Қасымның қасқа жолы

Белгілі журналист Қасым Әзімханов 70 жаста
1970 жылы әскер қатарынан оралып, сол кездегі Карл Маркс совхозында құрылысшы болып еңбек етіп жүрдім. Бала кезімнен журналист болуды армандағандықтан болу керек, қолым бос кезде кітапты көп оқимын. Сол кездегі атағы дүркіреп тұрған «Лениншіл жас» газетінің әрбір санын жібермей мұқият қараймын. Тырнақалды дүниелерім аудандық «Жаңа өмір» газетіне жарияланғандықтан, бұл басылым мен үшін ерекше ыстық. Әсіресе, газеттің қаламы жүйрік журналисі Амангелді Ормантаевтың жазған дүниелерін қызыға оқимын. Соңғы екі-үш айда Қасым Әзімханов деп қол қоятын тілшінің мақалалары, очерктері, суреттемелері жиі-жиі шығып жүрді. Жазғандары – ойлы, көркем. Өмірдің өзінен ойып алады, ешкімге ұқсай бермейтін жазу стилі, шеберлігі ерекше.
Бір күні жұмыстан сұранып, сырттай жақын тартып жүрген Қасым Әзімхановты арнайы іздеп бардым. Ұзын бойлы, талдырмаш келген жылы жүзді жас жігіт мені көптен бері танитындай ашық-жарқын қарсы алды. «Жылқы кісінегенше, адам сөйлескенше» демекші, тез тіл табысып, шүйіркелесіп, әңгіме-дүкен құрып отырдық. Жазуға бір табан жақын болғандықтан, мені сырттай танитын болып шықты. «Лениншіл жасқа» жарияланған бір мөлтек әңгімемді мақтап, мерейім кәдімгідей өсіп қалды. Жаңа танысым осыдан екі жыл бұрын Қайрат ауылындағы мектеп-интернатты бітіріп, өзінің туған ауылы – Қызтоғанда бастауыш сыныпқа сабақ беріпті. Сол кездегі атағы дүркіреп тұрған ХХІІ партсъезд атындағы колхоздың тыныс-тіршілігі туралы үзбей жазып тұрған қаламының икемі бар ауыл мұғалімін аудандық «Жаңа өмір» газетіне қызметке шақырып, әдеби қызметкер болып қызмет атқарып жатқанына үш-төрт айдай болып қалыпты. Қасым екеуміздің таныстығымыз осылайша басталып еді, ол бірте-бірте достыққа ұласты. Досымның арқасында жазғандарым «Жаңа өмірде» үздіксіз жарияланып тұратын болды.
Жамбыл қаласындағы үлкен құрылысқа ауысып, жұмыс істеп жүргенде де арамыздағы достық үзілген емес. Көп ұзамай аудандық газетте бір тілшінің орны босап, редактордың орынбасары Аманкелді Ормантаев пен бөлім меңгерушісі Қасым Әзімхановтың мұрындық болуымен қызметке алынып, қуанышымда шек болмады. Өкінішке қарай, «Жаңа өмірдегі» ғұмырым тым қысқа болды. Алғашқы алған айлығымды «жумақ» болып, мейрамханаға бардық. Ол кезде жалындаған жаспыз, ішімізде ептеп шараптың уыты бар, аудан орталығындағы демалыс паркіне бардық. Мұндайды тұзы жеңіл дейді, қарап жүрмей бір орыс жігітімен шатасып, соңы төбелеске ұласты. Ертесіне жұмысқа көзім көгеріп келгенде редактор Әбдіғаппар Айтақов шошып кетті.
– Ойбай, мынаның көзін құртыңдар! Бізге мұндай бандиттің керегі жоқ, – деп мені ай-шай жоқ, жұмыстан шығарды да жіберді. Небәрі 27 күн ғана қызмет атқарып, дос бар, дұшпан бар демекші, жүдә ұят болды.
Сонау 1970 жылдары басталған достық осы күнге дейін жалғасын тауып, ең жақын адамдар болып кеттік. Бүгінде екеуміз де Қазақстанға белгілі қаламгерлерміз.
– Қасеке, – деймін кейде әзілдеп – сенің арманың жоқ қой, «Жаңа өмірде» табандай алты жыл қызмет атқардың, ал мен байқұсқа 27 күн ғана бұйырыпты.
«Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын» демекші, Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетін ұзақ жыл басқарған Айтақов деген ағамыз журналистикадан ауылы алыстау, нағыз партократ кісі еді. Неге екенін бір Құдай білсін, қаламының икемі бар, ізденгіш жас журналистерді қудалаудан қолы босамады. Шыңғыс Қонысбаев деген тәп-тәуір жазатын жігіт бар еді, Айтақов бірінші соны жұмыстан қуды. Алпысбай Шымырбаевтың да редакциядағы ғұмыры ұзаққа созылмады. Жамбыл Шақыбасов та қуғынға ұшырап, милицияға кетіп тынды. Менің де 27 күн жұмыс істеп, қызметтен қалай кеткенімді жақсы білесіздер. Жуалыда қалам ұстайтын жас журналистердің бәрі білікті журналист Аманкелді Ормантаевты ұстаз тұтатын. Сол ағамыз да жұмыстан бірнеше рет қуылды. Қатардағы тілшіден редакцияның жауапты хатшылығына дейін өскен Қасым Әзімханов редактордың қаһарынан қашып құтыла алмады.
Тырнақтың арасынан кір іздеген Айтақов еш себеп болмаса да, Қасымды жауапты хатшылықтан алып тастады. Қаһарлы бастық мұнысымен тоқтамады, талантты журналисті бөлім меңгерушілігінен алып, қатардағы тілші қызметіне төмендетіп тынды. Бір ай өтпей жатып, Қасым тілшіліктен кетіп, корректор болуға тура келді. Қадалған жерінен қан алатын редактор бұл қызметті де артық көріп, корректордың көмекшісі етіп қойды. Бұл қорлыққа қалай шыдасын, Қасым өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болды.
Аудан орталығынан жұмыстың реті келе қоймады, ауылға қайтып кетуге намыстанды. Қасым осылайша екі айдай босқа сенделіп жүріп қалды. Өзімен-өзі жүрген Әзімхановқа аудандық газеттің редакторы тағы шүйлікті.
– Біз жұмыстан шығарып жіберген Қасым Әзімхановтың жұмыссыз жүргеніне екі ай болып қалды. Өзі ішімдікке жақын, үнемі бұзақы топпен бірге жүреді. Мұндай бейбастыққа жол беруге болмайды, бұл социализмнен коммунизмге қадам басқан қоғамға жат нәрсе. Сендер қайда қарап отырсыңдар, тез шара қолданыңдар, әйтпесе, аудандық партия комитетіне шағымданамын, – деп қара аспанды төндіріп, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығына байбалам салып, телефон соғады.
«Бәледен машайық қашыпты» дегендей, милиция бастығы учаскелік инспекторға Қасым Әзімхановтың мәселесімен шұғыл айналысуға бұйрық береді.
Учаскелік инспектор Қуаныш Сауранбаев Қасымның көптен білетін танысы еді. Бір жағынан соның үйінде пәтер жалдап тұрып жатыр.
– Қасеке, не істейміз, жағдай осылай болып жатыр, – дейді инспектор екі көзі алақтап.
– Қуаныш, қорықпа, жақсы ит өлігін көрсетпейді, менің кесірім саған тие қоймас, – деп Қасым бөлмесіне асыға кіре берді.
Бір-екі жейдесін, бір шалбарын ұстағышы сынған шағын шамаданына салып, теміржол бекетіне келіп, Алматыға баратын жолаушылар пойызына билет алды.
Үлкен қала жас жігітті өгей әкедей суық қарсы алды. Қалтасында көк тиын, тұратын баспанасы жоқ Қасым әбден қиналды. Алматыда оқитын жерлестерін біраз сығалап көрді, студенттердің де шекесі шылқылдап тұрған жоқ. Вокзалда түнеген күндері де болды. Бір күні арзанқолдау пәтер таппақ болып, Алматының атақты жетім бұрышына барды.
– Пәтер іздеп жүрсің бе? – деді ұзын бойлы, жылы жүзді жігіт, мен он бес сомға бір пәтер таптым. Қарсы болмасаң бірге тұрайық.
– Мен қарсы емеспін, жақсы болар еді… – деп Қасым сөзінің соңын жұтып қойды.
Пәтер іздеп жүрген тағы бір жігіт қосылып, үшеуі бір бөлме жалдап тұруға келісті. Таныса келе, жаңа таныстарының есімдері – Болат болып шықты. Қасымға қарағанда қос Болаттың жағдайлары тәуір, бірі – таксист, енді бірі – милицияда жұмыс атқарады.
Пәтер иесі бір айдың пәтер ақысын алдын ала талап еткенде, Қасым қатты қысылып, маңдайы терлеп сала берді.
– Жігіттер, былай ғой… – деп кібіртіктей сөйлеп, шынын айтты.
Жаңа таныстары құдай деген жігіттер екен.
– Ер жігіттің басынан не өтпейді дейсің, – деді таксист болып жұмыс істейтін ұзын бойлы Болат. – Байқаймын, біреудің ала жібін аттамайтын адал жігітсің, жұмысқа орналасқан соң, қайтара жатарсың. Еш алаңдамай бізбен бірге тұра бер.
– Еш қиналма, сөйт, – деп екінші Болат та жылы ұшырай қарады.
Сол-ақ екен, Қасымның тұла бойынан бір ауыр жүк түскендей болып, жеңілдеп сала берді… Жан-жақтан қосылған үш жігіт жарты жылдай бірге тұрып, бірге туған ағайындай болып кетті. Қасым Тамараға кездесіп, екеуі үйленіп, жеке пәтерге шықты.
Қасымға жұмыс табу оңайға тиген жоқ. Жазуға икемі болған соң, көбінесе газет-журналдардың есігін сығалайды. Ең болмаса корректор болып жұмысқа орналасуға талпынып көріп еді, еш нәтиже шықпады. Бір күні «Лениншіл жаста» жауапты хатшы болып қызмет атқаратын белгілі журналист Серік Әбдірайымовты іздеп барып, жағдайын айтты.
– Бізде техникалық редактордың орны бар, – деді Сәкең әңгіменің ашығын айтып, – бірақ еңбек жалақысы өте төмен – 50 сом ғана.
– Серік аға, мен аудандық газетте жауапты хатшы болып істегенмін, бұл жұмыс маған жақсы таныс. Алсаңыздар, қуана-қуана келемін.
– Қасым, сен ертең осы уақытта кел. Бүгін Бас редактор жоқ еді, мен айтып көрейін.
Қасым ертесіне жүрегі алып-ұшып, уақытынан ерте келді. Серік Әбдірайымов та өз орнында екен. Бас редактор Сейдахмет Бердіқұлов та өзінде болып шықты. Қасым қысыла-қымтырыла сәлем берді.
– Сәке, кешегі айтқан жігіт еді, – деді жауапты хатшы Қасымды таныстырып.
– Аудандық газетте жауапты хатшы болып қызмет атқарыпсың, біздің саладан хабарың бар екен. Алматыда жақын туыстарың бар ма? – деді Бас редактор Қасымға қарап.
– Ешкімім жоқ, ата-аналарым Жуалыда тұрады, пәтер жалдап тұрып жатырмын.
– Серік айтқан болар, атқаратын жұмысыңның айлығы өте аз, үлкен қалада қалай күн көресің? – деді Бердіқұлов басын шайқап.
– Аға, мені жұмысқа алыңызшы, сіздерді ұятқа қалдырмаймын, айлығы 30 сом болса да жұмыс істеймін.
– Серік, – деді Бас редактор тез шешім қабылдап – байқаймын, жұмыс істейтін жігіт, қабылдағанымыз дұрыс болады.
Ертесіне Қасым Әзімханов республикалық жастар газетіне техникалық редактор болып қызметке қабылданды. «Жыртық үйдің құдайы бар» демекші, белгілі журналист Қасым Әзімханов өзінің үлкен журналистикадағы қасқа жолын осылайша бастаған еді.
Қаламы ұшқыр қаламгер 1990 жылға дейін «Лениншіл жас» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып, жемісті еңбек етті. Журналистік шеберлігі үшін Қазақстан Журналистер одағының лауреаты атанып, мерейі өсті. 1990 жылы еліміздің бас газеті – «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке шақырылып, екі жыл абыройлы қызмет атқарды. 1992 жылы белгілі журналист «Жас алаш» газетіне Бас редактордың орынбасары болып тағайындалды. Көп ұзамай республикалық «Заң» газетіне Бас директор болып тағайындалып, заң және құқық органдарын жан-жақты насихаттауда елеулі жұмыстар атқарып, басылым Республика бұқаралық ақпарат құралдары арасында ерекше көзге түсті.
Қасым Әзімханов білікті, қарақылды қақ жаратын әділ басшы ғана емес, қаламы қарымды публицист ретінде ерекше көзге түсті. Республикалық басылымдарда өзекті мәселелерді көтерген мақалалары, очерктері жарық көріп, оқырман тарапынан жоғары баға алды.
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, бұрынғы Киров атындағы Қазақ университетінің ректоры Өмірбек Жолдасбековтің басына қара бұлт үйірілгенде, Қасым Әзімханов «Ақиқат теориясы» атты үлкен мақала жазып, белгілі ғалымның Қазақстан ғылымына қосқан үлкен еңбегін, кісілігін, адамгершілігін, парасаттылығын жан-жақты жазып, нағыз журналистке тән табандылық, принциптік таныта білді.
Азаматтың кім екендігін оның достарына қарап тануға болады. Есімі бүкіл қазаққа белгілі зиялы жандар Ақселеу Сейдімбеков, Жаныбек Кәрменов, Жүрсін Ерман, Қансейіт Әбдезұлы, Бақытжан Жұмағұлов, Ерғали Мұхитдинов және басқалар Қасымды қадірлеп, жақын достарына айналды.
Бүгінде мүйіздері қарағайдай белгілі журналистер мен Мемлекет және қоғам қайраткері Қайнар Олжай, Сапарбай Парманқұлов, Ертай Айғалиұлы, Бауыржан Омаров, Төрехан Данияров, Жанарбек Әшімжановтар Қасымның қамқорлығын, ізгілігін көрген қаламгерлер. Олар – Қасекеңді жаны парасатқа толы ұстаз санап, құрмет тұтады.
Қасым Әзімханов ұзақ жылдар бойы баспасөз саласында жемісті еңбек етіп, қол жеткен жетістіктері үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Белгілі қаламгер, Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Жамбыл облысы, Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Мемлекеттік бірнеше медальдардың және Құрмет Грамоталарының иегері. Өзінің үлкен бақытын шығармашылық ізденістен тапқан әріптесіміз бүгінгі таңда республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінің Бас редакторы.
«Ер жігіт өз өмірінде үш рет ақ үй тігеді, үш рет қара үй тігеді» деп ата-бабаларымыз тегін айтпаған. Әлемді қайғы-қасіретке бөктірген коронавирус індетінің кесірінен небір аяулы жандарымыздан айырылып қалдық. Қасымның құдай қосқан жары Тамара аузын ашса көмекейі көрінетін тамаша жан болатын. Бір Әзілхановтар әулетінің ғана емес, бәріміздің аяулымыз еді. Айналасына нұр, қуаныш сыйлап жүретін еңбекқор еді, баспа ісінің нағыз майталманы болатын. Қасым екеуі сонау алыстап кеткен 1976 жылдары бас қосып, өмірдің қызығы мен қиындығын бірге көрді. Дүниеге Әлиядай ару қыз, Бақытжандай ер тұлғалы жігіт келді. Екеуі де өмірден өз орындарын тауып, ата-анасының қуанышына айналды. Тамараның көретін қуанышы әлі алда еді. Сұм індет абзал ананы арамыздан алып кетіп, суық жердің қойнауына тапсырды. Бәрі де жаратқан Иеміздің қолында, жазмыштан оза алмайсың...
Бәріміз қабырғалы қаламгер, елі құрметтеген Қасым Әзімхановтың 70 жылдығын дүркіретіп өткіземіз деп дайындалып жүргенбіз. Қасекеңнің мерейлі тойының орнына, асыл жары Тамараның қырқын өткіземіз деп кім ойлаған?! Жалған-ай! Не дейсің? Қазақтың көрнекті жазушысы Шерхан Мұртаза айтпақшы: «Бір кем дүние» деген осы болар...
Иә, тас түскен жеріне ауыр. Қайғыдан қан жұтып, қабырғасы қайысып жүрсе де, Қасым сыр бермеді, өзін нар тұлға ретінде көрсетті. Иә, қайғыны қайратты жан жеңеді.
Ай ортақ, күн ортақ, жақсы адам ортақ. Қасым досым шын мәнінде жақсы адам, ол айналасына ізгіліктің, жақсылықтың нұрын шашып жүреді. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген қанатты сөз замандасымның басты қағидасы. Оның жүрегі қазағым, елім деп соғады. «Менің атым озғанша, көршімнің тайы озсын» дейтін азамат Қасымдай-ақ болар. Бойындағы осы асыл қасиеті үшін бәріміз оны жақсы көреміз, құрмет тұтамыз.
Айта берсем, өмірдің талай сындарынан сүрінбей өткен, құрыштай шыңдалған, үлкен бақытын, қуанышын өзінің сүйікті кәсібінен тапқан, жақсы ісімен елдің ырысына айналған, жетім мен жесір көрсе есіркеген, намазға жығылып, аузынан Алласы түспеген Қасым Әзімханов туралы жүрек жарды сөз көп.
Өмірдің жеті белесі – 70 жасың құтты болсын, сенің жүріп өткен қасқа жолың көпке үлгі! Әлі де асар асуларың көп болсын, Қасым дос! 70 деген не тәйірі. Шер-ағаң айтпақшы, екі отыз бес қой.
Суреттерде:
1) «Лениншіл жас» газетінің тілшісі Қасым Әзімханов, тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлынан сұхбат алуда. 1978 жыл.
2) Республикалық «Заң» газетінің Бас редакторы Қасым Әзімханов жұмыс үстінде. 2012 жыл.