Қауынқақтың орнына қауынқытырлақ, Ақмаржанның орнына Айсара

«Бұл дәмнен ауыз тиген жандар өнімнің тұрақты тұтынушысына айналады» дейді мамандар
Бал татыған Сырдың қауынына түрлі тәжірибе жасап жүрген Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымы Самалбек Қосанов жуырда ашқан тың жаңалығымен бөлісті.
Ауыл шаруашылыы ғылымдарының кандидаты, ендігі кәсіпкер Самалбек Қосанов қауыннан жасаған қытырлақ «чипсиды» кең көлемде шығаруға кіріспек.
Осыдан үш ай бұрын ғана тәжірибе жүзінде қауыннан «чипсы» өндіріп көрген ол сұраныстың көп екенін айтады.
– Қауынды жіңішке етіп кесіп, кептіріп, одан чипсы және соломка жасап, тәжірибеден өткізіп көрдік. Дегустацияның дәмін татқандар екінші қайтара іздеп келіп жатты. Бұл жоба, біз ойлағандай, алғашқы сатыдан сәтті өтті. Осының нәтижесі инновациялық бизнес жобаға арқау болды. Ал сұраныс бар жерде әрқашан ісің өнбек, – дейді ғалым-кәсіпкер.
Қауын чипсиы үш кезеңдік дайындаудан өтеді екен.
– Алдымен, қауын мұқият тазаланады, одан кейін жұқа тілімдерге кесілген соң, дайын бөліктері 12 сағат бойы кептіріледі. Бастысы, өнім экологиялық тұрғыдан таза, ешқандай қоспа жоқ. Бұл дәмнен ауыз тиген жандар өнімнің тұрақты тұтынушысына айналады, – деді кәсіпкер.
Ғылым мен кәсіпті ұштастырған кәсіпкердің жобасы жуырда қолдау тапты. «Бизнестің жол картасы – 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасына құжат тапсырған ол 2,5 млн теңге қайтарымсыз қаражатқа ие болды.
– Бұдан өзге, ғалым «жергілікті қауын сорттарының тұқымын сақтап қала алмадық», – дейді. Дегенмен Сырдың төл қауындарын қайта жаңғыртуға болатынын, ол үшін тұқым шаруашылығын ашу керектігін айтады.
– Бақша дақылдарының тұқым шаруашылығын ашсақ, ол міндетті түрде өз жемісін береді, – дейді ғалым.
Айта кетер жайт, бүгінде өңір диқандары қауынның Орта Азияға бейімделген Дакара, Бакинка, Эфиопка деген гибрид сорттарын өсіріп келеді. Ал экзотикалық климатта өсетін қауын сорттарын аймақ табиғатына бейімдеген «Іскер М» ЖШС жаңа технологиялардың көмегімен бес жылдан бері айналысып келе жатыр.
Өнімдері тек экспортқа бағытталған шаруашылықтың директоры Ержан Сүгіралин: «Біз өсіріп, сататын қауын испан, голланд сорттары. Біз оны өзіміздің климатқа бейімдедік. Бұл тұқымдар Еуропаға белгілі әлеуметтік қауын түрлеріне жатады», – дейді.
Олар бақшалық тамшылатып суару әдісі арқылы күтіп-бапталатын болғандықтан, су тапшылығынан мәселе жоқ. Өнімнің шығымдылығы да өте жоғары. Бұл қауындардың ерекшелігі – зиянкестерге төзімді, әрі ішіне құрт түспейді. Серіктестік агрономы осы қауын сорттарынан джем мен сироп дайындап өндіріске енгізуге әзір екендіктерін айтады.
– Әрбір қауынды, егер алдында тәжірибе жүргізіп барып, өнеркәсіптік ауқымда отырғызамыз. Біз таңдаған селекциялық қауындарда көп мөлшерде қант бар. Өздері дәмді әрі салмақты. Енді біз серіктестермен бірігіп, қант қоспай-ақ сироп пен джем жасауды қолға алдық, – дейді шаруашылықтың бас агрономы Арыстанбек Шайменов.
Сыр өңірінде қауын-қарбызды егетін шаруашылықтар баршылық. Бірақ оларға мемлекеттен демеу керек. Өйткені бақша өнімдерін өсіретін диқандарға қазынадан субсидия қарастырылмаған. Егер қолдау болса, Қызылорда облысы алыс-жақын елдерді күрішпен ғана емес, бал татитын қауынымен де қамти алар еді.
Күріш демекші, орақ науқаны да межеге таяп қалды. Осы мезгілде жергілікті ғалымдарда жаңа күріш сорттарын таныстыруды әдетке айналдырған. Биыл «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС ғалымдары күріштің «Айсара» атты жаңа сортын таныстырды. Бұл сұрып әлемдегі ең қымбат және сұранысқа ие Іndica күріш сортының кіші түрлеріне жатады екен. «Айсараның» шынылық түсі мен ақуыз мөлшері әлемдік стандарттағы калориялы деген Slender тұқымдасымен пара-пар дейді ғалымдар.
– Мұндай кіші түрлер қоңыржай елдерде алғаш рет өсірілді, – деді сорттың авторы, институттың бас ғылыми қызметкері, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы Александр Подольских.
– Біз бұнымен 15 жылдан бері тәжірибе жүргізіп келдік. Күріш дәндері үш түрге бөлінеді, ұзын дәнді, орташа дәнді және дөңгелек дәнді. «Айсара» ұзын дәндісіне жататын, жұқа сортты және әлемдегі ең танымал әрі қымбат түрлеріне кіреді. Бізге дейін бүкіл әлемдегі ғалымдардың ешқайсысы қоңыржай аймақта Іndicaның кіші түрлерін жасаған жоқ. Біз бұл істе алғашқылармыз, – дейді ғалым.
Оның айтуынша, облыста өсірілетін күріштің ең танымалдары ресейлік «Лидер» және «Янтарь» сорттары екен. Енді олар «Айсараның» қасында салыстыруға келмейтін төмен сорттар қатарына жататын болып шықты.
– «Янтарь» мен «Сыр сұлуы» орта түрлеріне жатады, яғни медиум сортқа. Бұл еуропалық нарықта арзан және аз сұранысқа ие сұрыптар. Келесі кіші түрлері дөңгелек, оған «Маржан», «Кубань – 3» және «Лидер» сорттары кіреді. Бұл одан да арзан сорттар, олар тек ТМД елдерінде ғана танымал. Ал енді әлемдік нарықта сұранысқа ие емес сорттар да бар, олардың қатарына жергілікті «Байқоңыр» сорты жатады, – дейді А.Подольских.
Ғалымдардың еңбегін сарп еткен «Айсара» сұрпы Үндістаннан, Оңтүстік Кореядан, Қытайдан келген күріштің тропикалық сорттары негізінде пайда болған будан. Ол түрлі ауруларға төзімді әрі құнарлы дейді.
– Бұл сортты жаңа «биологиялық таксон» деп атауға болады. Біз осы сорттың тұқымын көбірек алуға тиіспіз, өйткені ол әлемдік астық нарығында жоғары сұранысқа ие болмақ. Әлемде күріш ешқашан жетіспейді. Егер біздің институттың ғалымдарында күріштің осы және басқа да сұрыптарының тұқымдарын тез көбейту үшін барлық жағдай жасалған болса, онда біздің облыста танымал және әлемдік талаптарға сәйкес келетін сұрыптар өсірілер еді. Дегенмен, қолда бар дүниемізбен Қызылорданың брендін жасауды тоқтатпаймыз. «Айсараның» арқасында, енді жергілікті күріш өсірушілерге сырттан күріш тұқымын сатып алудың қажеті жоқ, – дейді еңбегінің ретін білетін ғалым.
Енді сапалы сұрыптар жаппай өндіріске енсе, сыртқа экспортталатын жергілікті өнімдердің өрісі ашыла түспек.