«Қасқырға қой бақтырған» қазағым ай!
Еліміздің ҰҚК қайта құрылымдалып жатыр. Басқа басқа еліміздегі бұл орган мінсіз болуы керек-ақ еді.
Өйткені тұтас ұлттың қауіпсіздігіне жауап беретін құрылымның қателесуге құқығы жоқтай көрінетін. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Кәрім Мәсімов басқарған тұста 1,7 триллион теңге жұмсаған көрінеді. Санамалап айтар болсақ, 2016 жылы 162,3 млрд, 2017 жылы 203,3 млрд, 2018 жылы 291,6 млрд, ал 2019 жылы 303,6 млрд, 2020 жылы 423,6 млрд, өткен жылы 352,6 млрд теңге аталмыш құрылымның қызметін ұйымдастыру үшін бөлініпті. Ал бүгінгі күні бұл триллиондар ұлтымыздың қауіпсіздігі үшін жұмсалды ма, жоқ әлде тыныштығын қашыру үшін қызмет етті ме деп айран асырмыз.
Қалың қазақты мазалап отырған бұл сұрақ, ел ертеңіне де қорқынышпен қаратып отыр. Дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы да«Демек әр жыл сайын елдің ішкі және сыртқы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 800 мың тұрғыны бар Қызылорда облысының бір жылдық бюджетін беріп келдік. Бұл өте қомақты қаржы. «Осындай көп қаржыны қайда жұмсайсыздар» деп сұрақ қойғанымда, «бұл жариялыққа жатпайды» деп жауап берген еді. Ақыры неге соққанын уақыт көрсетіп отыр. Мемлекеттік бұл орган біздер үшін де құпия болып келді. Осы кезге дейін ҰҚК басшысының сенат қабырғасына келгенін көргенін емеспін. Тек тағайындалғанда ғана келеді. Біз де осы құпия мекемеге қатысты табандылық көрсете алмадық. Енді жағдай өзгереді деп сенемін, бюджеттің әрбір тиынына жауап беретін кез келді. Өйткені бұл халықтың ақшасы» – дейді.
Расында да халықтың өз ақшасына, өзіне ор қазу, тұтас ұлттың сенімін ақтамауды қалай түсіндірсек те жараспас… Қаңтар қырғынынан соң Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысында ҰҚК басшыларының қаңтар оқиғасы кезінде бас сауғалап қашқанын айтқан болатын. «Кейбір қалаларда Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің басшылары жеткілікті әскери арсенал болғанына қарамастан, қару мен құпия құжаттар сақталған қызметтік ғимараттарды қорғамай, бас сауғалап қашып кетті. Біздің қоғамның біртұтастығы кәсіби әзірленген сценарийлер бойынша наразылық акциялары арқылы бұзылды. Радикалды шаралардың нақты орындаушыларын дайындау конспирациялық жолмен жүргізілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті уәкілетті орган ретінде елдегі іріткіге нақты баға бере алмады, бергісі де келмеді. Ұлттық қауіпсіздікке сыни қауіп-қатерді байқамады», – деген болатын мемлекет басшысы. Ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерді байқамады ма, жоқ әлде ұлттық қауіпсіздікке қолдан қатер туғызды ма?! Енді триллиондардың нәтижесін кімнен сұраймыз? Ұлттың тыныштығын бүлдіріп, халықтың құтын қашырғаны үшін қазақтың алдында кім жауап береді? Ал біреудің, тіпті бірнешеудің бас бостандығынан айрылуы 17 миллион халықтың тағдырын қыл үстінде тұрғызуының өтеуі бола ала ма?!
Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембиновтің мәлімдеуінше діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін бюджеттен соңғы 5 жылға 270 млрд теңге бөлінген екен. Бірақ бұл бағдарлама да өз нәтижесін бермегенін кешегі қаңтар оқиғасы дәлелдеп берді. «Деструктивті діни ағымдардың мақсаты бір. Халифатта өмір сүру. Мемлекеттің заңын, құрылымын, мәдениет, салт-дәстүрін мойындамау. ҰҚК антитеррористік орталық штабы бастығының бірінші орынбасары Сергей Швейкин елімізде деструктивті діни ағымдарды ұстанушылардың саны 20 мыңнан асатынын мәлімдеген болатын. Осы тұста бұлардың саны неге көбейіп жатыр деген сұрақ туындайды», – дейді сенатор. Расында, олар неге көбейіп жатыр? Әлде қолдан көбейтті ме?! Көңілге қорқыныш ұялайды...
Ең болмаса алдағы уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қайта жасақталуына аса қатты мән берсек екен...