«Қазақ деген мүлдем болмаған...»

Көшеде жарнама мақсатында сауалнама жүргізіп жүрген мамандарға Қарағанды қаласының тұрғыны осындай жауап қатып, айды аспанға бір-ақ шығарғандай болды.
Қарағанды қаласында жарнама үшін тұрғындарға жекеменшік ұйымның бірі сауалдар қойып, оны бейнетаспаға түсірген. Сауалға дұрыс жауап бергендерге тегін донер үлестірген екен. Қала көшесіндегі осындай сауалнама барысында қарағандылық егде жастағы әйел, өзге ұлт өкілі: «қазақ хандығы қашан құрылды?» деген сауалға шімірікпестен: «Қазақ деген мүлдем болмаған, не айтып тұрсыңдар, қазақтар олар қытайлар», – деп жауап беріп өтіп кеткен. Кейін бұл бейнежазба әлеуметтік желіге салынған соң көп қазақтың ашу-ызасына тиіп наразы пікірлер көбейе бастаған болатын. Жағдай осылай ушыға бастаған соң еріксіз бұл іске полицияның араласуына тура келді. Полиция қызметі сауалнама жүргізу барысында бейнежазбаға түсіп қалған әйел адамды іздеп тапқан болатын. Бастапқыда бұл әйел лауазымды тұлғаның жұбайы екен деген бейресми ақпарат тараған еді. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Қазақ ұлтына тіл тигізген әйел Қарағанды қаласының тұрғыны болып шықты. Қарағанды облысы Полиция департаментінің хабарлауынша абайламай сөйлеген әйел адамға қатысты ҚР ҚК 13-бабы, яғни ар-намысқа тиіп қорлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бүгінде тұтас бір ұлтты қорлаған әйелге жаза тағайындау үшін бұл материал сотқа жіберілген. Еске сала кетсек, қазан айында тағы бір қарағандылық тұрғын ер адам Путиннің саясатын қолдаймын деген желеумен қазақ ұлтына тіл тигізген болатын. Ол қазақтарға: «Менің Қазақстаным деп айта бермей, жолдарыңды жөндеп, қоқыстарыңды жинаңдар, сендер кімге керексіңдер?», — деген пікірін әлеуметтік желіге жариялап, тағы да қалың қазақтың ашуына тиген еді. Жұрт «аузына келгенін айтып, халықты қорлағандар қашанғы кешірім сұрап құтыла береді?», — деп, наразы болған. Осы дау-дамайдан кейін 42 жастағы ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол қамауға алынған болатын. Енді оларға жазаны сот тағайындайды. Бүтін бір ұлттың ашуына тиіп, алауыздық, өшпенділік өртін тұтатқандарға өзгеге сабақ болуы үшін қатаң жаза қолданылуы тиіс. Өйткені бұған дейін ұлттың намысын аяққа таптағандардың көбісі кешірім сұрап, құтылып кеткені айқын.