Қазақ халқы аққа жақ! Билігі бірақ кімге жақ?
Қазақстан ескі жүйеден құтылды. Ресей өзінің ажалына асығып, Украинамен соғысқа оңбай ұрынды.
Өркениетті батыс әлемі енді шындап біріге бастады. Қарасақ, әлемде зор өзгерістер болып жатыр. Ең бастысы, Ресейдің ғана емес, Қазақстан қоғамының демократиялық дамуын талай жыл бойы тежеп келген путинизм деген құбылыстан құтылатын кез қылтиды. Бұл деген Қазақстанға да шынайы реформаларды бастап жіберетін таптырмас кезең еді. Бірақ…
Бірақ біз өзгермек түгілі, қаралы қаңтарда ұсталған қаракөздерді әлі қамауда ұстап отыр екенбіз. Бізде Айдос Сарым сияқтылар әлі депутат болып, әлі де Ресейдің сойылын соғып сайрап отыр екен.
Ертең өз елінде жұмыссыз, ақшасыз, аш-жалаңаш қалатынын біліп отырған ресейліктер енді Қазақстанға көшіп келудің түрлі жолдарын қарастырып жатыр. Бұл өте қауіпті құбылыс, бірақ Қазақстан билігінің бұған да тәйт дейтін ниеті көрінбейді. Басқасы басқа, дәл ресейліктердің қазақ жеріне ағылғанынан түбі жақсылық күтпесек керек.
БҰҰ-ның бас ассамблеясында Ресейдің агрессиясын айыптап дауыс беруге батпаған Қазақстан дипломаттары бұғып қалды. Есесіне, қазақстандықтар Алматыда Украинадағы соғысқа қарсылығын білдіріп, ірі митингке шығып кетті. Бұл шеру халықаралық телеарналар мен шетелдік баспасөздің назарына ілікті. Арамыздағы бірен-саран мақтабастар болмаса, Қазақстан халқының көпшілігі, әрине, Украинаны қолдайды. Ресейдің соғысын, себепсіз қантөгісін қолдамайды. Болашағы жоқ диктатураны емес, шынайы демократияны қалайды.
— Қазақстанның БҰҰ-да Ресейдің Украинаға жасаған басқыншылық шабуылы туралы резолюцияға дауыс беруден бұғып қалғаны – үлкен дипломатиялық қателік, — дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев. Оның сөзінше, Қазақстан үшін баяғыдай, бірнеше орындықтың үстінде бірдей отыруына болмайтын геосаяси дағдарыс туды. Қазақстан не мына жақты, не ана жақты таңдауы керек.
– Еуразиялық экономикалық одақтың бес мүшесінің үшеуі, Ресей, Беларусь және Қырғызстан антиукраиналық позициясын ашық білдірді. Бұл үшеуі Путиннің Украинаға қарсы әскери агрессиясын қолдайтын елдер ретінде халықаралық қара тізімге енді. Қазақстанды да, қанша жерден үндемей құтылайын десе де, халықаралық қауымдастық Путиннің одақтас елі, еуразиялық қауымдастықтың бір бөлігі ретінде қарастыруда. Қазақстан өзінің біржақты ұстанымын нақты, анық айқындауы керек. Қазақстан билігі өзінің тәуелсіз баспасөзін қасақана жою арқылы ресейлік пропагандаға жол ашып қойды. Ертең гибридті соғыс басталса, немесе дағдарыс жағдайы туындағанда, бұл ресейлік баспасөз Қазақстан қоғамын екіге жарады, деп талай ескерттік кезінде. Қазақстан халқының бір бөлігі өзін Қазақстанмен байланыстырмайды. Денесі Қазақстанда, басы Ресейде тұратындар бар, – дейді саясаттанушы.
Айтпақшы, Ресейдің Украинада оңбай ұрынғанына қатысты бір қызық дерек естідік. Ресей билігі 2014-2022 жылдар аралығында Украинада халықты арандату мен «бесінші колонна» қалыптастыру жұмыстары үшін 5 миллиард доллардай ақша бөліпті. Бірақ оны бір топ шенеунік пен генералдар жымқырып, қалтасына басқан. «Жұмысты қатырып жатырмыз», ресейшіл белсенділерді қаржыландырып, үгіт-насихат жүргіздік, деген жалған есеппен Путинді алдаған. Путин бір жағы осыған да сеніп қалған-мыс, Украинада орыс әскерін күтіп отырған оппозициялық көзқарастағы тұлғалардың ұйымдасқан топтары бар деп ойлаған.