Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:32, 06 Қыркүйек 2022

Қазақ неге қатігез болып барады?

None
None

Баласын жаман әдеттен аулақ ұстау үшін «обал болады, жаман болады, ұят болады» деп, тәрбиелеуді бұлжымас салтына айналдырған қазақ үшін біреудің ала жібін аттамау, сүйекке таңба болмау қағида еді.

Өркениетке қол созып заманауи үрдістен қалыспауға тырысқан бүгінгі қоғамда адами құндылықтар қалай десек те азайып барады.

 Адамдар арасында мейірімсіз, іске шімірікпей баратын қатігездер көбейіп кетті. Күнделікті өмірде бұғанасы қатпаған бейкүнә балалардың атыс-шабыс соғыс ойындарын ұялы телефондарына телміріп отырып көретініне етіміз үйреніп кетті. Ал психологтар телефонға тәуелді ұрпақтың, оның ішінде соғыс ойындарына қатты құмартқан балаға шектеу қоймаса, мұндай балаларда өздігінен ашу-ыза мен агрессия көп болатынын айтып дабыл қағады. Ата-анасы тірліктің қамымен күні бойы жұмыста жүргенде қараусыз қалған бала керегін ұялы телефоннан аламын деп, әлеуметтік желі мен ниеті қара сайттардың шырмауына түсіп қалып жатады. Ұялы телефонға телміріп, соғыс жайлы ойындарды үздіксіз ойнап жүрген баланың тәрбиесі бұзылып, кейін оның болашағы да бұлыңғыр бола бастайтыны анық. Осы жылдың қаңтар мен мамыр аралығында ел бойынша 574 кәмелетке толмаған жасөспірім құқық бұзушылық жасапты. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық болып шыққан. Аталған құқық бұзушылықтың ішінде 536-ы қылмыс болып табылады. Яғни жасөспірімдер қолымен жасалған қылмыс көбейіп тұр.

Балаға үлгі болатын ересектердің өзі де қоғамда қатігез істер көрсетуден тыйылмай тұр. Атышулы істердің тез, әрі көп жария болуы да зиян болуда. Өйткені теріс қылықтарды ұялы телефоннан көріп отырған бала мейірімсіз іс әрекеттерді адамдар арасында болатын қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін.

Жақында Қарағандыда 22 жастағы жігіт дүкеннен шығып келе жатып есік алдында тұрған ер адаммен сөзге келіспей қалады. Полиция дерегінше дүкеннен шыққан жігіттен ер адам темекі сұраған. 22 жастағы азамат көлігіне мінген бойда көліктің алдында отырған әйелдің қолын сермеп, ер адамға тіл қатқаны бейнебақылау камерасынан анық көрінеді. Осы сәтте дүкеннің алдында тұрған ер адам көлікке жетіп барғанда оны көлікті басқарған адам әдейілеп тұрып қағып құлатып, үстінен басып өтіп, кетіп қалды. Зардап шеккен азамат бірден жансақтау бөліміне түсті. Бір тәуліктен соң көлік жүргізушісі қамауға алынды. Көлік жүргізушінің әдейілеп тұрып, асқан қатігездікпен адамды таптап, кейін артына да қайрылмай кете берген бейнежазбасы әлеуметтік желіге тарап, талайдың жағасын ұстатты. Қазір қоғамда адам жанын қиған қылмыскерлер мен шаранасын шырылдатып тастап кеткен көкек аналар да көбейді. Адамның қатігез болып анадан тумайтыны анық. Дегенмен психолог мамандар қатігез жандардың көбінесе зорлық-зомбылық көп орын алған отбасынан шығатынын мәлімдейді. Осындайда қазақтың «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақалы еске түседі. Баланың қандай азамат болуы шағын отаны отбасына байланысты екені сөзсіз.

Тегтер: