Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:45, 01 Қараша 2022

Қазақ балетінің жауқазыны

None
None

      «Қазақ би өнерінің тәжі кімге тиесілі?» дегенде бірден Шара Жиенқұлова дейміз.

Сол Шара жаққан қазақ биінің жарық жұлдызы  Қамыш Қарабалинованың есімін бүгінгі қоғам біле ме? Оның есімі өткен ғасырмен астасып, тарих қойнауында қалып барады. Қамыш Қарабалинованың өмірі мен өнерін зерттеу оңайға түспеді. Ұзақ уақыт пен табандылықты талап етті. Себебі, биші туралы дерек саусақпен санарлық. Биыл 22 тамызда әйгілі балет артисі, 100 жасқа  толды. Осы датаға орай, мақаланы жарыққа шығаруды мақсат еттім.

       Бірнеше жыл бойы таусыла іздеген еңбек ақталды. Ұлт мәдениеті үшін аса құнды саналатын аз-маз құжат пен 5-6 сурет және бишінің өз қолымен орыс тілінде жазылған өмірбаяны Абай атындағы опера және балет театрының архивінде сақталыпты. Бірақ, өмірбаянда Шара Жиенқұлованың аты аталмаған: «Мен, Қамыш Қарабалинова 1922 жылы Көкшетау облысы Щучье ауданы Бурабай шипажайында қара жұмысшының отбасында дүниеге келгенмін. Ауыр жұмыс салдарынан әкем науқастанып, 1929 жылы қайтыс болды. Анам еш жерде жұмыс істемей, бала тәрбиесімен үйде отырды. Мен 8 жасымда мектеп табалдырығын аттадым. Отбасылық жағдайыма байланысты бар-жоғы 5 сыныптық білім алдым. 1936 жылы қазіргі Абай атындағы опера және балет театрына қызметке қабылданып, алғашқы еңбек жолымды қазақ опера өнерінің қара шаңырағында бастадым.  Абай атындағы опера және балет театрында балет солисті болып жұмыс істеймін. 1940 жылы тұрмысқа шықтым, 2 балам бар. Әпкем – Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында машинист. Жұбайым Мүсілім Мүкімұлы Абдуллин – Қазақ ССР Халық әртісі. Абай атындағы опера және балет театрында опера әншісі болып қызмет атқарады».

      Әйгілі Шара Жиенқұлова тұлымшағы жербілеген сегіз жасар бүлдіршіннің өнердегі жолбасшысы екенін біреу білсе, біреу білмес. Бурабайға гострольдік сапармен барғанда, биге деген қабілеті мен отты жанарындағы ұшқынды байқаған қырағы көз бірден Қамыштың ата-анасына қолқа салыпты. Алматыға алып келіп, үлкен өнерге қосқан.

        Абай атындағы опера және балет театры 1933 жылы тұңғыш рет шымылдығын түргені тарихтан аян. Қарабалинова үш жылдан кейін, 1936 жылы дәл осы театр табалдырығын аттады. Ол кезде болашақ өнерпаз бар болғаны 14 жаста еді. Әрине, оны бірден сахнаға шығара салған жоқ. Театрда практикалық жұмыстар атқарға жүріп, балет солисті деңгейіне жетті.

       Қамыш Қарабалинованың опера және балет театрындағы әріптесі, қызмет барысында талай күнді бірге өткізген балет әртісі, қазір жасы сексеннің сеңгіріне шыққан Наталия Гудечкинамен жолығып, естеліктерімен бөлісуін өтінген болатынбыз. Балерина тебірене отырып, зулап өткен жастық шағына қайта оралды: «Заман өзгеріп, ұрпақтар ауысып жатқанымен оның жарқын бейнесі әлі көз алдымда. Ерекше, тартымды би пластикасымен билеп жүргендей әсер қалдырады. Оны үнемі театрда Қаматай деп атайтынбыз. Өте мейірімді. Жан баласына зекігенін көрген емеспін. Ол туралы менің жүрегімде тек жақсы естеліктер сақтаулы. Театрда оған «жыртық құлақ» деген лақап ат тағылған. Оның өзіндік құпиясы бар. Сол жылдары ұзын сырғалардың енді шығып, сәнге айналып жатқан кезі. Бір қазақ операсы жүріп жатты. Нақты қайсысы екені қазір есімде жоқ. Қаматай басты биді билейтін. Үстінде төгілген қазақтың ұлттық костюмі, құлағында ұзын, салбырап тұратын сырға. Сол кеште ол бүкіл залды өзінің сұлулығымен сыйқырлап алғандай әсер қалдырды. Хор қызындай сұлу еді ғой, шіркін! Опера кезінде көйлектің жеңіне әлгі ұзын сырға ілініп қалып, оңайлықпен шешілмей қойды, енді не істейді?! Қойылым жүріп жатыр, биді тоқтатуға болмайды, халық қарап отыр. Бір кезде қатты тартып сырғаны жұлып алды, қан бұрқ ете түсті. Қаматай қансырап жүріп биді билеп шықты-ау. Осы бір эпизод әлі есімнен кетпейді. Одан кейін жарты ғасыр өтті. Сол бір оқиғадан соң оны театрда  «жыртық құлақ» деп атап кетті».

Наталия Николаевна рахаттанып күліп алды да күрсінген қалпында: «Неге біз осындай жарық жұлдызды із-түзсіз ұмыттық? Өкініштен өзегім өртенеді. Қаматайдың есімі аталғаны былай тұрсын, мардымды ештеңе жазылып жатқан жоқ. Уақыт жылжып өтіп жатыр. Оның көзін көрген бір-екі жан ғана қалды. Біз кеткеннен кейін келер ұрпақ оларды бір жола ұмытады емес пе? Бұған үлкендер, біз кінәліміз. Біз жазып айтпасақ, олар қайдан білсін?!», – деп сөзін аяқтады. 

      Қамыш Қарабалинова – қазақ халқының ұлттық би өнеріндегі тұңғыш кәсіби маманның бірі. Оның есімі өзін жетелеп келген Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапаловалармен қатар айтылады. Венгрдің «Аққу көлі», өзбектің «Бақыт жағалауы» және қазақтың «Тәттімбет» пен «Балбырауыны» – Қарабалинова репертуарындағы біз білетін билер. Оның сахнада құйқылжыта орындаған туындылары өте көп. Балет спектакльдерімен қатар, опера қойылымдарында билеген. Қазақтың тұңғыш кәсіби балетмейстері Дәурен Әбіров «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған мақаласында: «Алмас Бекбосынов, Нұрсұлу Тапалова, Қамыш Қарабалинованың кәсіби жағынан өсуіне көмектестім» деген.  1950 жылдары Дәурен Әбіров бірнеше балетті қайта қойғанын балетмейстер туралы мақалада жаздық. Соның ішінде «Қамбар-Назым» да бар. Дәл осы қойылымда Қамыш Қарабалинова құрбы қыз Дәметкеннің бейнесін сомдаған. «Ол Дәметкенді шегіне жеткізе орындайтын. Осы операны кейін әртүрлі кәсіби білім алған бишілердің орындауында тамашаладым. Бірақ Қарабалинованың «Дәметкеніне» жетпейді, оларға бірдеңе жетіспей тұратындай көрінетін. Қазір ойлап қарасам, Қамыштың биші ретінде, балет әртісі ретінде ішкі эмоциясы күшті болатын», – дейді Қазақстан Республикасының халық әртісі, профессор Болат Аюханов.

     Қамыштың өнерін жақыннан таныған көзі түрі санаулы адамның бірі – Болат Аюханов. Ақсақалға хабарласқанымызда науқастанып жатыр екен. Сырқатына қарамастан, бізге Қамыш Қарабалинова туралы бар білгенін жайып салды: «Театр есігін алғаш аттаған кезімде Қамыш Қарабалинаның кемелденген шағы еді. Оның табиғи сұлулығын ертегідегі ханшайымға теңеуге болады. Өте кескінді әйел. Сахнадағы бейнесі айдынды қақ жарып, жүзіп келе жатқан аққудай әсер қалдырушы еді. Тек көзбен көру керек. Ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қамыш арнайы балеттен білім алмаған. Ол кезде ондай мүмкіндік қайда?! Өте дарынды, нағыз талант болатын. Балеттің станоктарын өзінің қажырлы еңбегімен меңгеріп шықты. Сахнаға ессіз ғашық еді».

      Сахна десе, есіл-дерті кететіні рас. Тіпті аяқ-қолын бауырына алып, сәбилі болған кезінде, қойылымды кейінге шегеру, орнына партнерін шығару дегенді білмеген көрінеді. «Перзентін босанып, әлі бұғанасы қатпаса да қойылымын кейінге қалдырмайтын.  Биінің антрактісінде гримм бөлмесіне жүгіріп келіп, нәрестесін тез-тез емізіп, сахнаға қайта кететін. Міне, нағыз жан-тәнімен биге берілген, өзінің балет әртісі екенін бақыт тұтатын жан. Ол – қазақ балетінің бір гүлі еді ғой! Қамыш Қарабалиновамен бір сахнада жүріп тәлім-тәрбие алғанымды өзіме бақыт санаймын», – дейді қазақ биінің майталманы Б. Аюханов.

       Қай салада болмасын, адам еңбегі кейде марапатпен өлшеніп жатады. Мұндай құрметке бай болмаса да, Қамыш Қарабалинова құралақан емес. 1958 жылы Мәскеудегі қазақ өнері мен мәдениетінің он күндігінде «Құрмет белгісі» орденімен және Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген әртісі атағын иеленген. ІІ Дүниежүзілік соғыста ерікті түрде көрсеткен қажырлы еңбегі үшін арнайы медальмен марапатталыпты. Сонымен қатар Абай атындағы опера және балет театрының әкімшілігі «театр негізі қаланған кезден бері қызмет етіп келе жатқан байырғы ұлттық кадр» ретінде дербес зейнеткерлікке ұсынған.

           Бір шаңырақ астындағы қос жұлдыз заманында биік шыңдарды бағындырды, келер ұрпаққа мирас болар жәдігер қалдырды. Ер азаматының мерейін асырып, алдына түспеу – шығыс әйелдеріне тән болмыс. Жазылмаған осы заңдылықты Қамыш апамыздың да ұстанғаны байқалады.  Отыз жыл театрда қызмет ете жүріп, Қарабалинованың жарнамаға құмар болмауының сыры – отбасы жағдайын көп күйіттегеннен. Жары Мүсілім Абдуллинмен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген. Ғалия, Сәния, Камил және Сағынай Абдуллиндер ішінде тек Сағынай әкесі мен анасының жолын қуды. Музыка әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар, бөлек әнші ретінде танымал.

Алаштың ай маңдайлы аруы, би өнерінің шамшырағы 1996 жылдың қыркүйегінде өмірден озды. Өзімен бірге мәдениетіміз үшін теккен төрі құмға сіңген судай ғайып болды.   

      ХХ ғасыр қазақ өнеріне қайталанбас тұлғаларды сыйлады. Мәдениетімізді қалыптастырған тұңғыштарды тарту етті. Ол алыптардың қайсысын алсақ та, бірегей. Бірегейлердің бірегейі Қамыш Қарабалинованың бізге аян дара жолының бір бөлшегі осындай.  Оның жасырын көмбеге ұқсайтын өмірінің шетін шығара алсақ қуанамыз

Тегтер: