Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:30, 22 Желтоқсан 2022

Қазақ балабақшасы келмеске кетпек пе?

None
None

Қарағанды қаласындағы «Ақерке» балабақшасының тағдыры қыл үстінде тұр. Мектепке дейінгі мекемеге 120 бала барады.

Балғындар тәрбиеленетін мекенге тексеріске келген облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мекеме құжаттарынан бірқатар мін тапты. Жағымсыз жаңалық, әсіресе, ата-аналарды қатты абыржытып отыр. Жабылу алдында тұрған мекеменің аналары араша сұрап, БАҚ өкілдеріне жүгінді.

                    Таңдау неге қазақ тілді балабақшаға түсті

— Қазақ тілді балғындарға арналған балабақшаның жұмыс істеп келе жатқанына он жылдан астам уақыт болды. СЭҚ департаменті  мекеменің жаңа қаулыға сәйкес лицензиясы болмағандықтан, жұмысын тоқтатқалы отыр. Жаңа өзгеріске байланысты медициналық кабинетте изолятор болу керек екен. Бұл қисынсыз деп білеміз. Мұндай талап қоятындай балабақша емдеу мекемесі емес қой. Балабақшаның қабырғасы қаланғанына 10 жылдан астам уақыт өтті. Тексерушілер енді келіп, серіктестік шарты бойынша дәретхана бөлмесінің көлемі 16 шаршы метр болу керек дейді. Баяғыдан қайда қараған? Мұнда балаларымыз үшін барлық жағдайлар жасалған. Тәрбиешілер өз жұмыстарын тиянақты атқарады. Балаларымыз бақшаға қуана баратын еді. Бәрінен бұрын біз перзенттеріміздің тілі шұбарланбай, ана тілінде таза сөйлеп жүргенін көріп көңіліміз марқаятын. Себебі олар аулада да, көшеде де орыс тілді қатынасқа түседі. Енді көңіліміздегі жалғыз жұбаныштан айрылғалы отырмыз. Әлде, бұл орыс тобын қосудың амалы ма? Тағы бір айта кетерлігі, бұл халқы тығыз орналасқан біздің аумақтағы жалғыз балабақша болатын. Осы маңда ұзыннан ұзақ жатқан  үш  көшенің бойында бірнеше көп қабатты тұрғын үйлер бар. Аталған бақшаның тұрғындарға ауадай қажеттігін осыдан-ақ аңғаруға болады. Арамызда әртүрлі санаттағы отбасылар бар. Олардың дені қазақ тілді отбасылар екені аян. Балабақша қыс ішінде жабылса,  балаларымызды үскірік аяз бен ақтүтек боранды күндерде қайда тастаймыз? Жұмыстан шықсақ, қайтіп күн көреміз? – дейді шағым иелері.

Мәселенің анық-қанығына жүгіну мақсатында біз аймақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне сұрау салдық. Тазалық індетті қадағалаушылардан мынадай түсінік алдық:

— «Ақерке» балабақшасы құқықтық формасын өзгерткен, яғни бұрын жекеменшік мекеме болса, қазір ЖШС болып табылады. Бұл өзгеріс білім министрлігі тарапынан енгізілген. Ендігі жерде объекті жаңа субъекті ретінде танылғандықтан, заңға сәйкес жаңа санэпидқорытынды алу керек еді. Демек ендігі жерде бұрнағы санэпидқорытынды басқа субъектіге берілмейді.

Осы орайда, өзгерісіне қарай кім әрекет жасамаған деген сауал өздігінен туындайды.

— Балабақша бұған дейін ескі талап бойынша жұмыс істеп келді. Соңғы өзерістерге байланысты бала саны екі топтан көп болса, медициналық лицензия алу қажет. Әрі бұл аталған балабақшаға мемлекеттік тапсырыс алу үшін жасалып отырған мүмкіндік, – деп мәлімдеді  бізге қалалық білім басқармасы. Бар жауап – осы.

Қоғам пікірі

Қазіргідей ашық қоғам құруға қадам басқан кезеңде,  кез келген проблеманың түйінін шешуде көпшіліктің пікірі маңызды екенін көріп жүрміз. Біз талқыға түсіп жатқан балабақшаның тағдырына қатысты қоғам белсендісінің бірінің ойын білуді жөн көрдік: 

— Мәселенің байыбына үңілсек, кейбір жекеменшік балабақшаларға әр бала үшін мемлекеттік қазынадан айына 40 мың теңге бөлінеді. Оның сыртында, ата-аналар мектепке дейінгі мекеменің қызметіне ай сайын 17 мың теңге төлеп отыр. Бұдан бөлек, ондағы  үйірме жұмыстарына, қосымша сабаққа тағы қаражат шығаруы мүмкін. Топшылай келгенде, осындай жекенің иелігіндегі балабақшалар әр бала басынан 60 мың теңге кіріс табады. Сөйте тұра, шығынын толық ақтап отырған мекеме неге елден ерек болуы керек? Әрбірден соң, олар да мемлекеттік балабақшалар секілді бір заңға бағынып, айтқанды екі етпеу қажет емес пе? – дейді «Талбесік» көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ләззат Қожахметова.

Осылайша, ана тілінінің уызына қанып өсіп келе жатқан бақандай 120 бейкүнә балғындар үлкендердің жауапсыздығынан жапа шеккелі отыр. Шағымын арқалаған ата-аналар енді кімнің есігін қағарын білмей дал. Өйткені проблеманың түбегейлі шешімі әлі табылмай жатыр.

Тегтер: