Қазақ хандығының дәуірі және Әжібай батыр

Әр ұлттың дамуы түрлі кезеңдерден тұрып, тарих сахнасында өзіндік орны болатыны сөзсіз.
ХVIII ғасыр, әсіресе осы ғасырдың алғашқы онжылдықтары қазақ халқы үшін қиын-қыстау сынақ жылдары еді.Бұл кезеңалуан тағдырлы сипаттағы оқиғаларға толы болды. Ұланғайыр даланы мекен еткен қазақтардың ішкі жағдайының әлсірей түсуіне тікелей әсер еткен ол көршілес елдердің қарым-қатынасы сыртқы саяси процестің ықпалы болды.
Солтүстік пен батыстан – Ресей мемлекетінің озбырлық саясаты, шығыстан көршілес – жоңғарлардың, оңтүстіктен – туыстас Орта Азия хандықтарының саяси қысым жасауы айқын аңғарылды. Сонымен бірге қазақ қоғамының өз ішінде дағдарысты кұбылыстар өpic алды: көшпелі ұжымдар арасында ынтымақ болмады, алауыздық етек алып, рулық тартыс, билік құрылымдары жолындағы ішкі саяси күрес күшейді. Сол жылдары қазіргі Қазақстан аумағында «барша жұртқа қарсы баршаның соғысы» деп аталатын кезең пайда болып, қарапайым ел арасында ауызекі тілде тараған «келте хан» дейтіндер бас көтерген уақыт еді. Бұл соғыстар мемлекеттің экономикалық негізін әлсіретті, оның материалдық ресурстарын азайтып, адамдар шығынын көбейтті. Бұл дәстүрлі көшіп-қону жолдарының өзгеруіне және жалпы алғанда көшіп жүру жүйесінің бұзылуына әкеп соқты. Ақырында, қазақ қоғамының дамуындағы келеңсіз оқиғалар мен қайшылықтардың шырқау шегіне жеткен кезеңі – қазақ тарихына «Ақтабан шұбырынды» деген атпен енген 1723-1727 жылдар болды. Бұл қансыратқан қасіретке толы, ашаршылық, адамдар құрбан болып, экономика күйзелген, өндіргіш күштер кұлдырап, мәдениет кері кеткен заман еді. Сонымен бірге тұрмыс салты бір номадтардың, шынына келгенде, дүниежүзілік империялар мен алып көршілерінің «үлкен саясатына» құрбан болған туысқан халықтардың өзара соғысқан фактісі назар аудартады. Қалай болғанда да, отан тарихында ұзаққа созылған қазақ-жоңғар соғысының болғаны, онда жоңғарлар агрессиясына қарсы қазақ халқының халықтық жасағының шешуші рөл атқарғаны анық. Егер туған жер және ата-бабалар қонысы қорғалғанын ескерсек, жай ғана жасақтар соғысы емес, бұл кезеңді «Отан соғысы» деп атауға болады.
Осындай ел басына күн туған қиын-қыстау жағдайлар ұлттың біртуар жеке тұлғаларын тарих сахнасына шығарып, кейде біртұтас халықты ширықтырып, жаңа бір сапаға көтерері анық. Осы өңірде аттары халық санасында сақталған: Хангелді, Райымбек, Малай, Қасқары, Қарасай, Наурызбай, Өтеген, Жанай, Елтінді, Сатай, Аралбай, Есімбек, Шағаман, Қараш батырлар болды. Жетісу жерін негізінен мекендеп жатқан албан тайпасының бір руының ұранына айналған Әжібай батырдың да тарих сахнсына шыққан кезеңі осы мезгілге тап болды. Әжібай Найманбайұлы 1699-1778 жылдар аралығында өмір сүрген. Туған жері – қазіргі Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылының маңы.
Өмір сүрген кезеңіне көз жүгіртсек, тарихи деректер мен аңыз әңгіме, әфсаналар оның Өтеген батырмен жастары шамалас, сыйлас, сырлас, қимас дос, достықтың арты сүйек үзілмес құдалыққа ұласқанын байқау қиын емес. Кейбір деректерде Әжібай Найманбайұлы Өтеген Өтеғұлұлымен (1699-1773) үзеңгілес жүріп соғысқа араласқан. Сондықтан да оның өмірдерегін осы Өтеген батырмен байланыстырып қараудың қисыны бар. Дегенмен белгілі тарихшы Кеңес Нұрпейісұлы «Ер Әжібай» кітабының алғысөзінде Әбзейіт Мәлікеұлының жыр-дастанына талдау жасай келе, Әжібай батырдың туған және өмірден озған мезгілі туралы ақиқаты тексерілмеген деректерге сүйенбеуді меңзеп, «жыр авторы айтқандай, Әжібай 1703 жылы қайтыс болғанда Өтеген батыр бар жоғы бес-ақ жастағы бала еді», – деген тұжырым жасайды [2]. Яғни автор тарихи жаңсақтыққа жол бермеу үшін қарапайым логиканы да естен шығармауды ұсынады.
Өтеген 1723 жылы Тауасар, Райымбек, Ханкелді батырлармен тізе қосып, жоңғарлармен айқасады. Ол 1756 жылдар шамасында Абылайдың Қытаймен бейбіт болу саясатына қарсы шығып, Жиделі байсында 17 жыл жүріп-қайтыпты деген де аңыз бар. Жамбыл Жабаев: «Қасқара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді», – деп батырлықтың белгісі ретінде таныған.
Әжібай Найманбайұлы майдан даласында үлкен ерліктер көрсетіп, жекпе-жектерде табысқа жетіп, қазақтардың мәртебесін бірнеше рет асырған мәрт тұлға ретінде халықтың жадында қалды. Оның ерекше ерлігі ауыздан ауызға тарап әңгімелерге арқау болып, әфсаналармен қатар өзіне арнап жыр-дастандар жазылған. Ол «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада» жапа шеккен қазақтарды туған елге қайтаруға үлкен еңбек сіңірген. Кейінгі бейбіт өмірде де ел арасында аса беделді болған. Ел арасында ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген Әжібай Найманбайұлы Алматы маңы Атамқұлдың ойында (Моловодное) Таутүрген аймағында тоған қаздырып, су шығарып, егіндік ектірген [3]. Түрген мен Қаракемерде бұрын Қызылбөріктердің екі атасы Әжібай мен Құланаяндар тұрған. Кейін осында ұзақ жылдар мекендеген Қызылбөріктер енді екіге бөлінген. Құланаяндар мұнда қалып, Әжібай ауылы Шелек өзенінің тау сағасына (Асысаға) қоныс аударған. Босаған жерлерге бірталай ру-тайпалар албандармен аралас-құралас қоныстанған [4].
ХVIII ғасырдың екінші жартысы ХIХ ғасырдың басында Қазақстанда ауыл шаруашылығының басқа орталықтары да құрылды. Олардың пайда болуы – көшпелі мал шаруашылығының жұттар нәтижесінде уақытша құлдырауымен де байланысты. Жұттар мен малдардың жаппай қырылуы жиі кездесетін Қазақстанның нақты жағдайында ауыл шаруашылығының бастаушылары көбінесе малдары жоқ жатақтар (кедейлер) болды. Олар қоныстану орталықтарын құрды [5].
Әжібай батыр Таутүргеннен бастап Қаракемер, Сатай, Талдыбұлақ ауылданына дейін өзі баскөз болып жүріп тоған(канал) қаздырып, егін егіп, бау-бақша салып, мал өсіруге қолайлы жағдайлар жасаған. Ол туралы: «Қалмақтарды қуып шыққан соң Қаратау мен Қазығұрт, Сарыарқа өңірінде жүрген албан руы кешегі ел-жұртына қарай ағылды. Алғашқы келгендердің бірі Қызылбөрік руының ұрпақтары еді. Оларды Әжібай Найманбайұлы мен Құлбарыс Құланаян батырлар басқарып, Алатауды бөктерлей жүріп Түрген өзенінің бойындағы Шөладыр етегіне жетеді. Қоныс еткен бұл өңірді алғашқы өрттен кейін қалпына келтіруге бел байлайды. Әжібай батыр ағайын, ел-жұртымен ақылдаса келе Түрген өзенінен Адырға қарай су көтермек болып, екі жүздей жігіттің басын құраған. Адырдағы жылғаларды қуалап жүріп арық қаздырады. Атты кісі кешіп өте алмайтын асау өзенге бұғалық тастаған Әжібай кемерлетіп қазылған кең арықты түскен қойды ағызып кететіндей екпінді мол суға толтырады. Айналасы бес-алты жылдың ішінде Қаракемер төңірегі егінді, жемісті, бау-бақшалы аймаққа айналды да кетті. Бертін келе тоғанның суы Жалпақсаз (Ақши) бен Атамқұлдың бойына (Маловодный) дейін ағып баратын болды. Туыс-бауырлары, Атамқұлды Құлжа жол бойына Бақтиярды Таукемерге, Жанботаны Шилікемерге (Казатком) орналастырады. Демек, Қаракемер өңірі Қызылбөрік ұрпақтарының еңбек сіңіріп, (Әжібай тоғаны күні бүгінге дейін аталады) тарихи үлес қосқан мекені, еншілес жері десе артық болмас» [6].
Кейіннен 1821 жылы қоқандықтарға қарсы көтерілісті басқарған Тентек төре атанған Рүстем төре осы Түрген өзенінің бойына келіп бекініс салып, қоқан зекетшілерін қырып Қарқара жаққа көшіп кеткен [7]. Тарихи деректер дәлелдеп отырғандай, Әжібай Найманбайұлы негізін қалаған елді мекен аймақта едәуір көзге түсіп, белгілі бола бастаған еді. Әжібай Найманбайұлының осы кезеңдегі қазақ даласындағы батырлардан айшықтап көрсететін белгілеріне тоқтала кеткенді жөн көреміз.
Біріншіден, достыққа адал болған Өтеген батыр екеуі сол кездегі достықтың символына айналған. Олар өз қандастарының арасында орасан зор бедел мен сый-құрметке бөленді. Екі батырдың тұлғасы еліміздің батысында 1836-1838 жылдардағы халық-азаттық көтеріліс басшылары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының арақатынасы сияқты болған. Бір ғасыр бұрын Әжібай Найманбайұлы мен Өтеген Өтеғұлұлы арасындағы қатынас кейіннен Исатай Тайманұлының ең жақын серігі ақын Махамбет Өтемісұлы арасында да қайталанды десе болады. Ол өзінің досы Өтеген батырсыз жорыққа шығып, жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда, жоңғарлардың өзі ерлігі мен оның мінезіне тәнті болып, досына да, жауына да адал адам екенін түсінген. Батырлығын, мәрттігін бағалап жауының өзі оны тұтқыннан босатқан.
Ал Әжібай Найманбайұлының сүйегі Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген себепті оның туған жерінде мүрдесі жоқ. Ұранды бабаның рухы Түркістан жерінде орын тепкендігі ұрпағына аманат болып, әкеден балаға беріліп, жыл сайын ауқатты ұрпақтары киелі жерге келіп, батыр бабаларын еске алып, құран оқып, ас беріп тұрған. Оны көнекөз қариялар күні бүгінге жалғастырып келеді. Әжібай батыр Найманбайұлының мәйіті Әзірет Сұлтанның жанында екені – ұрпақтары үшін үлкен абырой. Оның кейінгі кездегі дәлелі «Қазақтың рухы жаңғырды» атты мақаланың жарық көруі болды [10]. Онда кесенеде сақталған құлпытастардың тізімі берілді. Сол тізімдегі 58 нөмірде Әжібай батыр деп көрсетілген. Түркістанда Қожа Ахмет жақсылары тізімдемесіндегі әруақтарды қайта жерлеу рәсіміне Әжібай Найманбайұлы ұрпақтарынан құралған делегация арнайы ас беріп, ресми құран оқып, қайта жерлеу рәсіміне барып-қайтты. ХVIII ғасырдан бері елін қорғаған батырлар жөнінде ел аузында тараған деректер бойынша, «Өтеген сен су астында қаласың, Райымбек сен шу астында қаласың, ал Әжібай сен Түркістанға барасың», – деген тәмсіл сөз ақиқатын меңзейді.
Өтеген батыр шындығында Қапшағай көлі орналасқан жерде, Райымбек батыр Жібек жолы бойында Алматы орталығында жерленген. Ол туралы тарихи жазба деректер оны жоққа шығармайды [11]. Ал Әжібай батыр Найманбайұлына Түркістан топырағы бұйығанын жоғарыда айттық.Тәуелсіздіктің таңсәрісі ретінде Қазақ хандығының дәуірі әлі де өз зерттеушілерінің назарынан тыс қалмауы тиіс. Себебі ұлттық сипаттағы мемлекет құруға ұмтылып, тәуелсіздік үшін күрестің алдыңғы қатарлы үлгісін көрсете білді. Шындығында XVIII ғасыр – сайын даладағы батырлардың лек-легімен туындаған кезеңі. Нәтижесінде әлемдегі жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын егеменді елге айналдық және Әжібай батыр Найманбайұлы сияқты ұлдары елді көтеру жолында еңбек етіп, ерлік көрсетіп, оған адал қызмет жасады.