Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:13, 16 Наурыз 2023

Қазақ ретрологиясы – қазіргі әлемдік ғылымдағы ең жаңа ғылым

None
None

Қазақ ғылымы жаңа бір ғылым саласымен толықты. Бұл ғылым қазақ ретрологиясы деп аталады.

Жаңа ғылым туралы педагогика ғылымдарының докторы, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессоры, Ұлттық Білім академиясының академигі, Ы.Алтынсарин атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қалдыбек Бөлеев толығырақ баяндап берген еді.

Бүкіл адамзатқа ортақ қазіргі дамыған әлемдік ғылымға дейін әр халықтың қоршаған табиғат туралы өз түсініктері болған. Мысалы, аспан әлемі, өсімдік, төрт түлік мал, жер-су атаулары, ауа райы, жер өңдеу, егін салу, түрлі ауруларды анықтау және емдеу, өлшем туралы сан ғасырлық жинақталған түсініктері мен тәжірибелері негізінде қалыптасқан халықтық білімдері болды. Олар сол халықтардың тарихи дамуына, географиялық орналасуына және табиғат жағдайларына байланысты пайда болып, дамып отырған. Өкінішке қарай, әлемдік ғылымда халықтардың халықтық білімдері арнайы зерттеліп жеке ғылым саласы болып әлі нақтыланбаған, өз атауын алған жоқ.

Меніңше, халықтардың халықтық білімдерін зерттейтін ғылым саласын ретрология деп атау керек. Өйткені «ретрология» термині латын сөзі retro – кері, өткен, бұрынғы, байырғы, ежелгі, ал logos – грек сөзінен аударғанда ұғым немесе ілім деген мағыналарды білдіреді. Сонда ретрология – өткендегі, бұрынғы, байырғы, ежелгі ілім, ғылым деген түсінікті береді. Осы жерде мынадай бір мәселеге көңіл аударалық: өткен ғасырдың 80-шы жылдары әлемдік ғылымда жаңа «футурология» ғылымы пайда болды. Мұндағы «futr» – латын сөзі – болашақ, logos – ұғым, ілім, сонымен футурология – болашақ туралы ілім, яғни ол болашақ туралы ғылым деп аталып, әлемдік ғылымда өз орнын, статусын алды. Сонда футурология – болашақ туралы ғылым болса, неге ретрология – өткен шақ туралы ғылым болмасқа? Сонымен, меніңше ретрология – әлем халықтардың өткен шақтағы табиғат туралы байырғы халықтық білімдерін зерттейтін жаңа ғылым саласы болып саналуы керек.

Дүниежүзінде әр халықтың тарихи даму, географиялық орналасу және табиғи жағдайларындағы ерекшеліктерді ескерсек, онда олардың халықтық білімдерінің де мазмұны әртүрлі болатыны заңдылық. Мысалы, қазақ халқының халықтық білімдерінің мазмұны басқа халықпен салыстырғанда өзгеше, әрі өте кең. Өкінішке қарай, оларды жинастыру және жүйелеу мәселесі әлі де болса ғылыми тұрғыда қолға алынбай келеді. Сондықтан елімізде ретрология ғылымы дамымай отыр. Меніңше, ол ғылымды қазақ ретрологиясы деп атап, оны ең жаңа ғылым саласы ретінде санау қажет. Сонымен,қазақ ретрологиясы – қазақ халқының қазіргі дамыған ғылымға дейінгі табиғат туралы сан ғасырлық түсініктері мен тәжірибесін жинастыратын және жүйелейтін әлемдік ғылымдағы ең жаңа ғылым саласы. Егер қазақ ретрологиясы ғылымының мазмұнын осылайша жасасақ, онда халқымыздың әлемдік ғылымға қосқан үлесі анықталар еді.

Қазақ ретрология ғылымының мазмұнын жасау үшін оның зерттелу кезеңдерін, сол кезеңдердегі зерттеушілердің еңбектерін анықтау, оларды жинастыру және жүйелеу қажет. Мен қазақтардың халықтық білімдерінің жинақталынуы мен зерттелуін анықтаумен 50 жылдан аса айналысып келемін. Олар туралы мерзімді баспасөздерде он шақты мақала жарияладым. Сондай-ақ бірнеше ғылыми-практикалық конференцияларда да баяндадым, «Қазақтардың халықтық білімдері» атты монография шығардым. Онда қазақтардың халықтық білімдерінің зерттелу жайы анықталынып, оның мазмұны біршама жасалынған.

Қазақтардың халықтық білімдері – халқымыздың рухани байлығы, оның рухани дамуының көзі және ұлттық тәлім-тәрбиесінің басты құралы. Өкінішке қарай, қазақтардың халықтық білімдерін рухани құндылықтың бірі ретінде пайдалану мәселесі қазіргі қазақ педагогикасы ғылымында әлі шешімін таппаған проблема.

Ғалымның әзірге айтпақ ойы осындай. Бұл жаңа ғылым жүйесінің шешімін табу үшін алдағы уақытта еліміздегі білім беру жүйесіне халықтық білімдерді ендіру қажет екендігін айтады. Және сол мақсатта қазақ ретрологиясы ғылымының салаларын оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың жолдары мен әдістемесін жасау керек екенін ескеру тиіс екендігін айтады. Мәселен, ғалым балабақшаларда, орта және кәсіптік оқу орындарында оқытылатын оқу пәндерінің бағдарламаларына рухани ұлттық құндылық ретінде халықтық білімдерді ендіріп, оқыту керек. Ол үшін «Қазақ ретрологиясы» атты 13 бөлімінен тұратын: «Халықтық математика», «Халықтық метрология», «Халықтық география», «Халықтық метеорология», «Халықтық биология», «Халықтық медицина», «Халықтық ветеринария», «Халықтық агрономия», «Халықтық химия», «Халықтық физика», «Халықтық астрономия», «Халықтық экология» қосымша оқу құралын пайдалану керек. Осылайша, халқымыздың әлемдік ғылымның дамуына қосқан үлесін ғана емес, оның танымдық және тағылымдық мәні мен маңызын көрсетуге болады» дейді.

Дайындаған Б.Елтай

Тегтер: