Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:49, 11 Қазан 2022

Қауқары жоқ «қуыршақ кандидаттар» кімге сенеді?

None
None

Ертеңнен бастап, Президент сайлауына қатысты бәсеке басталады. 11 қазан кандидаттарды ұсынудың ең соңғы күні.

Мәреден кім бірінші келеді, халық қай кандидатқа көбірек сенім артады? Енді алдағы бір жарым ай бойы біз осы аламан бәйгені тамашалайтын боламыз.

Бірақ ең бір қызығы, сарапшылар: «бұл президенттік сайлау іш пыстырарлықтай деңгейде өтеді» дегенді айтып жатыр. Шынымен де солай ма?  Мұның себебі неде? Әлде, президенттік сайлауға түсіп жатқан үміткерлерге сенім жоқ па? Жоқ әлде, олар Тоқаевқа қарсылас бола алмай ма? Бұл сауалдар саясаттың маңайында жүргендерді ғана емес, сонымен қатар халықтың басым көпшілігін толғандырып отырғаны жасырын емес.

Дәл қазіргі уақытта халықтың санасы саясиланды. Сондықтан кез келген үміткерге үрке қарауы заңды. Рас, сайлау бәсекесі басталмай жатып, кейбір сарапшылар: «екінші орын үшін бәсеке қыза түседі» дегенді айтып жатыр. Демек соған қарағанда, «алғашқы орынды өте жоғары рейтингімен қазіргі Президент алайын деп тұр ғой». Рас, Президент сайлауына Тоқаевты қосқанда 6 адам түсейін деп отыр. Кеше Нұржан Әлтаев та өзін үміткер ретінде президенттікке ұсынатынын жария етті. Демек, алты адамның іс-әрекеті мен үгіт-насихат жұмысының нәтижесі 20 қараша күні анықталатын болады. Сонымен, «Ақ жол», Қазақстанның халық партиясы және «Аманат» партиясы қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Нұрлан Әуесбаев – ЖСДП партиясынан, «Ауыл» партиясынан – Жигули Дайрабаев, «Аманат» кәсіподақтар достастығынан –Мейрам Қажыкен, «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсынан» –  Қарақат Әбден сайлауға түседі. Ал «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігінен – Нұржан Әлтаев. Алты адам.

Бірақ бізді қызықтырған мына бір мәселе екендігін айта кетуге тиіспіз. Осылардың бәрі Тоқаевпен иық тірестіре алар деңгейде ме? Жоқ әлде көптің бірі болып қала бере ме? Меніңше, дәл қазір олардың ойында «сайлауға түсіп, атымды шығарайын» деген көзқарас та жоқ. Олай болуы да мүмкін емес.  Мұндай пікірді неге айтып отырмыз? Осыдан 3 жылғы президенттік сайлауды еске түсіріп көрейікші.

Кезектен тыс президенттік сайлау 2019 жылдың 9 маусымында өтті.

Жамбыл Ахметбеков – 167 249 дауыс немесе сайлаушылардың 1,83 пайыз дауысын, Дания Еспаева – 478 153 дауыс немесе сайлаушылардың 5,2 пайыз дауысын, Әміржан Қосанов – 1 472 733 дауыс немесе сайлаушылардың 16,02 пайыз дауысын, Төлеутай Рахымбеков – 294 271 дауыс немесе 3,2 пайыз дауысын, Амангелді Таспихов – 190 304 дауыс немесе сайлаушылардың 2,07 пайыз дауысын, Қасым-Жомарт Тоқаев – 6 504 054 немесе сайлаушылардың 70,76 пайыз дауысын, Сәді-Бек Түгел – 84 348 дауыс немесе сайлаушылардың 0,92 пайыз дауысын алды.

2019 жылғы президент сайлауына 7 адам түсті. Бұл жолы – алты адам. Біз екінші орын дегенді бекер айтып отырған жоқпыз. Бұл жолғы сайлауда екінші орынды алған адамның өзі Әміржан Қосанов сияқты 16,02 пайыз дауыс жинай алмайды. Енді нақты бір мысалға назар аударайық. Үш жылғы сайлаудың нәтижесі ұмыт қалды. Тек Қосанов пен Тоқаевтың есімі ғана есте. Сарапшылар сол жолы үшінші орын алған Дания Беспаеваның көрсеткішін «Қазақстанның тарихында болмаған нәтиже» деп жатты. Бұл енді мойындайтын шындық. Бірақ бұл сайлауда Қосановтың деңгейіндегідей саяси фигура жоқ қой. Мұны мойындауға тиіспіз.

