Қауқарсыз құрылым қылмыскерді құрықтай ала ма?
Соңғы жылдары елімізде ғаламтор алаяқтарының құрбандары күрт көбейген. Алайда кибер қылмыстар саны артып, ғаламтор арқылы үптеп кетудің сан түрлі жолдары тарап, алданған халықтың шығыны миллиардтап саналса да, осы күнге дейін бірде бір шетелдік алаяқ ұсталмапты.
Көп жағдайда «киберқылмысты жасайтындар шекараның арғы жағында отырып әрекет етеді» деп ақталатын құқық қорғаушы органдар да ештеңе істей алмай отыр. Алайда бұл қауқарсыздық қашанғы жалғаспақ?! Ақпараттық технологияның дамуына қарай хат алысып, хабарласудың өзінің бірнеше мүмкіндігі пайда болды. Әлеуметік желі де барған сайын уақыт сұранысына сай түрлене түсуде. Ал полициямыздың дамуы бір орнынан мызғитын емес.
Мәселен бірнеше жыл бұрын жасөспірімдер үшін Vkontakte парақшалары қауіп тудырды. Тіпті ересектердің өзі ВК парақшасындағы түрлі ағымдардың жетегіне еріп, Сирия асқаны есте. Ол кезде де құқық қорғау орындарының қауқарсыздығынан, дер кезінде алдын алып үлгермеу салдарынан талай қандасымыздан тірілей айырылдық. Бірнеше жыл өткен соң мемлекеттің араласуымен тірі қалғандарын «Жусан» операциясын ұйымдастырып, ұшақпен әкелуге мәжбүр болдық. Әлеуметтік желідегі «Көк кит» секілді қауіпті ойындар да талай жасөспірімyің түбіне жетті. Ол кезде де полициямыз бәрін ғаламтор алаяқтарына жауып істі жылы жапты. Полициямыздың қауқарсыздығынан ересектер Сирия асса, жасөспірімдер «Көк китпен» суицид құрбаны болды. Осы «өлім ойыны» әлі де жалғасуда. Бірақ енді балаларды суицидке шақырушылар ВК-дан, телеграм каналдарға көшкен.
Балаларды суицидке шақыратын каналдар ойларына келгенін істеп отыр
Енді қазір балаларымызға Telegram арналар қауіп төндіріп отыр. Өлудің түрлі жолдарын үйретіп, онсыз да өтпелі кезеңде сансырап жүрген жасөспірімдерді өзіне қол жұмсауға шақырып отыратын каналдар көбейіп кетті. Түрлі тапсырма беріп, санасы қалыптаспаған жас буынды жаман жолға итермелейтін каналдар көп. «Научим вас как безболезненно убить себя», «Гей и порно», «Как болезненно убить себя и многому другому» секілді атының өзінен адам шошитын каналдар дәл қазір баршаға қолжетімді. Кәмелеттік жасқа толмаған қыздарды өзінен үлкен ер адамдармен араласуға итермелейтін, топ мүшелерін бір-бірімен жақын танысуға міндеттейтін де топтар бар. Шыны керек елімізде ғаламтордағы балалар қауіпсіздігі қорғалмаған. Әлдеқандай жағдайға ұшырай қалса құқық қорғау орындары да қорғауға қауқарсыз. Мәселен, өткен жылы елімізде 160-қа жуық бала суицид жасаған. Биылғы жыл басынан бергі көрсеткіш те көңіл көншітпейді. Әйтсе де құзырлы орындар үнсіз. Мұндай каналдардың әкімшісін анықтап, шара қолдануға қауқарсыз құқық қорғау орындары үнсіз. Соны білген ғаламтор алаяқтары ойларына келгенін істеп жатыр.
Есірткі сатушылар да еркінсіп кеткен
Телеграм каналдарда есірткі саудалаушылар да өріп жүр. «Студенттерге жұмыс бар» деп, жарнамасы жер жарған сондай каналдардың біріне жазып көрдік. «Аз уақытта көп ақша табуға болады. 20-25 жас аралығындағы жастар керек» деген жарнама кім-кімді де қызықтырары сөзсіз.
— Сәлеметсіз бе, қандай жұмыс, – деп жаздық.
— Сәлеметсіз бе, қай қаладансыз және жасыңыз нешеде? — деп іле-шала жауап жазды.
— Алматыданмын, жасым 22-де деп жазғанымды көре сала.
— Сізбен жұмыс істейміз. Тауар – жеңіл есірткі. Қауіпсіздік ережелерін сақтаған жағдайда жұмыстан еш қауіп жоқ. Тәжірибе ұнамаған жағдайда бас тартсаң болады. Интернетте аноним болу үшін барлық ақылы бағдарламаларды түсіндіреміз, – деді «жұмыс берушім».
Тым еркіндігі таңғалдырды. Ашықтан ашық атап, тіпті айылын жияр емес.
– Ал тауарды қайдан аламын? – деп сұрадым сосын.
– Толықтай сені дайындаймыз. Дайын екеніңе көз жеткенде ғана іске кірісесің. Жалақы аптасына екі рет, сейсенбі және жұмf күндері төленеді.
– Ал ұсталып қалсам ше? – деген сұрағыма.
— Қауіпсіздік ережелерін сақтаған жағдайда жұмыстан еш қауіп жоқ. Телефоныңда аноним болу үшін барлық ақылы бағдарламаларды түсіндіреміз, өзіміз дайындаймыз», – деді.
Бастапқыда «жұмыс беруші» күніне 20 мың теңге табуға болатынын айтып сендірген болатын. Оның сөзінше, есірткіні жеткізген адам алғашында әр жеткізуге 650 теңге алса, одан кейін 1300-1400 теңгеден алады екен. Ал әрбір дұрыс жеткізілген тауар 3300 теңге көрінеді. Жан қиналатын жұмыс емес. Бір жерден екінші жерге тауарын жеткізіп беруге келісетін жастар жетерлік. Ендеше, жастықпен келісіп, ұсталып қалып «шабақ» ретінде түрмеге түсіп, ал «шортандары» бостандықта қала беретін мұндай жүйе қанша жасты құрбан етті екен.
Ал полиция не дейді?
Аталмыш мәселеге орай тиісті орындарға сауал жолдадық. Алматы қаласының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы интернетті тұрақты негізді талдау арқылы осындай деректерді анықтаумен айналысатынын айтады.
«Сонымен қатар анықталған Telegram-мессенджерлері автоматты түрде бұғаттау үшін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Кибербақылау» ақпараттық жүйесіне жолданады. Биыл осындай 45 сайт бұғатталды. Осындай мессенджерлерді ұйымдастырған тұлғаларды анықтаудағы негізгі мәселе – бұл сайттар VPN қолдана отырып Қазақстан аумағынан тыс жерлерде, мысалы, Швейцария, АҚШ, Ұлыбритания серверлерінде тіркеледі. Яғни олардың IP мекенжайларын ұйымдастырған тұлғаның кім екенін анықтау қиынға соғады» деген жауап алдық. Ашықтан ашық, қауқарсыздығын мойындап отырған құқық қорғау саласына не дерімізді білмедік. Бірнеше сауал жолдасақ та, бәрін бір ауыз сөзбен түйіндеп, сөзді қысқа қайырыпты.
Басқарма мәліметінше, мұндай арналар Қазақстанда емес, көбіне шетел арқылы басқарылады. Яғни бүгін жапқанымен, иелері ертең тағы бір арнаны ашып алып отыра береді. Ал ақшадан қысылған студенттер есірткі тасымалдаймын деп түрмеден бір-ақ шығып жатыр. Яғни құзырлы орындарымыздың қауқарсыздығынан жастарымыз құрбан болуда. Ал есірткі тасымалының жоғары жағында отырғандар байыған үстіне байып, құқық қорғау орындарының дәрменсіздігін оңтайлы пайдаланып отыр.
Түйін
Қазақстандықтар шетелдік алаяқтардың шабуылынан қорғалмаған. Яғни халықты телефон алаяқтарынан қорғайтын елімізде бағдарлама жоқ. Қытайда, Америкада, тіпті Өзбекстанның өзінде алаяқтардың арбауынан қорғайтын бағдарлама бар. Алаяқтар өзгенің атынан басқа адамға хабарласып, алдай алмайды, ондай мүмкіндік жоқ, бұғатталған. Ал бізде ондай бағдарлама жоқ. Бұл тікелей Бағдат Мусин басқаратын министрліктің құзырындағы шаруа! Қанша жерден сандық жүйе енгіздік, дамып кеттік деп жарияға жар салса да халық қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмай отыр. Амал жоқ, тонала тұрамыз, алдана береміз!