Қазақ мұнайы. 2 пайыз пайда және Ресейге балама жол

Қазақстан мұнайлы ел. «Қара алтын» көл-көсір. Қажет болса Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Назарбаев: «Мұнай шүмегін ашамыз. Кувейт біздің жанымызда не тәйірі! Біздер одан он есе байып кетеміз» деген сөзімен халықты бір жарылқап тастаған.
Назарбаевтың қателігі
Рас, мұнай шүмегі ашылды. Шүмектен сорғалаған «қара алтын» шығысы – Қытай, батысы – Еуропаға жол тартты. Жұрт «ақ түйенің қарны жарылды» дескен. Алайда мұнайдан түскен доллар нөпірі сол мұнаймен айналысып жатқан шетелдік компаниялар мен Қазақстан билігін ұстап отырған үркердей топтың жемсауын толтырды. Ал қараша қауымға соқыр тиын да бұйырмады. Содан келіп, «алтын көмбенің үстінде отырған жалаңбұт ел» деген анықтама пайда болды.
Мұнай қорының көптігімен санамаласақ, Қазақстан әлемде 11-орында тұр. 30 млрд баррельден астам қор бар көрінеді. Ал осындай ырғын байлыққа ие еліміздің бір кемшілігі, ашық теңізге шығатын жол жоқ, тұйық мемлекеттердің қатарында. Амалсыз үлкен нарыққа шығу үшін, көрші мемлекеттерге кіріптар болып, солардың жерімен мұнайымызды тасымалдап жатырмыз. Мәселен, Қазақстан тәуелсіздік алғанда жасалған ең бір бірегей жоба – қазақ мұнайын тұрақты дамып отырған Еуропа елдеріне жеткізу үшін Ресей жері арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумын құру еді. Бұл құбыр Теңіз кенішінен бастау алып, Ресейдің Қара теңіздегі Новороссийск қаласына дейін созылып жатыр. Ұзындығы мың жарым шақырым. Новороссийск қаласына жеткен шикі мұнай теңіз арқылы Еуропаға жол тартады. Консорциумға қатысушылардан Ресейдің үлесіне 24%, Қазақстанға 19%, Оманға 7% тиесілі. Ал қалғаны, былайша бөліске түскен: Chevron Caspіan Pіpelіne Consortіum Co. (АҚШ) – 15%, Mobіl Caspіan Pіpelіne Co. – 7,5%, Orux Caspіan Pіpelіne LLC – 1,75%, LUKARCO B.V (Ресей-АҚШ бірлескен кәсіпорны) – 12,5%, Rosneft-Shell Caspіan Ventures Ltd (Ресей-Ұлыбритания бірлескен кәсіпорны) – 7,5%, Agіp іnternatіonal (N.A.) N.V. (Италия) – 2%, BG overslas Holdіngs Ltd. (Британия) – 2%, Kazakhstan Pіpelіne Ventures LLC – 1,75%. Жобаның құны 4,5 млрд АҚШ доллары. Құбыр жылына 67 миллион тонна мұнай айдау мүмкіндігіне ие. Бұл құбырмен Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштерінің мұнайы тасымалданады деп жобаланған. Яғни Қазақ мұнайының 80 пайызы осы құбыр арқылы Еуропаға шығады.
«Бір қарағанда КҚК жобасы әу баста сәтті секілді көрінгенімен, бұл Назарбаев жүйесінің үлкен қателігі еді. Сол кездегі Қазақстан басшылығы Англияның премьер-министрі Черчильдің «Англияның мәңгілік досы жоқ, Англияның мәңгілік мүддесі бар» деген қанатты сөзінің астарын түсінбеді. «Ресей біздің досымыз, жамандық жасамас» деген соқыр сеніммен құбыр жобасын іске асырды. Қазақтың бүкіл мұнайы осы құбыр арқылы Еуропаға шығарылды. Ал күніне 15 миллион баррель мұнайды «жұтып» қойып отырған Қытай еске алынбады. Қазір Қазақстанның бүкіл мұнайы Ресей арқылы тасылсын деген Назарбаев саясатының кесірін тартып отыр», – дейді сяасаттанушы Ерасыл Ислам.
Қашағаннан көрер пайдамыз – 2 пайыз ғана
2001 жылы Каспий құбыр консорциумы ашылу рәсімі болды. Онда тек Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштерінен өндірілген мұнай тасымалданды. Нақыталай түссек, Қашағанда 6 млрд тонна, Теңізде 3,1 млрд тонна, Қарашығанақта 1,2 млрд тонна мұнай қоры бар. Осы жерде айтпасқа болмайтын бір жайт бар. Ол кеніштерде өндіріліп жатқан мұнайдың бәрі шикізат күйінде шетке шығарылады. Ішкі тұтынуға бір тамшы да бөлінбейді. Ал атышулы Қашағаннан көретін пайдамыз – 2 пайыз ғана. 98 пайызы мұнай өндіретін шет елдік компанияларға тиесілі. Бұл нағыз әділетсіз бөлініс. Қашағанның мұнайын мына компаниялар бөліске салып отыр: Консорциумға Eni (16,81%), «ҚазМұнайГаз» (16,87%), TotalEnergies (16,81%), Royal Dutch Shell (16,81 %), ExxonMobil (16,81%), CNPC (8,33%), INPEX (7,56%). Қашаған соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орны. Айта кететін бір мәселе, Теңіз кен орнын игеру үшін америкалық «Шеврон» компаниясымен келісім жасалған кезде, рас, тәжірибе аз болды. Өз мүддемізді қорғай алмадық. Содан келіп келісімшартта кем-кетік болды. Алайда уақыт өте келе, «Теңізшевройл» сенімді ақтағаны белгілі. Қазір түскен пайданың 60 пайызын ел бюджетіне бөліп отырады. Ал Қашағанды іске қосар 2000 жылдары елімізде мұнай саласының мамандары өсіп-жетілді. Келісімшарт жасауда тәжірибе де пайда болды. Бірақ соған қарамай, Қашағандағы мүддемізді қорғай алмадық. 50 де 50 ретінде келісімге келген жоқпыз. Содан болар Қашағаннан көрер пайдамыз әзірге небәрі 2 пайыз. Қалғаны шет елдік компаниялар өзара бөлісіп отыр. Өкініштісі – осы.
Ресей Қазақстанды шөміштен қысады
2001 жылы ашылып, сол кезден бастап мүлтіксіз жұмыс істеп келген құбырдың тірлігі 2022 жылдан бастап шатқаяқтай бастады. Ресей тарапы «құбырды жөндеу, техникалық үзіліс, мұнай құятын терминалдардың маңынан Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінен қалған миналардың табылуы секілді болмайтын, негізсіз сылтауларды алға тартатынды шығарды. Былтыр төрт рет түрлі себептермен құбыр жұмысы тоқтаса, биыл жыл басталғалы екі рет тоқтады. Экономикалық, қаржылық тұрғыдан есептесек, бұл Қазақстан үшін үлкен шығын. Құбыр жұмысы бір ай тоқтап қалғанда еліміз 1 млрд доллар көлемінде зиян шекті деген әңгіме бар. Қазақстан бюджетінің 80 пайызы осы мұнай-газ саласынан түскен пайдадан құралады десек, елдегі қымбатшылықтың себебін түсіне бастайсың.
Осы бір түйткілге назар аударған сарапшылар «Ресей жағы айтып отырғандай құбырда ешқандай кінәрат жоқ. Әңгіме саясатқа тіреліп тұр» деп жүр. Былтыр Санкт-Петерборда өткен халықаралық экономикалық форумда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан ешуақытта Донецк мен Луганскіні мемлекет ретінде мойындамайды» деген мәлімдеме жасады. Бұл Путинмен оның жандайшаптарына қатты әсер еткен болуы мүмкін деген де жорамалдар бар. Ресей қит етсе Астанаға экономикалық қысым жасауға көшеді. Қысым жасаудың негізгі тетігі Қазақстан мұнайының 80 пайызын Еуропаға шығарып отырған Каспий құбыр консорциумы еді. Оның жұмысы тоқтаса, Қазақстан миллиардтаған доллардан қағылары сөзсіз. Және солай болды да.
«Егер де тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Назарбаев жүйесі көрегендік танытып, тізгінді тең ұстағысы келсе көл-көсір қазақ мұнайын тек бір бағытта емес, Қытайға, Ауғанстан арқылы Үндістанға, Иран және Әзербайжан арқылы әр түрлі бағыттарға шығаруға және сол бағыттарға арналған ірі жобаларды іске асыруға болар еді. Бұлардың бәрі – КҚК-ға балама болып, бір елге тәуелді болып қалудан Қазақстанды құтқарар еді. Енді қазір Ресей алдында мүсәпір баланың кейпін кешіп жатқан жайымыз бар», – деген саясаттанушы Ерасыл Исламның сөзінде жан бар.
Кеше ғана Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтің Қазақстанға келіп кете салысымен Ресей тарапы тағы да КҚК мұнай тасымалын бірнеше күнге тоқтатып қойды. Өйткені Тоқаевпен Әлиевтің қазақ мұнайын «Баку-Тбилиси-Жейхан» арқылы Еуропаға шығаруға қадам жасап жатқанын олар біледі. Бұл соған көрсеткен қыры болса керек.
«Меніңше, әзірге Ресейдің Қазақстанды «уысымнан» шығарып аламын деуге еш негіз жоқ. Өйткені Ақтаудан Бакуге танкер арқылы тасымалданатын мұнай не бәрі бір жарым миллион тоннадан аспайды. КҚК жүйесіндегі 67 миллион тонна мұнаймен салыстырғанда көзге тамызғандай ғана дүние. Тіпті алдағы жылдары танкерлермен 10 млн тонна тасымалдауға қол жеткізсек те, аздық етеді. Ең бастысы – Каспий табаны арқылы құбыр тарту керек. Бұл жөнінде Каспийді жағалай отырған бес ел келісімге келе ала ма? Бұл – бір. Екіншіден, «Баку-Тблиси-Жейхан» құбыры тек Қазақстандық мұнайдан гөрі, Әзербайжан мұнайын тасымалдауға арналған. Демек қазақ мұнайына ол жерде орын табыла ма? Қанша бауырлас ел десек те, Әзербайжанның да өз мүддесі бар. Әрине, Иран арқылы не болмаса Ауғанстан арқылы да шығаруға болар еді. Бірақ бірі – санкцияда отырған, екіншісі – тұрақтылығы беймәлім мемлекеттер болған соң, ол бағыттарды есепке алудың қажеті шамалы. Бізге керегі күніне 15 млн баррель мұнайды қажет ететін Қытайдың үлкен нарығы. Әлбетте, Қытайға «Атасу –Алашанкөл» құбыры тартылғанын ұмытпауымыз керек. Бірақ оның мүмкіндігі жылына 10 миллион тоннадан аспайды. Қыстағанда 20 миллионның ар жақ, бер жағы ғана.
«Атасу – Алашанкөл» мұнай магистралын кеңейтіп, қосымша құбырлар тарту керек-ақ еді. Алайда үкімет қаржы жоқ дегенді алға тартады. Бұл – сылтау. Ақша жоқ емес, бар. Тек Ресей алдындағы тәуелділіктен құтылсақ деген ниет керек және Мәскеуге жалтақтаудың реті жоқ. Ақыры олар шөміштен қысқысы келеді екен, Қазақстан да ойын өрнегін өзгерте алатынын сезінсін. Бізге бір жарым миллиард адамы бар, экономикалық әлеуеті жағынан АҚШ-тан кейінгі орында тұрған Қытай керек. Әрине, Еуропа нарығын да ұмытуға болмас. Бірақ Ресейге балама жолдарды әлі де қарастыра түскен жөн», – дейді Ерасыл Ислам.
Айтпақшы, алдағы мамырдың 18-19 жұлдызында Қытайда «Қытай және Орта Азия» атты саммит өтпек. Онда міндетті түрде Орта Азияның көмірсутегі отыны тілге тиек етілері белгілі. Бейжіңге қазақтың мұнайы, түркіменнің газы, өзбектің мақтасы, қырғыздың алтыны керек. Қытай Орта Азияны өз орбитасына енгізуге күш салып жатыр. Ал Ресей ТМД-ның шекпенінен шыққан өз одақтастарын әлімжеттік жолмен көкіректен итеруде. Сонда ұтылатын кім, ұтатын кім? Қазақстанның алар орны қайсы болмақ? Бәлкім, мол мұнайдың қожайыны болып отырған Қазақстанға Алманияның (мұнайды түпкілікті өңдеу арқылы тұрмысқа қажетті төрт жүзге тарта бұйым шығаруда) тәжірибесін ескерген дұрыс болар. Құны әлемдік нарыққа тәуелді шикі мұнайды сатқаннан гөрі, әрі оны сыртқа шығарудың азабынан құтылар, өзге жұртқа тәуелділіктен ада етер, «мұнайым бар, мұңым бар» деген күйзеліс тудырмайтын осы Алманияның тірлігін қайталай алсақ, жаман ба? Шикі мұнайдан гөрі, өнімге айналған мұнайдың бағасы ондаған есеге артып, түсетін пайда мол болмақ. Еселеп ұтар едік. «Шикізат отаны» деген аттан құтылар едік.
Осындай да, «Жерің қанша бай болғанымен, елің өз-өзінен қарық бола алмайды. Өз байлығын өзі толықтай игере алған халық қана бар мұратына жете алады. Мұнай сонда ғана мұңайтпайды, алтын сонда ғана арытпайды» деген Әбіш Кекілбайұлының сөзі еске түседі.