Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:39, 17 Қаңтар 2023

Қазақ даласында киіктер көбейіп келеді

None
None

Жез киік, біздің жаққа қалай келдің?

Жолымды тіке кесіп, жанай бердің.

Адамның көздеріндей екі көзің,

Япырмай, дәтім шыдап қалай көрдім?

Қазақ даласында киіктер саны көбейе бастаған. Қазақ қашанда киікті қасиетке балаған. Киікті атуға тыйым салатын және оларды жойғандарды қатаң жазалайтын заң да өз пайдасын беріп отыр. Мамандардың пайымдауынша соңғы үш жылда Қазақстанда киіктер саны он үш есеге көбейген екен.

Желтоқсан, қаңтар айларында Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының тұрғындары жол бойы мен елдімекендер жанынан өтіп бара жатқан киіктердің жүздеген қарасын бірнеше рет көрген. Киіктерді көрген қараша халық оларға тиіспей, тек бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге таратып отырған. Желтоқсанда киіктер қарасы Нұра ауданы маңынан көрінсе, қаңтарда Ұлытау облысының Қаражал, Жәйрем жақтан жұрттың көзіне түскен. Тұрғындар бұрын аса көзге шалына қоймаған киіктердің не себепті көбейіп кеткеніне таңданысын білдіруде. Жанары жәудіреген киік көбейсе қазақ даласының сәні болатыны сөзсіз. Дегенмен мұндай жүздеген қаралы киіктер егістік пен бау-бақшалы алаңға түсіп кетсе, өнімді жайратып жіберетіні анық. Былтырғы жылы елімізде көптеген шаруалар киіктердің салдарынан шығынға батқаны жайында шағым түсірген болатын. Бұл мәселе әрине даулы «былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынадының» кері келіп тұр.

Мамандар Қарағанды, Ұлытау облыстарында киіктерге қардың астына мұз қатып қалғандықтан, шөп жеу қиын болып кеткен дейді. Осыдан кейін олар Оңтүстік өңірге қоныс аудара бастаған. Әрі олар ғасырлар бойы қалыптасқан үйреншікті жолдарымен жүріп қоныс аударады екен. Кейін көктемде киіктер қайтадан өз мекендеріне оралады. Ақбөкендер саны артып, шаруалардың жұмысына кері әсерін тигізе бастаған соң, бұрын Экология министрі 80 мыңдай киікті атып олардың санын азайтуды көздеген болатын. Алайда бұл жоспарға халық өре түрегеліп қарсы шыққандықтан 2023 жылға дейін мораторий жарияланған болатын. Енді желтоқсан айында киіктерді атуға тыйым салған мораторийді тағы бір жылға созды. Бүгінде қазақ даласында ақбөкендер саны бір миллион үш жүз мың басқа жеткен.

Тегтер: