Қазақ автономиясының құрылуы: Алашордашылар мен Большевиктер

Қазақ елінде автономиялық мемлекеттік құрылымның пайда болу тарихы аса маңызды мәселе болса да, өкінішке қарай, күні бүгінге дейін бұл тарихи зерттеулерде біржақты баяндалып келеді.
Өткенге барлау жасасақ, кеңестік заманда қазаққа автономиялық мемлекет құрылымын большевиктердің алып бергені айтылып келді. Мұндайда Алашорда автономиясы барынша қараланып, Алаш зиялыларының осы бағыттағы ұлт мүддесі үшін күрескен жанкешті іс-әрекеттері тасада қалды. Тәуелсіздік алған соң, керісінше, тарихи зерттеулердің көпшілігінде кеңестік биліктің қазақ автономиясын жариялауға байланысты нақты шаралары «естен шығарылып», большевик атанғандардың осы бағыттағы қызметін түгелдей қаралау орын алды. Мұндайда кезінде А.Байтұрсынов бастап, Алаш зиялылары неге большевиктік партия қатарына өтті деген маңызды сауал да жауапсыз қалды. Жасыратыны жоқ, қазіргі Қазақстанда кезінде большевик атанған қайраткерлерді, олардың Қазақстанда автономиялық мемлекеттік құрылымды орнықтыруға байланысты елеулі қызметтерін ескерместен, біржақты айыптау әлі жалғасуда. Егер бұрын кеңестік тарихымызда Алашордаға «бүйрегі бұрғандардың» бәрі «халық жауына» айналдырылса, ал қазіргі тарихымызда мемлекет құру мәселесіне байланысты Алашорданы сынағандар мен айыптағандардың бәрі тарихты бұрмалаушылар ретінде «әшкереленуде». Әдетте мұндай «солақай» ұстанымдарда 1917-20 жылдары әртүрлі саяси көзқарастарына қарамастан, қазақ азаматтарының бәрінің арманы мен көздегендері Қазақ елін саяси тұрғыдан жеке автономиялы республикаға айналдыру болғаны тарихи зерттеулерде айтыла бермейді. Соңғы жылдары қалыптаса бастаған тағы бір пікір: «кеңестік билік Алашорда автономиясын жариялаған ұлт зиялыларынан қаймығып, солардың қысымымен қазаққа автономия алып беруге мәжбүр болды» деген де негізсіз. Алайда мұндайда бұл маңызды мәселе қазақ тарихында уақытша болса да, тапшылдарды және ұлтшылдарды тарихтың біз әңгімелеп отырған кезеңінде амалсыз, уақытша жақындатып, тіптен біріге, тізе қоса жұмыс істеуге мәжбүрлегенін мойындар болсақ, онда оның себептерін айқындамай, ақиқатқа жете алмаймыз. Бұл үшін ең алдымен большевизмнің негізін қалаған саяси лидерлердің Ресейдің қазақ тәрізді халықтарына автономиялық еркіндік беру туралы көзқарастарына назар аударған жөн. Яғни Қазақстанның автономияға қол жеткізу жолындағы тарихын баяндағанда ең алдымен бұл маңызды мәселенің теориялық негіздерін анықтап алу аса маңызды. Ал мұның бастауында бәрінен бұрын, большевиктер көсемі Лениннің өзі тұр.
Кезінде осы мәселеге тікелей араласқан, яғни Алашорда қайраткерлерімен кеңестік билік тарапынан алғашқы келіссөздер жүргізген Сталин – шын мәнінде Ленин ұсынған Ресей халықтарына өзін-өзі басқаратын облыстық-территориялық билік құқын беру идеясын практикалық тұрғыдан нақты өмірге енгізуші ғана. Бұл мәселеге теориялық көзқарас Қазан төңкерісінен әлдеқайда бұрын басталды және ол елде социалистік революция жасауға Ресейдегі ұлттарды көптеп тарту жоспарының құрамдас бөлігі ретінде қарастырылды. Алайда большевиктік ұстанымда тұрған орыс емес ұлттар қайраткерлері бұл мәселеге байланысты партия басшылығының ұстанымдарын бірден түсіне алмай, Лениннің өзіне тікелей жүгінуге мәжбүр болды. Ленин Ресейдегі барлық ұлттардың империя құрамынан бөлініп шығып, өзінің жеке автономиялық мемлекетін құруға құқын мойындады, бірақ олардың Ресей құрамынан бөлініп кетулеріне қарсы болды. Осы көзқарасты большевиктер билікке қол жеткізген бетте қабылдаған аса маңызды үш ресми құжаттардың бірі – 1919 жылы 2 қарашада қабылданған «Россия халықтары праволарының декларациясы» атты құжатта заңдастырды. Мұнда да Ресей халықтарының егемендігі және «дербес мемлекеттерін құруға дейінгі өзін-өзі басқару правосы» мойындалатыны айтыла тұрса да, мұндай мемлекеттердің Ресейден бөлініп кетулері туралы ештеңе айтылмады. Өйткені Лениннің мақсаты патшалық самодержавияны биліктен ығыстырған соң да, яғни социалистік революциядан соң да, Ресейді ұлттық автономиялық федеративті мемлекетке айналдыра отырып, оны ыдыратпай, біртұтас, унитарлық мемлекет ретінде сақтап қалу еді. Сталин өзінің ұлт мәселесіне қатысты барлық еңбектерінде және сөйлеген сөздерінде лениндік ұстанымға сүйенді. Сондықтан да большевиктік басшылық 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынборда өткен ІІ жалпықазақ съезінің ұлттық-территориялық автономия құру туралы шешіміне қарсы бола қойған жоқ және 1918 жылы наурыз айының басында «қырғыз (қазақ) ісі бойынша комиссариат ұйымдастыру үшін жедел түрде өкілдер жіберуді» сұрады. Алашорда осыдан соң келіссөздерге Ж. және Х.Досмұхамедовтерді аттандырды. Сонымен қатар осы наурыз айында кеңестік биліктің ұлт істері бойынша комиссары Сталиннің өзі Семейдегі Х.Ғаббасовпен Алаш автономиясы туралы келіссөздерді бастады. Бұл жұмыстардың бәрінің басында, әрине, Алашорда лидерлері Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов тұрды. Мұны арнайы айтып отырған себебіміз, кейінгі жылдары Алаш қайраткерлері туралы еңбектер жазып жүрген кейбір зерттеушілер жоғарыда есімдері аталған Ж. және Х.Досмұхамедовтердің, Х.Ғаббасовтың, Ә.Ермековтің, У.Танашевтің, Г. және И.Әлібековтердің және т.б. қазаққа автономия алып беруге және Қазақ автономиясының алғашқы шекарасын белгілеуге байланысты сіңірген еңбектерін әңгімелегенде жоғарыдағы Алашорда лидерлерінің шешуші рөлін және ең бастысы – бұл маңызды мәселелерде Алаш қайраткерлерінің ұжымдық және демократиялық түрде шешімдер қабылдағанын ұмытып кетеді. Мұндайда Алаш қайраткерлері арасындағы өзара әңгімелердің көбісінің қағазға түспегенін, тіптен құпия пікір алмасу түрінде болғанын ескеруге тиіспіз. Ал енді Семейдегі Х.Ғаббасов пен И.Сталиннің арасындағы телеграф желісі арқылы болған әңгімеге келер болсақ, соңғының сөзі қазір жақсы белгілі. Сталин бұл әңгімеде Алашорданы қолдауды емес, большевиктердің бұрыннан айтып жүрген Түркістан тәрізді кейбір ұлттық аймақтарға кеңестік автономия беру негізінде Ресейді федеративтік мемлекетке айналдыру жоспарларын жүзеге асыруды басшылыққа алды. Сондықтан, Сталин, қысқаша айтар болсақ, мынадай маңызды мәселелерді көтерді: халықтарға автономия беру – мақсатымыз; сіздердің жалпықазақтық съездеріңіздің шешімі жоғарыдағы қағидаға толық сәйкес келеді. Тек бір ғана шартымыз бар: сіздердің съездеріңіздің шешімі және сіздердің өкілдеріңіз Кеңес өкіметін мойындауға қарсы болмауы тиіс О бастан-ақ Ресейді автономиялық аймақтарды біріктіретін федеративтік мемлекет түрінде құруды ойластырған большевик лидерлері қазақ аймағында ол кезде Алашордадан басқа, кеңестік билікпен төменнен келіссөз жүргізетін саяси қауымдастық жоқ болғандықтан ғана Алаш қайраткерлеріне осындай ұсыныстар жасаған еді. Алайда ұлттың еркіндігі мәселесіне келгенде ешқашан бұлтақтамайтын Алашорда қайраткерлерінің Сталинге жауабындағы екі мәселе: кеңестік орталық билікті мойындай отырып, «ел билейтін өкімет Алашорда болады» және «бұған областной советтер жәрдемші» болады және Алаш әскері құрылады деген ұсыныстар кеңестік автономия жобасындағы ұстанымдарға қайшы болып, екі арадағы келіссөзді ауырлата түсті.
Мұнан ары Алашорданың Мәскеудегі өкілдері ретінде Жаһанша және Халел Досмұхамедовтардың наурыз-сәуір айларында кеңестік билікпен жүргізген келіссөздері қазір тарихта жақсы белгілі. Алайда ақын Қасым Аманжолов айтқандай, азамат соғысы жағдайында «арпалыс, алақұйын заманалардың арбасып тұрып алуы» аталмыш келіссөздерді аяқсыз қалдырды. Азамат соғысының басталуына байланысты Кеңес өкіметінің Қазақ елі аймағынан уақытша болса да, қол үзіп қалуы Алашорданы басқа, билікке келген саяси жүйелермен автономия мәселесінде келіссөздер жүргізуге итермелегені белгілі. Олар – Сібір облыстық советімен немесе Сібір автономиясымен, Самара құрылтай жиналысы мүшелерінің комитетімен немесе Комучпен, Сібір уақытша үкіметімен, Уфа директориясымен, Колчак үкіметімен жүргізілген келіссөздер. Алайда бұлардың ішінен тек Г.Н.Потанин бастаған Сібір облыстық советі ғана Алашорда автономиясын мойындайтындарын ресми мәлімдеді. Аталған үкіметтердің кейбірі тіптен Алашордаға жаулық көзқарас ұстанды. Мысалы, Сібір уақытша үкіметі 1918 жылы 4 қарашада өзінің бұйрығымен Алашорданы таратып жіберсе, ал автономия атауына қарсы монархист Колчак өзімен келіссөз жүргізуге келген және өзіне «қазақ ақсақалы» деген құрметті атақ берген Алаш қайраткерлерін түрмеге қамап қойды. М.Дулатовтың сөзімен айтқанда, бұл тұста автономия деген сөздің өзін ауызға алу мүмкін болмады.
Қайшылықты саяси ахуалдан шығу үшін Алашорда қайраткерлері 1919 жылы наурыз айында кеңестік билікпен келіссөздерді қайта жалғастырды. Ленинмен, Сталинмен және Троцкиймен жүргізілген бұл келіссөздерде А.Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов, И.Қашқынбаев, К.Жәленов, Б.Атшыбаев Кирревкомның төрағасы С.Пестковскиймен тіл табыса отырып, елеулі жұмыстар жасады. Осы кезде қатарласа Түркістан Республикасын құруға байланысты жұмыстар да жүргізілді. Алаш қайраткерлерінің саяси белсенділігінің артуына 1920 жылы 3 шілдеде шыққан ВЦИК-тің «Алашорда үкіметінің бұрынғы мүшелерін кеңестік жұмысқа жіберу және оларды өткендегі қызметі үшін қудалауды тоқтату туралы» қаулысы үлкен рөл атқарды. Осыдан соң Алашорда қайраткерлері кеңестік билікке өздерінің автономияға байланысты пікірлерін батыл айта бастады. Ал енді Қазақстан автономиялық мемлекеттік құрылымға қол жеткізген соң, оның территориясы және мемлекеттік шекарасы қандай болуы керек деген сауал сол тұста Алашорданы негіздеуге атсалысқан әр азаматтың көкейінде тұрған аса маңызды мәселе еді. Жалпы, автономия құрамына кіретін аймақтар 1917 жылы желтоқсанда Алаш территориялық-ұлттық автономиясын жариялаған ІІ жалпықазақтық съезде атап көрсетілген еді.
Біз жоғарыда атап өткен 1919 жылы А.Байтұрсыновтың кеңестік билікпен келіссөздерінде кеңестердің қазаққа автономия беретіні тағы да айқындалды. Алайда таптық принциптерді қатаң ұстанған бұл автономия В.Лениннің баяғыдан айтылып келе жатқан «дамыған елдер пролетариатының артта қалған халықтарға көмектесуі» арқылы жүзеге асырылуы тиіс болды. Мұның өзі Кирревкомда және Түркістан Республикасында басшылық жұмыстарға қазақ емес большевик қайраткерлерді көптеп тартуға жол ашты. Екінші бір маңызды проблема – қазақ пен башқұртты және татарды территориялық тұрғыдан қазақпен біріктіріп тұрған Орынбор аймағы кімге қарайды деген сауалға жауап табу болды.
Бұл өзі о бастан-ақ қазақ зиялыларының 1919-20 жылдары елді автономиялық құрылымға айналдыруға байланысты жоспарында аса маңызды мәселелерге айналды. Мұны біз А.Байтұрсыновтың 1920 жылы 17 мамырда Ленинге жазған хатынан аңғарамыз. Алаш зиялылары Қазақстанды қазақтар басқарғанда ғана елдің ұлттық автономиялық дербестігіне қол жеткізуге болатынын жақсы түсінді және тағы да сол үшін күресті. Ал енді, А.Байтұрсыновтың ойынша, арнайы әскери округ орталығы болуға тиіс Орынборда және т.б. қалаларда қазақ әскерлерін құру мәселесі елдің ұлттық қауіпсіздігі үшін аса қажет болғаны айтпаса да түсінікті.
Дәл осы 1920 жылдың мамыр айында А.Байтұрсыновпен қатар, Лениннің Т.Рысқұловтың да «Түрік Республикасын құру» туралы тезистерін қабылдамай тастағаны белгілі. Өйткені Рысқұловтың жаңа Түрік кеңестік республикасын құру туралы идеясы басқа Алаш зиялыларының пікірлерімен үндесіп жатты. Әсіресе оның Түрік Республикасында мұсылман-түрік әскерін құру туралы ұсынысы А.Байтұрсыновтың айтқандарымен үндес еді. Бұл хаттардың Ленинге шұғыл жолдану себебі большевиктер ұлттардың автономиялық құқын мойындайтындарын халықаралық деңгейде жариялау үшін жедел түрде 1920 жылдың 23 шілдесі мен 7 тамызы аралығында III коммунистік интернационалдың ІІ конгресін шақырмақ болды және Ленин осы конгресте өзі жасайтын ұлт және отар елдерге арналған өзінің негізгі баяндамасының тезистерін алдын ала талқылауға салды. Автономияны аңсап отырған қазақтар ғана емес, жалпы түркітілдес қайраткерлер 1920 жылы 12 шілдеде Т.Рысқұлов, Ә.Ермеков, Н.Ходжаев, А.Байтұрсынов, З.Валидов, Х.Юмагулов осы мәселеге байланысты Лениннің көзқарасындағы екі тұжырымды сынға алды.
Сонымен, аталған екі мәселенің алғашқысы, жоғарыда атап өткеніміздей, «бұрынғы отарлаушы елдің пролетариаты жаңа Кеңес өкіметі жағдайында бұрынғы отар елдің еңбекшілерін азат етеді» деген пікір болса, екіншісі большевиктер басшысының елді панисламизмге қарсы күреске шақыруы еді. Алғашқы көзқарас Лениннің елде бір таптың билігі, яғни пролетариат диктатурасы орнағанын мойындауды талап етуінен туындаған еді. Осы тезис алғаш рет артта қалған халықтардың кеңестік Ресей пролетариатының қолдауымен капитализмге соқпай, бірден социализмге өтіп кету мүмкіндігі туралы жаңа қағидамен толықтырылды. Ал енді қоғамдағы исламның орны мен рөліне келсек, ол қалайда жаңа коммунистік идеологияға орын босатуы керек еді. Бұл жердегі ең басты қателік – Лениннің пролетариат диктатурасы жағдайында ұлттық мүдде қалай қорғалады деген аса маңызды сауалды ескерусіз қалдыруы еді.
Алайда большевиктік басшылық жергілікті жерлерде автономия құру мәселесінде басқаша ойлады. Сталиннің 1918 жылғы «Татар-башқұрт республикасының құрылтай съезін шақыру жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде» бұл туралы былай айтылған: «Автономияның екі түрі бар. Бірінші түрі – таза ұлтшылдық автономия. Бұл автономия ұлтшылдықтың негізінде, экстерриториялық болып құрылған автономия. Бұл автономиялық топтар, бұл «ұлттық советтердің» барлығы бір нәрсені тіледі: орталық үкімет өздерінің ісіне қол сұқпайтындай, өздерін бақылап отырмайтындай автономия алу. Олар «бізге автономия беріңіздер, сонда біз орталық Совет өкіметін мойындаймыз, бірақ жергілікті советтерді мойындай алмаймыз, олар біздің істерімізге қол сұқпауға тиіс, біз өз қалауымызша, өз білгенімізше ұйымдасамыз, біз өз ұлтымыздың жұмысшылары мен шаруаларын өз қалауымызша ұстаймыз» дейді. Міне, бұл, негізінде, буржуазиялық автономия болып табылады. Біз автономияның бұл түрін мүлде мақұлдамаймыз. Біз автономияның басқа түрі, көпшілігі бір ұлт немесе бірнеше ұлт болатын облыстардың автономиясын ұсынамыз. Ешқандай ұлттық куриялар, ұлттық қоршаулар болмайды. Бұл – белгілі бір облыстың адамдары ұлттық белгісі бойынша бөлінбей, таптық белгісі бойынша бөлінуге тиіс деген сөз».
Ал енді Қазақстан автономияға қол жеткізген соң, Сталиннің бұл мәселеге көзқарасы қандай болғанына келейік. Мұны Сталиннің 1920 жылы 10 қазанда «Правда» газетінде жарияланған «Совет өкіметінің Россиядағы ұлт саясаты» атты көлемді мақаласын оқығанда жақсы түсіне аласыз. «...Әрине, Россияның шеткері аймақтары, ол аймақтарды мекен еткен ұлттар мен тайпалар, өзге ұлттар сияқты Россиядан бөлініп шығуға толық праволы, бірақ бұл жерде әңгіме ұлттардың даусыз праволары туралы емес, орталықтың да, шеткері аймақтардың да халық бұқараларының мүдделері туралы болып отыр. Ал енді халық бұқараларының мүддесі революцияның қазіргі сатысында шеткері аймақтарды бөлу талабының барып тұрған контрреволюциялық талап екенін көрсетеді».
Бұл айтылғандардан байқайтынымыз, большевиктік басшылық бұрынғыша басқа халықтардың Ресей құрамынан бөлініп шығу құқын амалсыз мойындай отырып, бірақ олардың дербес ұлттық мемлекет болып бөлініп кетулеріне барынша қарсы болып қана қоймай, енді жаңа жағдайда тіптен мұны «контрреволюциялық талап» ретінде ашық жаулық ниетпен қабылдады.
Кеңестік биліктің осындай таптық автономия құру жобасымен таныса және оның ұлттық автономияға барынша қарсы болғанын айқындай отырып, большевик лидерлердің Қазақ автономиясын құрумен және оның территориясын анықтаумен белсенді түрде айналысқанын мойындамау тарихқа қиянат болар еді. Бұл жұмыс әсіресе, жоғарыда айтқанымыздай, III коммунистік интернационалдың II конгресі қарсаңында қатты жанданды. Жоғарыдан берілген тапсырма бойынша 1920 жылы 16 мамырда Қазақ автономиясының шекарасын анықтау комиссиясы құрылды. Оған тапшылдармен қатар, Алашорда өкілі Ә.Ермеков те кіргізілді. Оның жұмысына Сталин тікелей араласып, 1920 жылы қазақ жерімен шектесетін ұлттық аймақтар (Сібір, Түркістан, Мұсбюро, Орынбор, Челябі, Бөкей ордасы) өкілдерімен шекара мәселесін нақты талқылады. Оған Казревкоммен бірге, Алашорда өкілдері де атсалысты. Арада біраз уақыттан соң, 9-10 тамызда Сталиннің орынбасары Каменский тағы да осындай кеңейтілген кеңес өткізіп, шекараны нақтылай түсті. Ал 12 тамызда Лениннің төрағалығымен өткен келесі кеңес бұл маңызды мәселеде шешуші болды. Ақырында кеңестік билік 1920 жылы 26 тамызда Ленин мен Калинин қол қойған Қазақ жерінің автономиялық мемлекеттік құрылым екенін заңдастырған декретті жариялады.
Міне, осылайша қазақтардың жеке автономиялық мемлекет құру құқы ең жоғарғы кеңестік билік тарапынан заңдық тұрғыдан мойындалды. Алайда кеңестік билік лениндік қағиданы ұстанып, Қазақстанның Кеңес мемлекеті құрамынан тәуелсіз ел болып біржолата бөлініп шығуына өмір бойы қарсы болып келді. Кеңестік билікті бәрінен бұрын, Қазақстанның түркітілдес халықтарды өз төңірегіне топтастыру мүмкіндігінің жоғары болуы қатты қауіптендірді. Кезінде Татар-Башқұрт автономиясының құрылуына қарсы болған большевиктер енді осы халықтардың Орынбор жері арқылы қазақтармен территориялық тұрғыдан жақын болып, қойындасып жатуынан да қауіптенді. Сондықтан да Қазақ автономиясының астанасы 1925 жылы Қызылордаға көшірілді. Еділ түріктерінің қазақтармен қатынасында «алтын көпір» болып отырған Орынбор аймағы Ресейге біріктірілді, ал Алаш рухының ықпалынан арылмаған қазақ билігінің өзін орыстандыру мықтап қолға алынды. 1924-29 жылдары Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан Одақта республика мәртебесін алса да, Қазақстанға мұндай мәртебе беруге Сталин 1936 жылға дейін бара қоймады. Бұған талпыныс жасаған Қазақстан билігі төңірегіндегі В.Нанейшвили, С.Қожанов, Ә.Жанкелдин және т.б. ұсыныстары аяқсыз қалды. Бұл – мемлекеттік тарихымыздың ащы да болса ақиқаты. Олай болса мұны кімнен жасырамыз?!