Қауіпсіз ел болудың кілті – қорғаныста
Қауіпсіз ел болу үшін мемлекеттің қорғаныс саласы мығым, әскері айбынды болуы керек.
Шілденің басында қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов Жетісу облысына іс-сапармен барды.
Ол жұмыс сапары кезінде Жаркент қаласында орналасқан бөлімшелерді аралап, саланың жағдайын өз көзімен көріп қайтты. Ведомство басшысына жергілікті гарнизон бастығы подполковник Нұрлан Абаев бөлімшелерді аралатып, ондағы жағдайды жеткізіп, жауынгерлік мүмкіндіктерін, сондай-ақ саланың жасақталуы мен жарақтандырылуын көрсетіп, жағдайды толық баяндады.
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы гарнизонды аралаған генерал-полковник Руслан Жақсылықов шекара шебіндегі әскери нысанның жай-күйімен толық танысып шықты. Ол штаб пен полигонда болып, әскери атыс орындарын аралап, оқу корпустарын өз көзімен көріп, инфрақұрылым нысандарының шарт-жағдайымен танысты. Одан бөлек, әскери қалашықтың тұрғын үй қорын да өз көзімен көріп шықты. Министр бұл жолғы сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын іске асыру бойынша атқаралып жатқан іс-шаралардың орындалу барысына мән берді.
Сонымен бірге ол қару-жарақ пен әскери техниканы, оқ-дәрі сақтау сияқты бірқатар жұмыстарды толық тексерді. Қызметтік сапар соңына қарай сала басшысы гарнизон басшыларына бірқатар тапсырмалар берді. Мәселен, инфрақұрылымды ұстау мен күтіп-баптау, оқ-дәрілерді қауіпсіз орында сақтау және қамтамасыз ету, сонымен бірге жауынгерлік даярлықты пысықтау, қызметтік жұмыстарды ұйымдастыру мен атқару бойынша нақты міндеттер қойып, нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ қорғаныс министрі сол сапарынан бірер күн өткеннен кейін Мемлекет басшысының қабылдауында болды. Қабылдауда биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған шаруалардың қорытындысы бойынша есеп берді. Нақтырақ айтқанда, Р.Жақсылықов Қ.Тоқаевқа армия бөлімшелеріндегі жауынгерлік дайындықты баяндап, екінші жартыжылдыққа жоспарланған оқу-жаттығу шаралары туралы мәлімет берді. Алдағы уақыттарда еліміздің әскерилері халықаралық әскери ойындарға қатысатыны туралы да айтылды. Осы жолғы кездесулерінде қорғаныс министрі арнаулы операцияларға қатысатын күштік құрылымдарды дамыту, қару-жарақтар базасын молайту, оқ-дәрілердің қауіпсіз сақталуын қамтамасыз ету сияқты президент тапсырмаларына есеп берді. Сондай-ақ сала басшысы Қазақстан президентіне отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің әлеуетін пайдаланып, Қазақстан армиясын заманауи қару-жарақпен, әскери техникалармен жарақтандыру, әскери инфрақұрылымды дамыту сияқты нақты тапсырмалардың орындалуын баяндап, есеп берді.
Мемлекет басшысының қабылдауында болған қорғаныс министрі қоғамды алаңдатқан ең өзекті мәселенің бірі – сарбаздардың қауіпсіздігіне де тоқталды. Әскерилер арасындағы әлімжеттікті болдырмау, әскерилердің өлім-жітім мәселесінің сап тыйылуына да ерекше мән беріп, ерекше екпін берді. Әскери саланы жетілдіру уақыт күттірмейтін жағдай екені баршаға аян. Әсіресе Ресей мен Украина жағдайы соның айқын дәлелі. Кездесу соңына қарай Қ.Тоқаев қорғаныс министріне бірқатар тапсырмалар берді. Мәселен, қарулы күштердің дайындығы мен әскери базасын кешенді түрде қамтамасыз ету және дамытуды, әскерилердің жауынгерлік дайындығын шыңдауды тапсырды. Сондай-ақ Қазақстан президенті елдің қорғаныс саласын арттыру және қауіпсіз мемлекет құру бойынша қосымша міндеттер жүктеді.