Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:11, 16 Наурыз 2023

Қазақ мультфильмінің атасы – Әмен Қайдаров

None
None

«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек,

 тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы»

Әбу Насыр әл-Фараби

Қазақ анимациясының өнерін тарихымызға енгізіп, негізін қалаған алғашқы аниматор, суретші, режиссер, сценарист және профессор Әмен Әбжанұлы Қайдаров 3 маусым, 2023 жылы 100 жасқа толады.

Сол себептен де 5 жыл бойы бізге ұстаз болған мерейтой иесі туралы мақала жазу парызымдай сезіледі.

Өз сөзіне қарағанда ұстазымыздың өмірде көрмегені жоқ сияқты. Бала кезінен аштық пен қиыншылықтарды бастан өткізіп, 1941 жылы мектебін бітірмей-ақ соғысқа сұранып, сол ұлы отан соғысында Оңтүстік-Батыс, Дон, Сталинград, Бірінші украиндік майдандарында радист әрі байланысшы болып жүргенде, ауыр жарақаттар алып, өзіне бірнеше операция жасалғаны да оған қиынға соққан....

Шығармашылығына келсек, график, карикатурашы, суретші-кескіндемеші, Жамбыл Жабаев, Қаныш Сәтбаев, Әлия Молдағұлова, Сәкен Сейфуллиндей әйгілі тұлғалар портреттерін жасаушы сияқты өнермен шұғылданып, миниатюра, пейзаждар мен «Абай жерінде» және «Семей полигоны» (29 тамыз, 1949 жыл) секілді плакаттардың авторлығынан бастаған Әмен Қайдаров халықаралық мультипликаторлар ассоциациясының, тағы басқа да Қазақстан Республикасының өнер мен мәдениет одақтарының мүшесі болған.

1946-1950 жылдары Алматы көркемөнер училищесін бітіріп, республикалық «Қазақстан әйелдері» журналының көркемдік редакторы және «Ара» журналының қызметкері болған.

Бозбала кезінде де суреттер салып, «Бэмби» атты диснейлік мультфильмге қызыққан Әмен Қайдаров 1960-шы жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематография институтының мультипликатор, суретші-қоюшы бөлімін тәмамдап, «Қазақфильм» киностудиясында мультипликация цехын құрып, басқару жұмысын да өзі атқарған, Мәскеудегі сценаристер мен режиссерлердің жоғары курсын бітірген.

1970 жылдары мультбірлестіктің көркемдік жетекшісі, 1975 жылы Қазақстан Кинематографистер одағының хатшысы болып, Халықаралық мультипликаторлар қауымдастығының мүшесі ретінде 1976 жылы Алматы қаласында өткен, әлем киносы тарихында алғаш рет Азия, Африка, Латын Америка елдері мультипликаторларының халықаралық симпозиумын ұйымдастырды. 1980-1990-шы жылдары Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы, 1993 жылдан Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында анимация пәнінің оқытушысы болған.

 «Қожанасыр – құрылысшы», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «40 өтірік», «Сиқырлы кілем», «Құйыршық», «Тағдыр», «Жанар», «Күн сәулесінен пайда болған күшік», «Аңғару», «Күн шағылысы»,

«Даналық пен байлық», «Лаула», т.б. да кәсіби шеберлікпен салынған, қазақ еліне қатысты мультипликациялық фильмдер ұстазымыздың баянды еңбегі.

Ал өзі дегенде мақтануға жоқ Әмен Әбжанұлының қадір-қасиетін айқындайтын сансыз атақ пен құрмет грамоталары уикипедияда жазылған.

Иә, атақ деген құрметті адамдар ақылымен, дарын-қабілетімен, батырлығымен, спортпен, дауысымен, біреуі мейірімімен, ал енді біреуі менің ұстазымдай өмірді жақсы көргендігінен алды десек артық болмас.

Дереккөзге де мән берсек: Қазақстан Республикасында кімнің кім екенін анықтайтын анықтамада әйгілі тұлғалардың есімдерімен бірге Әмен Қайдаровтың да аты-жөні бар екенін көреміз.

Ұстазымыздың 1967 жылғы «Қазақфильм» киностудиясында шығарылған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты алғашқы отандық анимациялық фильмі адам өміріне ең қажетті мейірімділікті ұрпақтарымызға аманат етіп кеткендей. Бұл еңбекті, әр бала жаны есеймей тұрып-ақ, көру қажет сияқты: мультфильм басталғанда баланың анасы ұядан құлаған қарлығаш балапанын қайтадан ұяшыққа салғанда, қарлығаш та болған жайды балапандарынан естіп, бала қанын сорған масаны қуа жөнеледі. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген мақал дәп осындай құрметтердің нәтижесінде шыққан болар? Түп төркіні – бірлік пен тірлік бар жерде аспан ашық болып, бала емін-еркін ойнап, болашағына нық басуға мотивация бола алады дегендей түсініктер. Әмен Қайдаровтың бұл туындыдағы басты идеясы да осында жатыр.

Бұның өзі энергетикасы әлі әлсіздеу балаға да үлгі-өнеге беріп, жанын қозғай отырып, «Осындай жұдырықтай құс батырлық жасаса, мен де жасай аламын!» дегізуі хақ. Бұл мультфильм осы терең мазмұнымен олардың ата-аналарына да әсер ететіні анық.

Өз ережесіне сай бұл мультипликациялық фильм көптеген суреттерден және солардың қимыл-әрекеттерінен құрылғандықтан, тіптен ұядағы балапан қарлығаштардың өздері де кіп-кішкентай болып, анасына болған жайды баяндауы да өте сенімді шыққан.

Ән мен жырға қосылған қарлығаш, ақ бұлтты жарып өтетін қарлығаш, адамнан жасқанбайтын осы бір қарлығаш Әмен Қайдаровтың шығармасында батыл жүректі, өз ойынан қайтпайтын тірі жан ретінде суреттелген. Тіптен екі нүктедей болған көздерінің өзі, жас ұрпаққа күш-қуат беретіндей де әсер қалдырады.

… Масаның арам ойын іске асырмай, айдаһардың өзімен де, оның сайқал нөкерлерімен де алысып, құйрығы айыр болып қалған, бойға қуат, көңілге шуақ себе алған қарлығаш қазақ мультфильмінің эмблемасы болып қалуы, оның тек алғашқы қазақ мультфильмінің бас кейіпкері болуында ғана емес, туынды мәнін символикалық дәрежеге жеткізгендігінен де болар.

Ұстазымызға осы түрлі-түсті графикалық мультфильмге режиссер, суретші-қоюшы, әрі басшысы да болуға тура келді. Себебі бұл оның тұңғыш жарыққа шығар өзінің мультфильмі еді. Тек өзінің ғана емес, қазақтың ұлттық алғашқы тұсаукесер анимациялық фильмі болатын. Содан ба «Үйрен де жирен!» дегендей Әмен Қайдаровтың кейбір ақыл-кеңесін ескерген суретші-аниматорлардың салған қарлығашы, маса, табиғат, түлкі, биші, музыканттар, нөкерлер, тіптен үш басты айдаһардың өзі де көркем фильмдердегі кейіпкерлердей әсер қалдырады.

Осы туындыны бүгінгі таңда көргенде, есіме ұстазым түседі. Себебі, отанымызға жау шапқанда 17 жасынан ерікті түрде соғысқа қатынасып, отанын қорғап, жаралы болып оралған ұстазым, қазақтың халық ертегісінің желісімен жазылған дәп осы қарлығаш туралы мультфильмге сценариді жазуы да тегін еместей сезіледі. Бір сөзбен айтқанда, тағдырлары ұқсас болғандықтан болар.

Әмен Қайдаровтың «Аңғару», «40 өтірік», «Ақсақ құлан», «Қожанасыр – құрылысшы» атты анимациялары да бір төбе.

Айта берсек, жаза берсек қазақ ұлтының мақтанышы болып жүрген бұдан өзге де Әмен Қайдаровтың «Тағдыр», «Күн шағылысы», «Даналық пен байлық», «Сиқырлы кілем», «Лаула» сияқты мультфильмдер біздің ұлттық қазынамыз.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр» атты мультфильміміз өзінің тұңғыш деген дәрежесімен қазақ мәдениетін байыта түскен туындылардың бірі.