Нұрлан Әуесбаев, Жигули Дайрабаев, Мейрам Қажыкен, Қарақат Әбден, Нұржан Әлтаев бәрі қосылып, Қосанов алған 16,02 пайызды ала ала ма? Күмәнді сауал. Бірақ Ақорданың сценарийі былайша өрбуі мүмкін: Қаншама жылдардан бері парламенттік және президенттік сайлауға қатысса да дұрыс нәтиже шығара алмай жүрген «Ауыл» партиясының кандидаты екінші орынға шығады. «Ананы сыйлаған қазақпыз ғой» деп, үшінші орынды төрт баласы бар «Кәсіби әлеуметтік жұмыскерлер Ұлттық альянсынан» Қарақат Әбден алуы ықтимал. Сөйтіп, «президенттік сайлау» делінген аламан бәйге аяқталады. Ал қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қанша пайыз алуы мүмкін? Бүгінгі таңда ашығын айту керек, қарсыластардың арасынан Тоқаевқа деңгейлес келе алатын тұлға жоқ. Қасым-Жомарт Кемелұлы өткен сайлауда 70,76 пайыз дауыс алса, бұл жолы оның көрсеткіші жоғарылайды. Халықтың 75-80 пайызы Тоқаевты қолдауы мүмкін. Әрине бұл біздің болжамымыз. Бәрін уақыт көрсетер. Десек те бізді толғандырған тағы бір сауал көкейімізде қалды? Неге осы жолы оппозиция бір бітімге келіп, араларынан ортақ кандидат шығара алмады? Мұның қандай себебі бар? Бұл сауалға мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің көзқарасымен жауап беруге тура келеді. «Қазіргі уақытта Қазақстанда көп жақтастары, қалыптасқан балама саяси платформасы бар дейтіндей күш жоқ. Билікті сынайтын әртүрлі қайраткерлер, жеке тұлғалар бар. Бірақ ұйымдасқан күш ретінде оппозиция жоқ. Президент сайлауы болатыны осыдан бір ай бұрын жолдауда айтылды. Олар бірнеше рет жиналды, бас қосты. Уақыттары босқа кетті. Келісімге келе алмады. Мұнан кейін оларды қалай оппозиция деп атай аламыз? Бұл билікке өкпесі бар азаматтардың клубы ғой. Оның өзі де тарап кетті».

Әрине, біз қазір «Әділетті Қазақстан» құруға талпынып жатырмыз. Бірақ осы уақытқа дейінгі президенттік сайлауды көзбен шолып қарасақ, ең жоғары көрсеткіш Серікболсын Әбділдин мен Әміржан Қосановта ғана болған. Рас, Тоқаевтың бұл сайлауда бәсін алшысынан түсіретін бірнеше факторлар бар. Бірінші, ол 30 жыл елді еркін билеп төстеген Назарбаевты тақтан ығыстырды. Екіншіден, «ол бүгінгі бастаған реформасын алдағы жеті жылда жалғастырады» деп халық оған әлі де сеніп отыр. Осы сенім рейтингі қазір президенттің басты ұпайы болып табылатынын ешкім де жоққа шығара алмайды.

Рас, бізде халықты иландыра алатындай, соңына ерте алатындай саяси фигуралар жоқ. Ал Тасмағамбетов сияқты тұлғалар бәсекелес бола алар еді. Бірақ ол қазіргі уақытта саясаттан тыс өмір сүріп жатыр. Оның үстіне «ол билікпен ымыралас» деген де сөз бар. Сондықтан да бұл жолғы сайлаудың да бәсекелеспен өтетініне халықтың көпшілігі сенбейді. Ал қатты қарсылас болмаған жерде кімнің жеңіп шығатыны белгілі.

Тегтер: