Қауіпсіздік белдігін тақпағанның ғұмыры қыл үстінде
Қарағанды облысының тұрғындары жарақат алудан алдына жан салмай тұр. Басқа түскен басқа кеселге қарағанда, «тілеп алған» ауру қаулап барады.
Бертінгі кездері айына екі мәрте ел алдына ескертумен шығып жүрген облыстың бас травматолыгы Еркін Шонбаев мерекеде беймаза жатқан БАҚ өкілдеріне ерекше мәлімдеме жасады. Жайшылықта да бел жазбай жүрген травматолгтардың бұл жолы шыдамы шегіне жеткенге ұқсайды. Өйтпегенде ше? Тек соңғы екі күнде Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханасының травматология бөлімшесіне 441 науқас көмек сұрап келген. Жағдайы мүшкіл 36 адам емдеу мекемесіне жатқызылған.
– Шілденің 6-сы мен 8-і аралығында жол-көлік оқиғасынан 19 адам жапа шексе, 205 кісі көшеде жарақат алған. Бұл күнгі статистиканың 37 пайызын балалар құрап отыр. Мектеп оқушылары велосипед, ролик, мотороллер тепкенде қорғаныс құралдарын киіп жүруді ескермейді. Бұған олардың ата-аналары кінәлі, – дейді Х.Мақажанов атындағы көпбейінде аурухананың ахуалдық орталығының жетекшісі Е.Шонбаев.
Халыққа қатаң бақылау қажет
Қоғамдағы өлім-жітім мен жарақаттың негізгі себебі қауіпсіздік белдігінен шығып жатыр деген пайымды меңзеген сарапшы Айдар Есім өз ойын былай сабақтайды:
– Қауіпсіздік белдігін тағынатын жолаушылардың 70 пайызы көлік апатынан дін-аман қалатынын әлемдік тәжірибе дәлелдеді. Өкінішке қарай, бұған өзіміздің жол полицейлері көзжұмбайлықпен қарап келеді. Құқық қорғаушылардың салғырттығынан жолаушылар жүгенсіз кетті. Естеріңізде болар, бұдан бірнеше жыл бұрын (сол кезде МАИ қызметкерлері деп айтатын едік) жол полицейлері белдікке елеусіз қараған тізгіншілерді тезге салды. Айтқандарына көнбегендерін айыппұлмен жазалады. Қармаққа ілінгендер айылын жия бастап еді. Алайда, аталған шараның мерзімі тым қысқа болды. Жылт еткен жақсы бастама жылға жетпей сап тыйылды. Әлде «майшабақтардың» шамына тиді ме екен? Қазір жеңіл көліктегі жүргізушілердің екі езуі екі жақта, жағалары жайлауға кетті. Байқаған боларсыз, жеңіл көліктегі жүргізушілердің бір қолы тізгінде, екінші қолымен телефонмен сөйлесіп, тіпті ватсаппен хабарламалар жазып отырған келіншектерді көріп жүрміз.Үйреншікті әдетке айналды. Мұндай бұғаусыздықтан кейін жеңіл көліктен жарақат алушылар қайдан көбеймесін? Жарақат демекші, қауіпсіздік белдігін тағынбастан, көліктің алдында баласын бірге алып отыратын қамсыз аналар көп. Жалпыға ортақ талап бойынша нәрестелі әйелдер артқы жақта отыру керек. Ал көлік ішіндегі бөбекті арнайы креслоға жайғастырған абзал. Аталған бұйрықты өркениетті елдер айтқызбай-ақ орындайды. Сонда заңның тым жұмсарып кетуіне кімді кінәлаймыз? Әлбетте, оған бақылауды уыстан шығарып алған жол полициясы жауапты. Өйткені мемлекеттің кез келген заңы – қырағы қадағалаудың арқасында ғана қалтықсыз іске асады, – дейді сарапшы.
Өткен аптада халықаралық арналардың бірінде еуропалық сарапшылар әлемде жол көлік оқиғасының жарақаты соғыс кездегіден артық болмаса, кем түспей тұрғанын қынжыла айтқан еді. Олай деудің жөні бар. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жер жүзінде жылына 3 мың жолаушы көлік апатынан зиян тартады. Зерттеушілер 2030 жылы бұл көрсеткіш 3,6 млн-ға жетуі ықтимал екенін болжап отыр. Біздің елде де жағдай мүшкіл. Республикалық статистика комитеті былтырғы 13,5 мың көлік апатында 20 мың адам жарақатқа тап болғанын алға тартып отыр. Бұл елдегі 100 мың тұрғынға шаққанда – 105 отандасымыз деген сөз. Осы көрсеткішпен Қазақстан әлемде көш бастап тұр. Қазақстанда қауіпсіздік белдігін тағынбағандар 5 айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл арқалайды. Оның төл валютамен шаққандағы мөлшері – 17 250 теңгені құрайды. Қарапайым бұқара ол қаржыны өтеудің жарасы жеңіл деп қараса, шікірейген шенеуніктер шыбын шаққан құрлы көрмейді. Жыл басында ВВС әлемдік агенттігі осы қауіпсіздік белбеуіне қатысты төрткүл дүниенің назарын аудартқан бірегей ақпарат таратқаны есте. Британ елінің оңтүстік батыстағы Ланкашир қаласының полициясы Англияның екінші ықпалды тұлғасы – Риши Сунакқа көлікте қауіпсіздік белдігін буынуды ұмытқаны үшін 100 фунт, яғни 150 еуро көлемінде айыппұл салды. Кінәсін мойындаған қарапайым премьер-министрінің орнында біздің министрлердің бірі болса, жылы жауып қояр еді. Қалай айтсақ та, жарақатпен қоса жазаға ұрынбас үшін әркім сақтық шараларын ұстанып жүргені абзал.