Қаспаққа талас. Сатыбалды сарқып ішкен «Қазақтелеком» дауы
Өткен аптада қайта қоздаған «Қазақтелеком» дауы «Бір қазан сүт» ертегісін еске түсіреді.
Ұлттық байланыс операторының белгілі мөлшердегі акциясы мемлекет меншігіне қайтарылғаны былтыр ғана еді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамына енетін «Қазақтелекомның» негізгі акциясына бұған дейін Қайрат Сатыбалды иелік етіп, аталмыш компанияның жалғыз құрылтайшысы өзі ғана болып келді. Өткен жылы наурыз айында Қайрат Сатыбалды ұсталғанда да осы «Қазақтелекомның» және «Көліктік сервис орталығының» қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша айып тағылды. Сөйтіп, миллиардтаған қаржыны жымқырып, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салғаны үшін Сатыбалды алты жыл арқалады. Әрі барлық мүлкі тәркіленетін болды. Атақ-даңқтарынан да айырылды. «Қазақтелекомға» 12 млрд теңге, «Көліктік сервис орталығына» 28 миллиард төлеу міндеттелді. Артынша «Қазақтелекомның» Сатыбалдыға тиесілі акциясы қаржы министрлігіне өтті. Қазір министрліктің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне компанияның 3 084 893 акциясы немесе барлық пакеттің 28,81 пайызы тиесілі.
Алпауыт компанияның акциясы қаржы министрлігіне өткеннен кейін «үкімет енді бақылауды күшейтер, аталмыш компанияның қызметі жанданар» деп ойладық. Бірақ «баяғы жартас, сол жартас». Көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүрген былықтардың қақ ортасында осы бәз баяғыдай «Қазақтелеком» жүреді. Бәз баяғыдай деп отырғанымызда да өзіндік себеп бар. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл компания нарыққа келгелі бері басынан дау арылмады. Компанияны 13 жыл бойы басқарып келе жатқан Қуанышбек Есекеев те сыннан қорытынды шығарайын демейді. «Самұрық-Қазынаның» құрамына кіретін компаниялардың басшылығында ең ұзақ отырған адамдар бірі осы Есекеев. Ол «Қазақтелеком» тізгінін 2010 жылы ұстады. Сатыбалды сотталғанда осы Есекеев те біраз уақыт тергелді. Бірақ оны экс-президенттің інісінің артынан кетуден оған қатысты барлық ақпаратты тергеушілерге ақтарып салғандығы құтқарды деседі.
Қалай десек те, «Қазақтелеком» елді қан қақсатуын әлі қояр емес. Керісінше, компанияға қатысты бұқараның төзімін сарқып, жүйкесін түтетін ақпараттар легі баршылық. Мәселен, өткен аптаның басты жаңалығының бірі болған да осы компания. Блогер Кирилл Павлов «Қазақтелеком» АҚ туралы мынадай ақпарат таратты.
«2023 жылы 2022 жылдың қорытындысы бойынша басқарманың 4 мүшесі (Қуанышбек Есекеев, Людмила Атамұратова, Берік Битабаров және Нұрлан Мейірманов) жалпы сомасы 422 159 000 теңге сыйақы алыпты. Сонда есептесек, бір басқарма мүшесі орта есеппен 105,53 млн теңге алған. Қызмет көрсету сапасы сын көтермейтін, халық қанша сынаса да былқ етпейтін бұл компания басшылары «мұндай қомақты сыйақыны ненің құрметіне алды» дерсіз?! Зерттеп көрсек, компания басшылары бұған дейін де қомақты сомада сыйақы алып келген. 2021 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 9 мүшесіне жалпы 500 435 000 теңге сыйақы берілді. Шамамен, бір адамға 55,6 млн 2020 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 9 мүшесіне жалпы 425 960 000 теңге сыйақы берілді. 2019 жылы «Қазақтелеком» АҚ-ның 9 мүшесіне жалпы 625 786 000 теңге сыйақы берілген. Бұл жерде бір басқарма мүшесіне 69,53 млн».
Міне, аталмыш компанияның басшылары жыл сайын осындай қомақты сомада сыйақы алмаса басы ауыратындай жағдайға жеткен. Сонда мұны неге тиісті инстанциялар тексермейді? Бізде неліктен сыйақы мөлшеріне тыйым салынбайды? Әшейінде, қомақты сыйлық алуға заңмен шектеу қойғыш антикордың ықпалы қайда? Назарбаев дәуірінде Сатыбалды бастаған «блатнойлардың» дәурені жүрді. Олар байлыққа кенелтетін бір-бір ұлттық компаниялардың тұтқасын ұстап алып өздері жекелеп байыды.«Қазақтелеком» ғана емес, бізде өзге де ұлттық холдингтерді, ұлттық компанияларды басқаратын топ-менеджерлер компанияның қыруар шығынына қарамастан, өздеріне миллиондап сыйақы жаздырады. Өткен жылы тіпті бірқатар ұлттық компаниялардың топ-менеджерлерінің СПА мен фитнеске мемлекет қазынасынан миллиондаған қаражат жұмсағаны мәлім болған.
«Қазақтелекомдағы» сыйақыға қатысты ақпарат таратып отырған блогер бәлкім, шатасқан болар, ресми ақпаратты осы компания өкілдерінің өздерінен алайық деп бекіндік. Сөйтіп, аталмыш компанияның баспасөз хатшылығына сұрау жолдадық. Сауалымызға жазбаша жауап берген компания өкілі Сара Бакированың түсініктемесін қаз-қалпында беруді жөн көрдік:
«Сіздің сұрауыңызға жауап ретінде «Қазақтелеком» АҚ хабарлайды. «Қазақтелеком» АҚ басқармасының барлық мүшелеріне 2022 жыл ішінде жүргізілген төлемдер туралы айтсақ, бұл кезде компания басқармасы 9 адамнан тұрғанын, әрі сәуір айында ғана төрт адам болып азайғанын түсінгеніңіз абзал. Басқарманың екі мүшесі бұрынғы құрамнан қалғанын және екі топ-менеджер алғаш рет басқармаға кіргенін ескерсек, есеп 11 адамға жүргізілді. Осылайша, сіз айтқан есептеулер басқарманың 11 мүшесіне 2022 жылы төленген ақшалай түрдегі жалақы мен барлық сыйақылардың жиынтық мөлшерін көрсетеді (Қоғамның басқарма мүшелерінің міндеттерін атқарған уақыт кезеңінде). Қорытынды сома 2022 жылдағы басқарманың екі құрамына төленген сыйақының жиынтық көлемін қамтиды, яғни жалпы соманы басқарма мүшелерінің санына, әсіресе 11 адамның орнына төрт адамға бөлу бұрыс есептеу болып табылады».
Міне, ресми жауап – осы. Хош, сыйақы 4 адамға емес, 11 адамға берілді делік. Бірақ ол да қомақты сома ғой. Ал енді басшылары осындай ірі сомада әр жыл сайын сыйақы алып жүргенде аталмыш компанияда ең негізгі техникалық мамандардың жалақысы 250 мың теңгеге әрең жетеді. Компанияда техникалық жабдықтар жетіспейді, мамандардың біліктігін көтеру деген атымен жоқ. «Қазақтелеком» арқылы қосқан интернет бірде жұмыс істеп, бірде істен шыға қалады. Бұдан бөлек ғаламтордың жылдамдығы оны орнатар кездегі шартта көрсетілген интернет жылдамдығынан екі есе төмен. Бұл қалыпты жағдайға айналған. Ең қызығы, аталмыш компания мемлекетке есеп бермей, тарифтерді де өздері бекіте береді. Бұдан бөлек «Қазақтелекомға» ешкімде жоқ жеңілдіктер берілген. Мемлекет компанияға халыққа көрсеткен қызметі үшін қосымша құн салығын толықтай қайтарып келген. «Қазақтелеком» мен онымен еншілес кәсіпорындардың есебіне қарасақ, салық жүктемесінің коэффициенті 2,5 пайыздан төмен екенін көреміз. Ал басқа жеке операторларда бұл көрсеткіш қосымша құн салығынсыз 10-17 пайызды құрайды. Яғни нарықтағы ойын ережесі бірдей емес. Әрине, мемлекет осынша қолдап, қолпаштап, барлық жеңілдіктерді алдына тосып отырған компания табысты болары да даусыз. 2022 жылдың қорытындысы бойынша «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобының таза пайдасы 128 млрд теңгеден асқан. Компанияның кірісі 7 пайызға артып, 2021 жылмен салыстырғанда 32 пайызға артық табыс тапқан. Бірақ осынша табысты бола тұра теле байланыс операторының мемлекеттік бюджетке құятын салығы болар болмас.
Мұны төмендегі кестеден байқауға болады:
2014 жылы | 10 815 868 теңге | 2015 жылы | 24 338 346 184 тг | 2016 жылы | 28 103 043 888 тг | 2017 жылы | 30 580 989 013 тг | 2018 жылы | 31 063 647 374 тг | 2019 жылы | 33 665 907 151 тг | 2020 жылы | 25 690 846 247 тг | 2021 жылы | 31 068 500 112 тг | 2022 жылы | 7 619 844 806 тг |
Учет.кз-тің есебіне жүгінсек, аталмыш алпауыт компанияның бюджетке төлеген салығының көлемі осы.
Жалпы, елдегі ұлттық компанияларды, холдингтерді тәубесіне түсіру мақсатында былтыр үкімет «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы» заң жобасын қабылдаған. Сол кезде осы заңды мәжіліске алып келген қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «Аталмыш заң квазимемлекеттік секторлардың ашықтығын, тиімділігін арттыруға және оларды қатаң бақылауға, осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді», – деп сендірген. Алайда «Қазақтелекомды» басқарып отырған Қуанышбек Есекеев бұл заңды елемейтін сияқты. Басқасын қойып, бір ғана «Қазақтелекомның» айналасынан шығып отырған мәселелерге қарап-ақ заңның мұндай алпауыт компанияларды тезге салуға келгенде ықпалы төмен екенін аңғарамыз. Аталмыш заңда ұлттық компаниялардың, олардың «еншілестерінің» бюджеті барынша ашық болуы тиіс екені нақты көрсетілген. Олардың басшылығы қоғам алдында шығындар мен жетістіктер туралы есеп беруі керектігі де жазылған.
Есекеевтің сыйақы алған сайын қиялы ұштала ма, кім білсін, ол әуелі «ғаламтордың жұмыс істеу жылдамдығын 5G-ге көтереміз» деген ертегіге елді сендіргісі келеді. Алайда ірі мегаполистерде тұрып-ақ «Қазақтелекомның» сапалы қызметіне зар болғандардың саны азаяр емес. Алматының шет аудандарының да халқы сапалы интернеттен қағылғандарын айтып зар қақсайды. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын «Алматының шет аудандарында жоғары жылдамдықты интернет үшін инфрақұрылым құрылуда» деген. Алайда ол инфрақұрылым жайлы жағымды уәделер де құмға сіңіп тынды.
Қазір нарыққа «Қазақтелекоммен» иықтасқысы келіп, бірқатар операторлар келе бастады. Бірақ мамандар өзге телекомдарға нарықта еркін жұмыс істеуі үшін кедергілер көп дейді.
«Жас Алашқа» пікір білдірген ІТ саласының маманы, Жанар Манбетова былай дейді:
– Бүгінде телекоммуникация саласында ең бірінші мәселе – негізгі қуатқа қол жеткізу. Негізгі қуатқа ене алмаса, компанияның бәсекелестері тұтынушыларға өз қызметін ұсына алмайды. Мысалы, «Қазақтелеком» компаниясы еліміздегі барлық кабельдік канализацияларға және талшықты-оптикалық байланыс желісіне иелік етеді. Оның бәсекелестері осы кабель канализацияларына кіріп, жер астымен өз кабельдерін төсегісі келеді, бірақ кабельдерді бұрыннан «Қазақтелеком» орнатып қойғандықтан кедергіге жолығады. Цифрландыруды дамытуда ең бірінші қиындық – осы. Сондықтан басқа мәселені қоя тұрып цирфрлық даму министрлігі осы жайтты шешу керек. Ол шешілмесе, біз телекоммуникация саласында бір ғана компанияның құлдығына түскендей болып отырамыз. Сондықтан тиісті ведомстволар бұл салада бәсекелестік орта қалыптастыруға күш салуы қажет.
Деректерге жүгінсек, «Қазақтелекомның» тіркелген (сымды) кең жолақты интернет абоненттерінің саны бүгінде 1 миллион 700 мыңнан асқан. Осы 1,7 миллион клиентке роутерді айына 500 теңгеден жалға беретінін ескерсек, «Қазақтелеком» тек құрылғыны жалға беруден-ақ ай сайын миллиондаған пайда көреді. Тұтынушылар сапасыз wi-fi-дың жылдамдығын күшейту үшін қосымша роутерді өз ақшасына сатып алып жүр. Былай қарасаң, аталмыш компания халықты осылай сорып отыр. «Қазақтелекомға» қатысты азаматтар қанша шағынса да үкіметтің тісі батпай-ақ қойды.
«Бір қазан сүт» ертегісі есіңізде болар. Көбелектен бастап қырғауылға дейінгі тізбек бір қазан сүттің түгін қалдырмай, тауысып кететін. Сатыбалдыдан қалған «Қазақтелеком» дейтін қазанның қаспағына талас басталған сияқты...