Сергек көңіл күй сыйлайтын бұл мультфильм ұстазымыздың арнайы балаларға таңдап алған ертегілерінің бірі.

Өзіндік ерекше стилі байқалатын осы мультфильмді көрген жүз баланың ішінен бір бала далаға жүгіріп шығып, ағаш бұтағынан қарлығашты іздесе, бұл мультфильмнің құндылығы, ал қолындағы тәттісін де ұсынса, онда бұл туындыны өміршең әрі баянды еңбек деп толықтай айтуға болады.

Иә, балдырған мектеп жасына дейін білсем екен, көрсем екен демеуі де мүмкін. Ондай жауапкершілікке тәрбиелейтін де, көңіл аудартатын да көбіне ертегі мен әңгімелер. Солардың ішінде біздің анимациялық фильмдеріміз де бар.

Қазақтың анимациялық киносының 50 жылдығында мерейтой маркасы мен күміс тиыны шығып, бірнеше мультфильмдер жасалып, Ә.Қайдаровтың мультфильмдері көрсетілді.

Өткен жылы қазақ анимациясының 55 жылдығы өтті. Өзінің шығармашылық бірлестігі бар. Балалар жылына арналған анимациялық фильм де теледидардан көрсетіліп жатты. Бүгіндері Әмен Қайдаровтың 100 жылдығына арналған «Дерево Амен аға» атты мультфильм де түсірілуде.

«Амен» атты республикалық анимация фестивалі өтті!» деген сөздің өзі ұстазымыздың сенімхаты, эталоны мен дәрежесі сияқты болғандықтан, біздерге де үлкен мақтаныш. Бала кезімде ата-анам «Балалар әлемі» дүкенінен диафильм мен 5 мультфильмнің плёнкасын әкелген болатын. Солардың бірі ­– Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі еді. Алла куә, дәп 8 жылдан кейін сол мультфильмнің авторын көремін, немесе мен оның шәкірті боламын деп кім ойлаған? Ал сол сәттіліктерді кейін ұстазыма «неге айтпадым?» деп әлі күнге дейін өкінемін. Мүмкін, ұстазымның сол күні бақыттырақ болар ма деп. Бүгін де үлгі-өнеге болатын өмірі, ұрпақтарымызға қалдырған сарқылмас еңбектері үшін қоғам қайраткері Әмен Қайдаровтың 100 жылдығына орай, рухына тағзым ете отырып, бір ескерткіш орнатылса деп армандаймыз. Балалар жылында 55 жылдығы ескерілген мультфильм саласы балалардың сүйікті образдардың бірі – қоян жылында да биіктен көрінсе дейміз. Бұл тек балалар әлеміне жататын, оларға үлгі-өнеге болатын мультфильм жанрына ғана емес, Әмен Қайдаровқа да зор құрмет болар еді. Әр сәби қолында қарлығашы бар ескерткішті көріп: «Мына қарлығашты мультфильмнен көрдік. Ал мына ата кім?» деп, тұңғыш аниматорымыз туралы мәлімет алып, өздеріне қамқор адамның болғанына қуанса, шетел туристері: «Бала әлемін сыйлайтын ел екен» дер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында: «Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болу керек...» деген президентіміздің сөзі де үлкен мотивация. Біздер – аниматорлар да тәрбиелік мақсаты бар мультфильмдерді нәрестелік шақтағы, сәби жастағы, мектепке дейінгі балалық шақтағы, бастауыш мектеп жасындағы, тіптен жеткіншек пен жасөспірім шақтағы балалардың жан дүниесіне қарай жасауға міндеттіміз. Тіптен осы мультфильмдерді: «Балаларға көруге бола ма?» деп, бірге қарайтын, ұлттық мүддеге де көңіл аударатын ата-әже, ата­-­ана және балалар үйінің қызметкерлерінің алдында да жауаптымыз.

Тек балалар әлеміне бет бұрған Әмен Қайдаровтай бала атты болашаққа қоғамымыздың өзі де ерекше назар аударып, кейде «Әумин!» деп отырса, құс екеш құс дегендей, қарлығаштай балаларымыз да мейірімнен кенде болмас.

Тегтер: