Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 16 Желтоқсан 2021

Қазақ бодан болғанын ұмытқанша...

None
None

Алаңнан атыс естілмесе болды

Кореяда қысқа курста оқып жүргенімізде кәріс тілін үйрететін мұғаліміміз бізден «моңғолсыңдар ма?» деп сұрады. Магистратурада оқитын 22-23 жастағы қыз-жігіттер жамырап қоя бердік:

–Қайдағы моңғол! Қазақстанды білмейсің бе? Қазақты танымайсың ба?..

Арамыздағы біреудің қалың дәптерінің бірінші бетінде әлемнің саяси картасы бар екен, соны алдына тосты.

–Міне! Міне, Қазақстан! Жер көлемі бойынша тоғызыншы орында! – деді сұқ саусағымен Қазақстанның территориясын нұқып.

Кәріс қыз бейкүнә кейіпте бетімізге қарады. Сосын, «жерлерің үлкен екен» деді. Біз қайта жамырадық...

Сонда алғаш рет Қазақстанды, қазақты білмейтін адамдар бар екенін сезіндік. Қазақтың әлемдегі көп ұлттың бірі екенін, Қазақстанның қою шаң ішіндегі бір мемлекет екенін… Ешқандай да әлем таныған, ғалам мойындаған, бейбітшіліктің бесігі т.б. ғажайып ел емес екенімізді іштей мойындадық. Бұл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында болған оқиға, арада 10 жыл аунады, өзгерген ештеңе жоқ сияқты. Тек сондағы тәжірибесіз жас магистранттың менмен көкірегі көктен жерге түсті.

Тәуелсіздікті дәріптеп жатырмыз. Жылда дәріптейміз. Телеарна, радио, газет-журнал, сайт атаулы бірі қалмай сапта тұрады, қарайсың да, өзгерген ештеңе жоқ екенін көріп, «е, дүние орнында екен ғой» деп тәубе жасайсың. Сөз арасына бәрі тұңғыш президенттің арқасы екенін қайта-қайта қыстырып, қорқыныштан яки толқыныстан екені белгісіз, қайта-қайта шатасып, түкірігіне шашалып, шешендер сөйлейді; «Бабаларымның қанымен келген, аруларымның арымен келген...» деп ақындар күшенеді; «Қазақ болып тумағанда, не етер ем!» деп әншілер бөседі… Осы бір жаттанды, жадағай идеология тәуелсіздік алған тұста дүниені алғаш түйсінген бір буынды есейтті. Немқұрайды, ештеңеге сенбейтін, тіршілік қамытын мойнына іліп алып, көптің ішінде сөлбірейіп жүретін де қоятын құр сүлдер буынға қазір бәрібір. Бұл буын бесікте жатқанда қылшылдап тұрған, өзінше еркіндік келді деп қуанған, жаңа билік күш алып кеткенше қолтығынан демеген, кейін аздап қарсылық көрсеткен, болмағасын «келісуге» мәжбүр болған алдыңғы толқын да сүлесоқ. Кейінгі университет пен мектеп қабырғасындағы оқушылар да біздің ізімізді басып келеді, өзгерген ештеңе жоқ. Олар қазірдің өзінде даурыққан, шалдыққан ағалары мен аталарының сөзінен жалығып біткен. 16 желтоқсан жақындаған сайын, үйіне қайтарып жіберетін университет басшылығының едел-жедел шешімін түсінбеген күйі «демалысқа шықтық» деп үйіне кетіп бара жатады.

Баяғы студент кезде Тәуелсіздік деген ұлы мерекенің Жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып кететініне қынжылушы ек, кейін Тәуелсіздік күнінің қаралы күні тойланатынын білдік. Қазір екіұдай күй кешесің. Желтоқсан… Жаңаөзен… Қанша желпінейін десең де, 16 желтоқсан жақындаған сайын қазақ даласын бір ызғар құрсайды да тұрады. Ал мерекелік көңіл күй әдеттегідей мемлекеттік БАҚ-тағы сансыз мадақтама мен астананың сол жағалауында жаңбырша жауып жататын орден-медальдың сыңғырынан ғана аңдалады.

Айтпақшы, жыл сайын өңірін бір жаңалап алатын шалдардың соңынан тырағайлап біз де қуып келеміз. Биыл бұйырмаса да, келер жылдан үміттіміз –  «өлмеген құлға жаз да келер»: Тәуелсіздік тойы әлі талай, мың, миллион мәрте тойланар, қазақ өзінің бір замандарда бодан болғанын ұмытып қалғанша, бір сөлкебай түбі бір бұйырады. Өйткені біз неге екенін ылғи да тек білектің күші, найзаның ұшымен шендестіре беретін тәуелсіздік үшін төгілген қанның құрамында менің де бабамның арманы қалған.

Отыз жыл – көзді ашып-жұмғанша өте шыққан алғашқы, ең маңызды уақыт. Біз қаншалықты пайдалана алдық? «Үлкен зерттеулер әлі жазылар» деп, жақсысы мен жаманы таразыға тартылар күнді тағы да келер онжылдыққа ысырып қойып, немқұрайды күйде манаурап тағы бір таң атты. Бүгін демалыс. Концерт көруге болады.  Тек алаң жақтан атыс естілмесе болды...

Тегтер: