Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:42, 23 Маусым 2021

«Қатын – жолда, бала – белде»

None
None

Үйінен ас ішпейтін әкімге таңғалмаймыз

Қалибек Данияров деген ақынсымақ бар еді. Әйгілі Храпуновтың әйелінің әкесі. Өз басынан өтсе керек, соның «Өз үйіңде сұм болма» деген өлеңі бар. Бірақ сұмның аты сұм емес пе – қайда жүрсе де, сұмдығын жасамай тұрмас.

       Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өз үйінде тамақ жемей, көшеден жеп, қарнын тойдырып келетін адам екен. Құдай біледі, сосын теріс қарап ұйықтап қалуы да мүмкін. Ер азығы жолда деп. Бала белде, қатын жолда. Ақшаң барда, билігің қолда болса – солай енді… Бұл Қазақстанда.

«Сіздің семьяңыз ай сайын тамаққа қанша ақша шығындайды» деген журналистің қарапайым сұрағына Атырау облысының әкімі тым күрделі жауап беріпті: «Мен өзім Атырауда тұрамын. (Өйткені өзі – сол облыстың әкімі ғой?). Бала-шағам, немерелерім Нұр-Сұлтанда тұрады. Әйелім біресе солармен бірге, біресе менімен тұрады. Мен үйден тамақ жемеймін», – деп қойып қалған екен әкім.

       Дәл бұл әкімге ғана емес, қазақ шенеуніктерінің көпшілігіне тән енді мұндай жағдай. Өзі кеткен Алматыда бір семьясы, күректеп ақша тауып отырған Астанасында екінші семьясы бар көпшілігінде. Екі әйелі де (екеуден де көбі бар), екі әйелден тарап жатқан үрім-бұтағы да мәз. Ақшаның мысы жанында отбасы құндылығы құнсызданып кетеді. Өйткені кез келген әйелді ала аласың. Ішкенің – алдыңда, жемегенің – артыңда.

        Байқасаңыз, әкімдік, министрлік сияқты мықты мекемелердің бастықтары үйінде көп болмайды. Бар өмірі жұмыста өтеді. Қалғаны жолда өтеді. Дәл қазір аспанда қанша шенеуніктің қай қала-облысқа ұшып-қонып бара жатқанын бір Құдай біледі. «Мен мына жайсыз облыста ақша таба тұрайын, сендер ана жайлы қалада жүре тұрыңдар» деп, жаны ашыған болар енді...

        Айтпақшы, Путиннің бірінші әйелі жыларман болған: «Кешке дейін күйеуін күтіп, тамақ жасап қойғанда жұмыстан шаршап келген күйеулері әлгі тамақты мақтап-мақтап жеп алатын әйелдерге қатты қызығатынмын», – депті. Өйткені сол бейшара әйелдің күйеуі болған Путин жастау кезінде үйге келеді екен де, әйелінің күні бойы тыраштанып жасап қойған асынан бір қасық қана жеп, үстелден тұрып кетеді екен. «Жалынғанда әрең жейтіні бір қасық еді Путин-пақырдың», – деген еді оның бұрынғы әйелі.

Тегтер: