Қауіп қайдан демеңіз?
«Апат айтып келмейді» демекші, аяқ астынан Түркия мен Сирияда болған алапат жағдай қаншама адамның өмірін қиып кетті.
Көршілес елдерде болып жатқан бұл апаттан Қазақстан халқы да үрейленіп қалғаны рас.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» еліміздегі жер сілкінісінің ошағы саналатын Алматы қаласында да зілзаланың болу қаупі халықты үрейлендірмей қоймады. Себебі, кеше ғана, яғни, 6 ақпан күні еліміздің оңтүстік өңірлерінде 5,4 балл жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің 2 балдық дүмпулерін ШҚО-ның Зайсан қаласының және Күршім ауылының тұрғындары сезінген. Дегенмен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Сейсмология институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, физика-математика ғылымының кандидаты Нұрсәрсен Өзбеков Алматы полигоны аумағында аса бір үлкен жер сілкінісі болмайды деген болжамын айтты.
— Күні кеше ғана біз Алматы полигоны аумағындағы жер сілкінісінің орташа мерзімді болжамы бойынша қорытынды әзірлеп, уәкілетті органдарға тапсырдық. Бұл тұжырымға сәйкес, 2023 жылы Алматы полигоны аумағында жеті баллдық күшті жер сілкінісі күтілмейді. Ғылыми-зерттеу тұрғысынан алғанда, 200-ден астам болжамдық параметрлерді талдау негізінде құрастырылған апта сайынғы қысқамерзімді қорытынды әзірленеді. Осы тұжырымдар бойынша алдағы аптада да бәрі тыныш болады, — дейді ғалым.
Сондай-ақ Нұрсәрсен Өзбеков Қазақстандағы сейсмикалық қауіпті аймақтарға қай жерлер жататынын атап өтті. Оның пікірінше, «Шығыс Қазақстан облысынан Қызылорда облысына дейін сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Ал ол жердегі дүмпулер 7-9 балға дейін жетуі мүмкін. Әсіресе, Алматы өңірі Орталық Азиядағы қауіпті аймақтардың бірі. Бұрын бұл жерде жойқын жер сілкінісі бірнеше рет болған: 1887 жылы Верный жер сілкінісі және 1911 жылғы Кемин жер сілкінісі», – дейді сейсмолог.
Ал жер сілкінісіне Қазақстан қаншалықты дайын деген сұраққа сейсмологтар еліміздегі сейсмикалық қауіптілік бойынша тұрақты түрде жұмыс істеп, жалпы сейсмикалық аймақтарға бөлу мен жеке аймақтарға бөлу деп аталатын карталарды әзірлеуде. Сонымен қатар, мұнда сейсмикалық қауіпті, сейсмогендік аймақтар сейсмикалық әлеуетінің көрсеткіші көрсетілген. Одан басқа елді мекендер үшін де арнайы карталар да құрастырылғандығын айтады.