Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:38, 29 Шілде 2022

Қатер 200 баланың өмірін жалмауы мүмкін...

None
None

Біздің қоғамда баланың парқы құнсызданғалы қашан? Үкіметтік биліктегілер өз баласы болмаса, қазақстандық балғындардың тағдырына қауіп төніп тұрса да, қыбыр етпейді.

«Елдің болашақтары» деп емешегі үзіліп тұрған бірі жоқ.

Шенді-шекпенділер президенттің пәрменін күтуге дағдыланған.

 Қияңдағы Қарқаралы ауданы Талды ауылындағы №19 мектебінде оқитын 200 бала төбесі опырылуға шақ тұрған білім ұясында жанын шүберекке түйіп білім алып жүр. Мектепте  апатты жағдай 2005 жылы қылаң бере бастаған. Өкінішке қарай, осы өңірді басқарған әкімқаралардың бірі іс қылмай кеткен. Шіркін,  «шенеуніктердің дәті неткен қатты еді?» демеске амал жоқ. Ұстаздардың айтуынша, қауіптің беті соңғы жылдары айтарлықтай үдей түскен.  

— Қыста қақырап тұрған қабырғалардан  азынап суық соғады. Шатыр жабындылары ішке қарай иіліп тұр. Төбеден тамшылаған қар мен жауын суы іргеге жайылып, тоқ көздері тұйықталып қалады. Бұл кезде қауіп екі есеге ұлғаяды. Жүз жылда сынбаған шөлмек, бір жылда қирауы әбден мүмкін. Осындай кезде оқушылардың өмірі үшін қатты уайымдаймыз. Үрейде жүрсек те, қайтеміз, балаларды оқытуымыз керек, – деп мұңын шақты өзінің аты-жөнін жазбауды өтінген мұғалім.

Айтпақшы, Қасым Аманжолов атындағы ауылдық округтің орталығындағы бұл мектепте 70-ке жуық ұстаз қызмет етеді.  Сыйымдылығы – 447 оқушыға арнап салынған білім ұясы 1989 жылы салынған. Жергілікті тұрғындар ағарту мекемесі әуелден талапқа сай салынбаған деп отыр. Ғимараттың шатыр жабындысы шойынмен шегеленген. Кетеуі кеткен мектепке «Технострой-Инжиниринг 2050» компаниясының  мамандары былтыр техникалық сараптама жүргізген көрінеді. Олар: «Ғимаратқа соңғы талапқа сай құрылыс жабдықтары мен дренажды жүйе құрылымдарын пайдалана отырып, арнайы жобамен қайтадан жаңа мектеп тұрғызу керек» деген қорытынды жасаған.

Осылайша, мектеп  сүрілу керек-тін. Қазіргі аудан басшылары  мәселеден хабардар. Әкімдік қажетті құжаттарды облыстық құрылыс басқармасына әзірлеп жібергендіктерін жеткізді. Енді хабарын күтіп отырған жайы бар. Айтпақшы, былтыр аудандық мәслихаттың  «Аманат» партиясынан сайланған депутаттары апатты мектеп тағдырын кезекті сессияда көтерген. Алайда, айтылған проблема сөзбұйдаға салынып, іске аспай қалған. Шәкірттердің болашағына қатер төндіріп тұрған мектептің жайына аудандық, тіпті облыстық білім басқармасы хабардар болғанмен жайбасарлық танытуда. Айтар уәждері біреу: «құрылыс жұмысына облыстық құрылыс басқармасы жауап береді, біз тек қабылдап аламыз» – деп міз бақпайды.

Облыстық құрылыс басқармасындағылар: «аталған елді мекендегі 200 оқушыға арналған мектептің жобалық-сметалық құжаты әзірлену үстінде. Құрылыс жұмысы 1 млрд теңгені құрап отыр. Жер аумағына қатысты актілер алынды, инженерлік-геологиялық міндеттер жүргізіледі», – деген жауап жолдады.  

Осы мәселеге қатысты, Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайынов: «Жаңа мектеп салуға облыстық бюджеттен 1млрд 800 млн теңге қарастырылды. Биылға облыстық бюджеттен 300 млн теңге бөлінді. Облыстық білім басқармасы жақында конкурс жүргізеді. Мердігер анықталған соң, құрылыс жұмыстары басталады. Келесі жаңа оқу жылында Талды ауылының өрендері жаңа мектепте білім алатын болады» – деді.

 Табиғаттың қаhары қатал. Қираудың алдында тұрған балалардың білім ошағы дүлей дауылдың құшағында қалып, жазатайым жайтқа тап болса, болашағымыздың құнын кімнен сұраймыз? Жауапкер тұлғалардың ешқайсысы апатты алдын алу үшін қандай шаралар жасалатыны жөнінде жақ ашпай қойды.

Әлде, «болсын, кезінде көре жатармыз»  дейміз бе?

Тегтер: