Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:20, 21 Маусым 2023

Қауын-қарбызды қайда сатамыз?

None
None

Түркістан еліміздегі ірі аграрлы өңір. Мақта егетін бірден-бір облыс. Республикадағы тамшылатып суару әдісі енгізілген егістіктің, жылыжай алқаптарының 70-80 пайызы Оңтүстікке тиесілі.

Әсіресе, Оңтүстіктің дәмі тіл үйіретін қауын-қарбызы брендке айналып келеді. Маусымнан бастап қауын-қарбыздың түр-түрі Ресейге, одан әрі Еуропа елдеріне дейін экспортталады.  Қауын-қарбыз еккен шаруалар көл-көсір пайда табады. Осы кәсіп түрі кейінгі кезде шапшаң дамып келеді.

Мәселен, қазір Келес ауданының шаруалары ерте көктемде еккен өнімдерін жинап жатыр. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Бозай және Жамбыл ауылдық округтерінде 500 гектарға жуық ерте пісетін қарбыз өнімдері егіліп, бүгінгі таңда диқандар алғашқы өнімдерін сатылымға шығаруда.

– Қарбыз өнімін бірнеше жылдан бері егіп, пайдасын көріп келеміз. Биыл қарбыздың бірнеше түрін егіп, 1 гектар алқаптан 40-45 тонна өнім алудамыз. Еккен өнімімізге сұраныс жоғары. Себебі Сырдария өзенінің жағалауындағы құмды топыраққа өскен қарбыздың дәмі тіл үйіреді, – дейді «Жамбыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Маханбет Қасымбеков.

Аталған кооперативте 20 отбасы бірігіп, бақша өнімін егіп, өндірген өнімдерін Ресейге экспорттауда. Сонымен бірге Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларға сатуда. Айта кетейік, биыл Келес ауданында жалпы бақша дақылы 1864 гектарға егілсе, оның ішінде 682 гектарына қауын, ал 1182 гектар аумаққа қарбыз егілді.

Естеріңізде болса, президент ауыл шаруашылығы экспортының әлеуетін 2,5 есеге көтеруді тапсырған. Осы мақсат-мүдде аясында Түркістан облысында бірқатар жобалар қолға алынған. Айталық, Шардара ауданында 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу жобасы іске асып жатыр. Өткен жылы Алматы қаласына жұмыс сапарында жергілікті инвесторлармен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бірқатар жаңа жоба ұсынған болатын. Соның бірі – Шардара ауданындағы индустриалды аймақта салынатын крахмал өңдеу зауыты. Жүгері дақылын терең өңдейтін кәсіпорын іске қосылған жағдайда  500-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Жуырда Шардарадағы индустриалды аймақта болған облыс басшысы осы жобаның іске асуына қатысты мәселелерді талқылады.

Инвесторлар зауытты іске қоспай тұрып ауданнан жүгері дақылын егуге арналған аумақтарды белгілеуде.

– Біз кәсіпкерлерді қашан да қолдауға дайынбыз. Инвесторларға жағдай жасап, инфрақұрылымы бар тегін жер телімдерін ұсынып жатырмыз. Бұл – кәсібін дөңгелетемін деген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік. Түркістан облысында бірнеше зауыт, фабрика ашуды көздеп отырмыз. Кәсіпорындардың көбеюі ауданның экономикасының дамуына да, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға да өз септігін тигізбек. Жаңа өндіріс, жұмыс орындарын көбейтуден басқа жол жоқ. Өзіндік табысты арттырмай, өңір де, мемлекет те дамымайды. Шардарадағы бұл зауыт талай отбасының табысын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Дархан Сатыбалды.

35 гектар аумақта орналасқан зауытта крахмал сірнесі шығарылмақ. Бұл дақылдың құрамында 75%-ға дейін қант бар. Сондықтан өнімді өндірістік мақсатта, яғни табиғи қант алмастырғыш ретінде пайдалануға болады. Осы ретте крахмал-сірне зауыты еліміздегі ірі кондитерлік фабрикалар мен сусын шығаратын зауыттарды қажетті өніммен қамтамасыз етеді.

Жобаны іске қосу 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде биыл дәнді дақылдарды сақтау және кептіру кешенінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Екінші кезеңде 2024-2025 жылдары крахмал-сірнесі зауыты құрылысын аяқтап, іске қосу көзделіп отыр.

Жеке кәсіпкер өнімдерді ішкі нарықпен қоса сыртқы нарыққа да шығаруға ниетті. Зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні өздері егіп отырмақ.

Тегтер: