Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:19, 06 Сәуір 2022

Қатырма қағаз кімде жоқ, адамгершілік дипломы бір басқа

None
None

      Республикалық телеарналардың бірі Қазақстанда тағы бір жоғары оқу орны – Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті жабылғаны жайлы жүгіртпе жолмен хабар таратқанда, түк те таңңалғанымыз жоқ.

Ұрпақ санасын улап жатқан университеттерді бір-бірлеп емес, он-ондап жапса да обалы жоқ деген ойда болдық.

      Бандиттің маскасын киіп төтеннен кіріп келген тәуелсіздік әлемдегі ең үздік  кеңестік білім беру жүйесінің бел омыртқасын үзіп жіберді. Шаңырағы шайқалып, қабырғасы қақыраған білім ошақтарын қалпына келтіруге тыраштанған билік «Асыра сілтеу болмасын, дипломсыз адам қалмасын!» деп аз ғана уақыттың ішінде ЖОО-дың санын 2ОО-ге бір-ақ жеткізді. Облыс орталықтарын айтпағанда кішігірім кенттерде орын теуіп, ауылдарда филиалдарын ашып тастады. Осылайша, әлемде теңдесі жоқ тәжірибені – халықты жаппай дипломдандыруды жүзеге асырды. Ол шіркіндеріңіз білімнің сапасына емес, жұрттың қалтасына қарап еш кедергісіз, тоқтаусыз диплом басып шығарып, қатырма көк қағазды үлестіруді үздіксіз үлкен қарқынмен жүргізді. Ел ішінде «дипломания» дерті дендеп, күреп пайда табуды көздеген ашкөз пысықайлар жоғары оқу ордаларын бизнес орталығына айналдырып,  озық ойлы отаншыл мамандар даярлауды басты мақсат тұтқан жоқ. Бизнес өрлеген сайын адалдық артқа шегініп, ашкөздік алға озып кетті. Сонымен адамның барлық қадір-қасиеті: тектілігі мен тазалығы, ұқыптылығы мен еңбекқорлығы, ақыл-ой мен адамгершілігі бір жапырақ қағазбен бағаланатын бейдауа заманға тап болдық. Бір сөзбен айтқанда, қатырма көк қағаз – диплом адам деген ардақты аттың эквивалентіне айналды. Дипломы жоқ адамды ұн елегіштен өтпей қалған қоқыс кебектей көріп, кеудесінен кері итеріп тастайды.

      Диплом – өмірге берілген жолдама деген сөз асыра сілтеп, артық айтылған сөз. Қараңыз, оқу орнын бітіргендерге ғана емес, конкурс, фестиваль, байқау, көрмедегі керемет көріністер үшін де диплом беріліп жатады. Бәрін бір жапырақ қағазбен өлшеп-пішуге келмейтін тәрізді. Өткенде халықаралық бір көрмеде Ресейдің асыл тұқымды аналық шошқасы тірі салмағының тез өсімі мен торайларды көп табатыны үшін бірнеше дипломды қанжығасына байлап кетті. Ал керек болса. Сонымен біздің айтайын деп отырғанымыз қай диплом дейсіз ғой?

      Кеңес өкіметі кезінде аупарткомның бірінші хатшысы болып істейтін ағамыздың алдына ауыл шаруашылығы институтын бітірген жас маман келіп, алтын суын жалатқан жазуы бар көк түсті қатырма қағазды ұсыныпты.  Ағамыз оны қолына алып, олай-былай ақтарып көріпті де: «Ойдағыдай оқыған көрінесің, ендеше, пәлен совхоздың түген бөлімшесіне барып, бағыңды сынап көр. Жақсы еңбегіңе қарай жоғарылатамыз, қабілетіңе қарай көтереміз», депті. Жас жігіт шаян шағып алғандай шоршып түсіп: «Оу, көке, не деп отырсыз? Алматыда бақандай бес жыл бас қатырып, шалғайдағы ауылдың шаңын жұтып, түкпірдегі елдің түтініне шашалып жүру үшін оқыды дейсіз бе?» деп қиқар мінез танытыпты. Сонда ақылды ағамыз түсін суытпай, жылы шыраймен: «Е, сенің агроном дипломың болғанымен, адамгершілік дипломың жоқ екен ғой. Қайтейін, қарағым, бара бер онда», деп, шығарып салыпты. Адамгершілік дипломы қолға түсе бермейтін аса құнды дүние: сұрап, ұрлап, сатып, қарызға алуға болмайды. Оны адамға Алла-тағаланың өзі береді. Адамгершілік дипломы біздің ата-бабаларымыздың бәрінде болған. Айрықша атап айта кетейік: Шәмші Қалдаяқовты консерваториядан қуып салған сабаздар болашақ ұлы композитордың қалтасында адамгершілік дипломы болғанын қайдан білсін? Алла-тағала адамгершілік дипломын өзінің сүйікті құлдарына береді. Оны қолмен ұстай алмайсың, көзге көрінбейді, тек жүрекпен ұғып, ойша саралап, ақылмен ажырата аласың. Ол диплом ұятты ұмытпайтындарға, ардан аттамайтындарға, аманатқа қиянат жасамайтындарға, ұлтжанды ұлдарға, еңбексүйгіш елгезек ерлерге, жүрегі жомарт жандарға, қанағатшыл, қарапайым, қайырымды, кішіпейіл кісілерге беріледі. Біз болсақ қара базардан саудалап алған,  оқу орнының емен есігінен анда-санда бір сығалап қойып, түрлі қитұрқылықпен қолға түсірген қатырма көк қағазға мәз болып жүреміз.

      Қазақстан халқын жаппай дипломдандыру әлі күнге қарқынын жоғалтқан жоқ. Сапасыз білім беріп, диплом басып шығарып жатқан ЖОО-ды жабуға министр Аймағамбетовтың ақылы жеткенмен, қауқары жетпей жатқан сияқты. Жекеменшік ЖОО-ды қызғыштай қорып, қамқорлыққа алып отырған монстрлар өліспей беріспейтін тәрізді. Халықты жаппай дипломдандырғанымыз бар болсын, өз елімізде Ресейдің жетекші ЖОО-ның филиалдарын ашып, жетістіктерін «жалға» алып отырғанымыз білімнің былығып, ғылымның құлдырап кеткенін көрсетіп тұрғандай.

      Ауыр дертке айналған дипломанияның «жемісі»: Қызылорда облысында жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген 112 мұғалім анықталыпты.  Таңғалатын түгі де жоқ.  Егер бұл мәселені түп-тамырымен қопарып, тереңірек  індете тексерсе Түркістан облысында 4ОО, Алматыда 6ОО жалған дипломмен «жемісті» қызмет етіп жүрген мұғалімсымақтардың табылатынына күмән жоқ. Сауатсыз адамнан шала сауатты адам анағұрлым қауіптірек десек,  сол құрғырларыңыз жас ұрпаққа қаншама қиянат жасап, ар-ұяттан аттап, жалақы алып, жан бағып жүр десеңізші. Сауатсыз молданың сәлдесі үлкен болатыны сияқты, «басында ми жоқ, өзінде ой жоқ» (Абай)  сабаздардың кеуде керіп, білгішсініп жүретінін  қайтесіз.

       Бір аудан әкімінің өмірбаянына көз жүгіртіп көргеніміз бар еді.  Жағамызды ұстадық: 4 жоғары оқу орнын бітіріпті. Мұның бәріне қалай, қай кезде үлгерген десеңізші. Әкім болу үшін оқыған ба, әлде оқу үшін әкім болған ба деген ойда қаласың. «Кесені қолыма ұстап қарай бердім, Ішінде нақақ көздің жас бар ма деп» Сұлтанмахмұт айтқандай, сол қатырма көк қағаздардың арасынан адамгершілік дипломының бар-жоғын байқай алмадық. Жаппай дипломдандыруға сәуле түсіріп, сара жол салып тұрған  саланың бірі – сырттай оқу бөлімдері. Сырттай оқу сорымыз екеніне мән бермей келеміз.  Айтыңызшы, педагогика мен мұғалім әлемін сырттай танып білуге мүмкін бе?

      Білім беру жүйесі отыз жылдан бері оңбай таяқ жеумен келеді. Бірінен-бірі өткен сорақы реформалар түбімізге жетпегенмен, тұралатып тастады. Мектеп жасындағы балаларымыз Семей полигонынан бірде кем соқпайтын сынақ алаңына айналды. Мектеп табалдырығын енді аттаған, оң мен солын толық танып үлгермеген, өз ана тілінде жарытып сөйлей алмайтын  бүлдіршіндеріміздің тілін орысша, ағылшынша сындырып, ақыл-ой, санасына салмақ түсіріп, бүлдіріп жатырмыз. Тілі шұбар, соткаға құмар ұрпақ өсіп келеді. Бұл тақырып көптен бері қозғалып келе жатқанымен, билік айтқанынан қайтар емес. Жапон елінде бала 12 жасқа толғанша тек өз ана тілінде білім алатыны тегін емес-ау деп ойламаймыз.

      Ауылдың бір қара шалы құйрығы жер сүзетін семіз қошқарын сүйрелеп, теміржол вокзалына келіпті. Адамдар түсіп, мініп жатқан вагон текпішегіне  тақап келгенде, жолсерік қыз таңғалып:   «Ата, қайда бара жатырсыз?», деп сұрапты. Шал: «Қалада оқитын балама барамын», депті. Қыз қошқарға бір, шалға екі қарап: «Мынауыңыз не?» деп қошқарды көрсетіпті. Сонда шал күйіп-пісіп: «Бала емес, осы қошқар оқиды, қошқар!», деген екен. Сол айтқандай, қазы-қарта, жал-жая, конверт, шапан-шаттық, сый-сияпат, тамыр-таныстық жаппай дипломдандыру үрдісін бір жағынан жеделдетіп, екінші жағынан жеңілдетіп жатыр. «Құдайдың бермегенін Сорбонна университеті бере алмайды» деген сөзге сенбейтін секілдіміз.

      Біздің айтып отырған адамгершілік дипломының алтын арқауы – бірін-бірі толықтырып тұратын екі тармақтан тұратын секілді. Бірінші «… жаным арымның садақасы» дейтін ұлы бабаларымыздың аманаты, тереңнен тамыр тартатын тектілігі мен асыл қасиеттері.

Екінші Конфуцийдің «Төрт нәрсеге үйретемін: бірінші – кітапты түсініп оқуға; екінші – адамгершілікті сақтауға; үшінші – Отанға адалдыққа; төртінші – әділдікке» деген сөзі.

      Даналық ойдан дән іздейік.

Тегтер: