ақысы 250 теңге болған. Әр музейде гидтер болған. Оған әр балаға 450 теңгеден төлеген. Үш автобусқа 70 мың теңгеден төленген. Сол автобустармен апарып, алып қайтқан. Төрт ұстаз, бір завуч барған. Өзіміздің іс-шара болғандықтан, аудандық білім бөлімінен рұқсат сұрамаймыз. Өзіміз бұйрық шығардық. 88 оқушыдан 396 мың теңге жиналған. Музей ақысы, гид ақысы және автобусқа төленген. Негізі 50 оқушы апарамыз деп ойлағанбыз. Бірақ ата-аналар ынталы болып, 88 оқушы жиналған. Екі жігіт біздің қызметкер емес, сондайды ұйымдастыратын, автобус табатын жігіттер», — деп жауап берді.
Шыны керек, қалай есептесек те оқушылардан жиналған қаржының есебіне жете алмадық. Білім бөлімі де, мектеп директорлары да ата-аналарды кінәлап отыр. Атап өтер жайт, музейге барып, ұсыныс білдірген жігіттердің үй жағалап, ата-аналарды емес, мектеп директорына барып, ұсыныс білдіргені ақиқат. Ендеше, бұл жерде бастаманың қайдан басталғаны айтпаса да түсінікті. Сөз арасында мектеп директоры мектепке келіңіз, ата-аналармен сөйлестірейін деді. Алайда біз барғанша өздерімен пікірлес ата-аналарды жинап алатыны анық. Бізге арызданған ата-ана болса «балама кесірім тие ме» деп қорқамын. Әйтпесе, ашынып біттім, мектепке де жек көрінішті болып біттім. Неге осындай шаралар кезінде жалпы ата-ананың жағдайы ескерілмейді» дейді.
Амалымыз құрып, қайтадан музейге хабарластық. «Бөлек гидтің ақысы жоқ. Жалпы музейге кіру құны гидпен 250 теңге, гидсіз 200 теңге. Ол метептің әр балаға 200 теңгеден төлегенін анық білеміз. Мектептің әр балаға 450 теңгені де қай гидке қайда төлеп жүргенін білмедік. Бізде ондай қызмет мүлдем жоқ», деді.
О баста Қарасай аудандық білім бөлімі «мұндай шара үшін бізден рұқсат алуы керек» деген болатын. Алайда бұл мәселеден хабарсыз болғанын алға тартып, мектеп директорына қандай да бір шара қолданасыздар ма деген сауалымызға «міндетті түрде тәртіптік жазаға тартамыз», деп жауап берді.
Шыны керек, басында құлшына кіріскенмен кейін басын ала қашқан білім бөлімінен ол жазаны өзіміз сұрап алғандай болдық. Негізі музейге барамыз деп алып шыққанымен, жеме-жемге келгенде музейге 200 теңге ғана жұмсалған қаржының кімнің қалтасын томпайтқанын мүлдем түсіне алмадық. Тең жартысы автобус жалдауға кеткен күннің өзінде ар жағындағы қаржының есебін шығару қиын болды. Осындайда кім-кіммен ауыз жаласып, ата-аналарды қанап отыр деген сұрақ туындайды.