Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:17, 09 Желтоқсан 2021

Қастерлі де қаралы Желтоқсан

None
None

      Тәуелсіздіктің тағы бір Желтоқсаны келді. Жылда осы кезде әрбір «елім» деген қазақтың жүрегінде сыз, мұң, қайғы, ашу-ыза мен үміт араласқан дүлей күш ояна бастайды.

«Мен қазақпын» деген азамат Желтоқсан көтерілісін, оның батырларын, құрбандарын еске алып, «1986 жылы ұлт мүддесін сатқан опасыздар кім еді?!» деген басты сұраққа да жауап іздейді.

       Сондай-ақ Кеңес өкіметі кезіндегі зұлмат аштықты, қазақты қан қақсатып жер бетінен жоймақ болған репрессияларды айтып, бұл қалай болған деп күңіренеміз, сол заманда мемлекет басқарған тұлғаларға, зиялы қауым өкілдеріне өкпемізді айтып, неге олар ұлтты қорғап қалмады деп налимыз.

 Ал осы Қазақ мемлекетіміздің егемендігінің 30 жылдығына жетіп отырған уақытта Желтоқсан көтерілісі толық зерттелді ме, алаңға ұлтқа теңдік талап етіп шыққан жастардын күрекпен басын жарып, итке талатып, қақаған аязда сумен атқылап, жалаңаштандырып қарға жатқызған жауыздар тиісті жазасын алды ма деген сұрақ әлі де жауабын күтуде. Жастарды қудалаған жендеттерді фашизмге баға бергендей саралап, үрім-бұтағына дейін есінде болатындай талдау жасалуы керек. Егер дер уақытында осы көтеріліске зерттеу, қорытындылау жасалып, кеңес билігінің қол шоқпарларына әділ үкім шығарылғанда қайғылы Шаңырақ оқиғасы орын алып, Жаңаөзенде қазақ қазаққа оқ атпас еді.

     Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында: «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты… Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», – деді.

     Бұл сөзді президентіміз 5 қаңтарда айтты, содан бері айтылған ұсыныс тапсырма қаншалықты орындалуда? Жыл бойы ақпарат құралдарында қаншалықты мағыналы материалдар жарық көрді, желтоқсанда алаңда болған жазаланған жастармен тәрбиелік, патриоттық мәні бар кездесулер болды ма, көтерілістің тарихи-құқықтық маңызы халықаралық конференцияларда зерделенді ме?

     Тіпті президенттің сөзіне сеніп, рухтанып, жылдың басында патриоттық сезімі алаулап, 10 қаңтар сайлау күні Желтоқсан жастарының қаны төгілген алаңға оның ізбасарлары, жаңа буын өкілдері келгенде 1986 жылғыдай полиция оларды қатыгездікпен аязда бірнеше сағат қоршап тұрып, дәретханаға да жібермеді. Билік тағы да қазақтың салтында, заңыңда жоқ әдіс қолданып, жастарды қорлау әрекетіне барды. Бұл не, сонда? Биліктің сөзі мен ісі үйлеспей ме, немесе қоғамды алдау ма?

      Соңғы жылдары премьер-министр, министр, облыс әкімдері, жоғарғы сот мүшелері, бас прокуратураның, ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары, қорғаныс, денсаулық, ішкі істер, энергетика министрі, көптеген генералдар, елдің мүддесін қорғайды деген жүздеген жоғары лауазым иелерінің жемқорлық жасап, халықтың миллиардтаған қаржысын ұрлап, сотталып жатқанын жиі естіп көрудеміз. Санасында түйсігі бар адамға бұл тек қана жемқорлық емес, Отанға жасалған опасыздық диверсия деп аталады. Түптеп келгенде, бұл Қазақ мемлекеті егемендігінің 30 жылдығының тамырына балта шабу, тізе бүктіру әрекеттері. Бір масқарасы – бұл азғындарды президент түрлі лауазымға тағайындайды, кейін жемқорлықпен сотталғандарды рақымшылық жасап кешіріп, қайтадан бостандыққа шығарады. Ал бұл әрекеттер қолданыстағы заңдарға сәйкес ұйымдасқан қылмыстың белгілері.

       Менің айтпағым – еліміздегі өршіп отырған жемқорлықтан, мемлекетке қарсы жасалынып жатқан зиянкестіктен құтқарудың жолы Желтоқсан батырларын үлгі тұтып дәріптеу. Олардың өмірін зерттеп, жастарға патриоттық отаншылдық қасиеттерді сіңдіру. Желтоқсанның  35 жылдығына орай, барлық мектептерде, колледждерде, ЖОО, кітапханаларда арнайы фотокөрмелер жасалып, осы көтерілістің егемендікке жетуіміздегі маңызы айтылуы керек. Бұл шараға Қазақстан халқы ассамблеясымен қоса, түрлі этностар да қатысып, қазақ жастарының жанкештілігі мен ерлігіне бас иіп, мемлекеттігімізді нығайтуға атсалысуға міндетті.

       Жыл сайын желтоқсан айының 17-сі күні әр облыс орталығында, астанада көтеріліс болған Алматыдағы Республика – Тәуелсіздік алаңына 1986 жылғыдай 35 мың адам жиналып, еске алу шараларын өткізу керек. Қаланың ЖОО ректорлары өздері бас болып, әрқайсысы 1000 студент ертіп келіп, болашақ мамандарға жастардың ерлігін баяндап берулері парыз емес пе?! Осы күні алаңда Желтоқсанның 35 жылдығына 35 өгіз құрбандыққа шалынып, құран оқылып, елдің есті азаматтарының Отанға, жерге деген жүрекжарды тілектері мен жырларын айтса, қасиетті күннің қадірі арта түсер еді.    

      Қорыта келе айтатынымыз, желтоқсан айы 1986 жылы «Желтоқсан қырғынында» билік басында болып, өз халқын қорлықтан, зорлықтан қорғамай, бұғып қалған шенділердің қазақ халқынан иіліп кешірім сұрайтын соңғы мүмкіншіліктерінің бірі болар деп ойлаймыз.

       Халықтың не алғысын алатын, не мәңгілік қарғысына қалатын сын сағаты  келді.

Тегтер: