Қазақ даласын дүрліктіру кімге керек?
Қазақстан ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділовтің мәлімдеуінше, Қазақстанға қазір сырттан ақпараттық шабуыл жасалып жатыр.
«Қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін Қазақстанда қоғамның санасын өз бақылауына алу үшін сырттан бәз-біреулер ақпараттық соғыс жүргізіп жүр», деген ол қазіргі жағдайға мынадай баға беріпті:
– Ресми органдардың ескертулеріне қарамастан, әлеуметтік желілер арқылы жалған ақпараттар тарату деректері жиілеп кетті. Ондай ақпараттық шабуылдардың түпкі мақсаты – Қазақстанның құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіру ғана емес, Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымын құлату. Жалған фейк хабарламаларды сырттағы күштер таратуда. Қазірге дейін әлеуметтік желілерде шетелде тіркелген – 43 аккаунт анықталды. Көрінеу жалған ақпарат таратудың барлық деректері бойынша кінәлі тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары қабылдануда, деді Санжар Әділов.
Ал Бас прокуратураның бірінші қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов келтірген деректерге сенсек, қазір Қазақстандағы қаңтар оқиғаларына қатысты жалған ақпарат таратудың 10 фактісі тіркеліп, сол фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеулер басталыпты.
«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері әлеуметтік желілерді ақтарып, фейк ақпарат таратушыларды анықтауда. Қазақстанның қылмыстық кодексінде көрінеу жалған ақпарат тарату үшін жауапкершілік көзделген. Қазір жалған ақпарат тарату фактілері бойынша –сотқа дейінгі 10 тергеу басталды. Үш автордың жеке басы анықталды. Соттың санкциясымен олардың біреуі – қамауға алынды, екеуі – үйқамақта. Құқық қорғау органдары мен прокуратура қызметкерлері тергеудің барынша толық жүргізілуін, заң нормаларының сақталуы мен дұрыс қолданылуын қамтамасыз етуге бар күші мен ресурсын салуда», — дейді Елдос Қилымжанов.
Сонымен қатар, бас прокуратураның хабарлауынша, тергеу топтарының өндірісінде қазір қаңтардағы оқиғалар бойынша – 2 750 қылмыстық іс тергелуде. Ол істер бойынша – 802 күдікті соттың санкциясымен қамауда жатыр екен. Қамалғандардың арасындағы –113 адам бұрын кісі өлтіру, ұрлық, тонау, қарақшылық үшін сотталған, олардың ішінде – радикалды діни ағымдарды ұстанушылар да бар. Тағы – 91 тұлғаға қамауға алуды көздемейтін бұлтартпау шарасы қабылданған екен.
Бас прокуратураның мәлімдеуінше, Қазақстандағы қаңтар митингілері кезінде – 225 адам қайтыс болып, 4578 адам жараланды. Қарулы күштер қызметкерлері тарапынан – 19 адам қаза тапты.
Кремль неден шошиды?
Айтпақшы, ақпараттық шабуыл демекші, кеше ғана Ресейдің федералды (мемлекеттік) «НТВ» телеарнасы қайдағы бір құжаттарға сілтеме жасап, Қазақстандағы қаңтар оқиғасының отына – АҚШ пен Батыс елдерінен ақша алған қазақстандық блогерлер – Ғалым Бәйтүк пен Денис Кривошеев от құйып жіберді, деген ақпарат таратты. Жер-дүниедегі бәле-сұмдықтың бәріне АҚШ кінәлі деп байбалам салыңдар, деген тапсырманы орындаған түрі-ау.
– Шындыққа тура қарасақ, Америка мен Еуропаға Қазақстанда төңкеріс пен бүлік ұйымдастырудың түк қажеті жоқ. Олар соңғы отыз жыл бойы қазақ даласына жүздеген миллиард доллар инвестиция салды емес пе? Қазір Қазақстанда батыс әлемінің – Shell, BP, ExxonMobil, Chevron, Total, Eni, Glencore, Alstom сияқты көптеген жаһандық алпауыт компаниялары жұмыс істеп жатыр. Олар –Қазақстандағы ірі салық төлеушілер һәм бюджеттің донорлары. Қазақ даласына қазір Valmont Industries, Svevind AB, Tyson Foods, Inoks Capital, Roche Holding, Becker Mining Systems, Air Liquide, Polpharma, CLAAS, Stadler сықылды әлемдік алып өндірушілер кіріп жатыр, қанатын кеңейтіп жатыр. Қазақстанды бір өзі ноқталап алып, өз білгенімен билеп-төстейін деген жымысқы жоспары бар Кремльді бұл жағдай, әрине, шошытады. Жынын келтіреді. Өйткені қазақ даласының топырағына дамыған Америка мен өркениетті батыс әлемінің капиталы неғұрлым көп сіңген сайын қазақтың тәуелсіздігі нығая түседі. Қазақстанның шын қауіпсіздігі мен тәуелсіздігінің негізгі кепілдігі, әзірге, сол батыстың капиталы мен әлемнің құдіретті корпорацияларының мүдделері болып тұр. Айтпақшы, орыстың «Камаз» бен «Автоваз» дегендері – Қазақстанда егер утилизациялық алым жойылса, біз Қазақстандағы өндірісімізді тоқтатамыз деп кіжініпті. Әне, орыстар тағы да тең бәсекелі жағдайда жұмыс істей алмайтынын анық көрсетті. Қарап отырсаңыз, олар Қазақстанда ЕАЭО есебінен жасалатын жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдаудың арқасында ғана коммерциялық табыс көретіндей, жұмыс жүргізе алады. Шын бәсекеде құритынын біледі. Мысалы, ЕАЭО түрінде қолдан қасақана жасалған ресейлік кедергілерге қарамастан, Қазақстанның құрылыс саласын түгелдей Қытайдың HOWO, SHACMAN, FOTON, SHAANXI сықылды жүк көліктері жаулап алды ғой?! Ресей Қазақстан нарығында арнайы жеңілдіктері мен басымдықтары бола тұра осы бір жүк көліктері бәсекесінде Қытаймен тайталаса алмай қалды деп, пайымдайды, мәселен, біраз нәрсені аңғарып жүретін қазақ блогері Шыңғыс Бауыржанұлы.