Қазақ руханияты неге аш?

Отыз жылда әдебиет жұтады,
кино мен театр тұралады
«Әдебиет – ардың ісі» екенін қалам ұстаған жанның бәрі білуге тиіс. Сол үшін де мейлі ақын, мейлі жазушы болсын ар алдында таза болғысы келеді. Тәуелсіздіктен бұрынғы емес, ел есін жиып, егемендік алғаннан кейінгі қазақ әдебиетінің халі қалай? Кім, не жазды? Қаламгер жұрт ар алдындағы міндеттерін адал атқарды ма? Бұл, әрине, үлкен сұрақ. Кино мен театрда ше? «Әдебиет пен өнер егіз» деген ұғымға жүгінсек, кино мен театр өнерінің өрісі белгілі. Бүгінгі мақаламызда әдебиет пен кинода, театрда 30 жылда жазылған кітап пен түсірілген кино, қойылған спектакльдерге тоқталып, тәуелсіз елдің жазушылары мен өнер адамдары не жазды, не жасай алмады деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Алдымен әдебиетке тоқталсақ. Шынын айту керек, қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» енді орала ма, оралмай ма, ол жағы анық емес. Бірақ өткен ғасырда көркемдік деңгейі, тақырыптық ауқымдылығы, философиялық тереңдігі тұрғысынан қазақ әдебиетінің «алтын ғасыры» Мұхтар Әуезовтермен бірге өмірге келіп, Мұқағали Мақатаевтармен бірге бұл дәуірден көшіп кеткен сияқты. Олай дейтініміз, әдебиеттің бір топ шоқжұлдызы болған сол арыстарымыздан кейін солардың деңгейінде жазылған шығармалар болған жоқ. Бұдан кейін де болмайтыны анық. Өйткені әдебиет сыншыларының айтуынша, ХХІ, ХХІІ ғасыр әдебиетінің ойы терең, формасы өзгеше болса да, тілінің шұрайлығы, көркемдік деңгейі «алтын ғасырлықтарға» жетпейді.
Әдебиетті жазушы жасайды, ал жазушыны дәуір тудырады. Абайдан бастау алып, Алаш арыстарымен жалғасқан дәуір ғұламаларының қаламынан неге сүйекті дүниелер туды? Қазір неге ондай әдебиет жоқ? Абайға бара алмаймыз. Одан бергі, яғни Кеңес Одағы кезінде шыққан қаламгерлерге тоқталсақ. Ол кезде ақын-жазушы мен өнер адамдарына деген құрмет ерекше еді. Империя саясаты солай жұмыс жасады. «Алдымен руханият көсемдерін жарылқасақ, ұлт уыстан шықпайды» деген түсінік болды. Түсінік емес, саяси жүйе соған құрылды, солай жұмыс істеді. Сонымен, Кеңес Одағы кезінде ақын-жазушыларға қомақты қаламақы төлеу саясаты жүргізілді. Өнер адамдары – әртістер мен әншілерге де солай… Ақын Қадыр Мырза Әлі көзі тірісінде берген бір сұхбатында: «Мен отыз жастан кейін біреудің қол астында жұмыс істеген жоқпын. Өзіме өзім қожа болдым. Отыздан кейін біржола шығармашылықпен айналыстым. Жылына екі кітап жаздым. Ол кезде бір кітаптың қаламақысына Алматыдан бір пәтер алуға болатын. Бізде сондай стимул болды», – деп еді. Онысы рас. Одақ тараған кезде Қадыр, Тұманбай сияқты қаламгерлердің үйінде қап-қап қаламақы болған. «Сабан ақша ешкімге керек болмай, тамызыққа айналыпты» дегенді қазір әркім айтады.
Мұны неге еске алып отырмыз? Әдебиеттің «алтын ғасырын» тудырған күш – осындай қомақты қаламақы, қаламгерді қызықтыратын материалдық дүниелер болған. Қазір мұның бірі жоқ. Тәуелсіздіктен кейін ақын-жазушы, өнер адамдары далада қалды. Оларға қаламақы түгіл, айлықтың өзі қайыршыға берілген садақадай мардымсыз төленді. Қысқасы, әдебиетте адам қызығатын стимул қалған жоқ. Сондықтан да жазушы біткен редакция жағалап, журналист, ақын біткен той қуып, тамада болып кетті. Азабына шыдаған, жоғына көнген санаулы топ қана қаламынан жерімеді. Тәуелсіздіктен кейінгі қазақ әдебиетінің мүшкіл халі осындай әлеуметтік, материалдық түйткілдерге тірелді.
Дегенмен өнер өлмейді. Оқ пен от бораған соғыс жылдарында да әдебиет өлген жоқ, өшкен жоқ. Егемендік алғаннан кейін қазақ әдебиетінде ұлттық, тарихи тақырыптар белең ала бастады. Бұл заңдылық. Тәуелсіз болған халық тарихын іздейді, жоғын түгендейді. Біздің де ақын-жазушылар бірден тарихи, ұлттық тақырыптарға қалам тербей бастады. Әсілі, бұл егемендіктің алдында, сонау алпысыншы, сексенінші жылдары басталып кеткен әдеби көш еді. Мәселен, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері», Мұхтар Мағауин мен Әбіш Кекілбаевтардың «Аласапыраны», «Үркері» тәуелсіздіктен бұрын жазылған романдар. Бұдан біздің халықтың егемендік алуға деген талпынысы, рухани дайындығы ертерек басталып кеткенін аңғаруға болады.
Тәуелсіздіктен кейін Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабозы», Мұхтар Мағауинннің «Жармағы», Бексұлтан Нұржекеұлының «Дүние-айы», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парызы», Смағұл Елубайдың «Ақбоз үйі» сияқты қадау-қадау романдар жазылды. Бәрі де ұлт әдебиетінің әр кезеңдеріне арналған шығармалар. Бұлар, шынында, қазақ әдебиеті деген алтын тамырға құнар берді. Тоқсаныншы жылдардан кейін қазақ әдебиеті тарихын тым тереңдеткен, яғни Алтын Орда дәуірінен ары асырып тастаған, сонау Көк түріктер дәуіріне құлаш ұрған шығарма – Тұрсынхан Зәкеннің «Аттила. Балқан тауға барғандар», «Көкбөрілердің көз жасы» сияқты еңбектері. Оны біз емес, әдебиет сыншылары солай атап отыр.
Осы арада көңілге күпті болып жүрген тағы бір мәселені қоса кету керек. Қазақ тарихын түгендеген қаламгерлер, шынын айтқанда, ұлттық деңгейден бір саты түсіп, рулық деңгейде роман жазып кетті. Бәрі емес, әрине. Атын-атап түсін тестеудің қажеті шамалы, бірақ әр қаламгер өз руының батырынан баһадүр, өз елінің ханынан патша жасады. Тіпті, бір рудың ғана сөзін ұстаған немесе бір атаның ғана көшін бастаған шешендер мен көсемдер, батырлар мен мергендер тұтас ұлттық тұлғасына айналып шыға келді. Бұл біздің ұлт руханиятын ұшпаққа жеткізеді деп сенген жазушы қауымының рушылдық дерттен әлі арыла алмай жүргенін көрсетсе керек.
Әлқисса!.. Қазақ прозасына үлкен құбылыс болып келген бір қаламгерді бөліп-жарып айту керек. Ол – мазмұнының тереңдігі, формалық жаңашылдығымен келген жазушы Тұрсынжан Шапай. Әдебиет сыншылары күні бүгінге дейін Тұрсынжан шығармашылығындағы жаңашылдыққа, формасындағы ерекшелікке жиі қалам тербейді. Айтпақшы, Мұхтар Мағауиннің ұлтсыздануға арналған «Одағай әңгімелері» де тәуелсіздіктің жемісі. Бұл бодан болған ұлттың бойындағы құлдық мінезден арылуға арналған еңбек деуге келеді. Осы арада тағы бір дүниені қоса кету керек. Егемендікпен бірге бөлініп-жарылып қалған бұрынғы Шығыс Түркістан республикасындағы Іле, Алтай, Тарбағатайдың қазақтары елге қосылып, қазақ әдебиетінің бір кетігі түгенделді. Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтайы», Омарғазы Айтанның өлеңдері, Қажығұмар Шабданұлының «Қылмысы» ұлт әдебиетіне қосылған үлкен олжа. Мұны таратып айтар болсақ, тәуелсіздікпен бірге қазақ әдебиетіне қосылған қаламгерлер қатарында Керім Елемес, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Серік Нұғыман, Мұрат Шаймаран, Тұрсынхан Зәкен, Алмас Ахметбекұлы, Жәди Шәкенұлы сияқты ақын-жазушыларды қосуға болады. Олар қазақ әдебиетіне өзгеше құбылыс әкелмесе де, әрқайсысы өзінше үлес қосты.
Тарихи ұлттық тақырыптардың соңғы отыз жылда көбірек жазылу себебін қазақ халқының өз тарихын іздеуге, тегін білуге деген талпынысынан дедік. Міне, осы тұрғыдан келгенде тоқсаныншы жылдары әдебиетке келген жастардың шығармашылығында жаңа тыныс болды. Бәрін тізіп шығу міндетімізге кірмейді. Дегенмен Асқар Алтайды, Жүсіпбек Қорғасбек пен Думан Рамазанды бөліп-жарып айта кету керек. Бұл тізімді бұдан ары қарай да ұзартуға болады...
Біз негізінен прозашыларды атап отырмыз. Әйтпесе қазақ әдебиетіне соңғы отыз жылда жарқ етіп, өздерінің үнімен келген ақындар да аз емес. Сабыр Адай мен Светқали Нұржан, Нұржан Қуантай, Жарас Сәрсек, Әмірхан Балқыбек, Маралтай Райымбекұлы, Бақыт Беделхан, Әлібек Шегабай, Бақытжан Алдияр, Жанат Әскербекқызының поэзиядағы орнын ешкім жоққа шығармайды. Әдебиеттің нағыз жанкешті тобы – осы тоқсаныншы жылдардан кейінгі толқын. Олар қап-қап қаламақы алған жоқ. Тіпті қаламақыдан үміттері болмаса да, өлеңнен жерімеді. Тоқсаныншы жылдары әдебиетке келген мейлі ақын, мейлі жазушы болсын, олар қазақ әдебиетін биікке көтеріп тастамаса да, тым аласартып жіберген жоқ. Бірақ жаңалық та жасай алмады. Олар өздерінің алдындағы ағабуын Иран-Ғайып, Жәркен Бөдеш, Несіпбек Айтұлы, Мейірхан Ақдәулетұлы, Есенғали Раушанов, Мырзан Кенжебай, Аманхан Әлім, Серік Ақсұңқарұлы, Тыныштықбек, Ұлықбек, Гүлнар Салықбай сияқты ақындардың шыққан биігіне көтеріле алмады. Бұл тізімді де жалғастыра беруге болады. Біз қаламымызға түскендерін ғана теріп отырмыз...
Әдебиет сыншылары егемендіктің тұсында туған екінші толқынның шығармашылығына күмән келтіреді көп жағдайда. «Өйткені олардың ақыны, жазушысы болсын жаңа форма іздейміз, шетелдің жазушыларына еліктейміз деп адасып, жаһандануға ілесіп кетті» деген пікірде. Оқырманға қаншалық түсініксіз өлең жазса, соншалық терең деп түсінеді деген ұғым қалыптасқан. Бірақ аға буын ақын-жазушылар қазақ әдебиетінің бағы, басқа әдебиеттен дараланып тұратын қасиеті – тілі мен мазмұнында, формалық ерекшелігінде екенін әлгілерге газет бетінде үнемі ескертіп отырады. Постмодернизм деген ағым немесе техникаға табынған жаһанданған әдебиет қазақ әдебиетін өсірмейді. Өті жарылып кетсе де айтайық, ешкім түсінбейтін өлең, ешкім оқи алмайтын әңгіме жазып жүрген жастар ұлттық құндылыққа бойламай, өркениет құндылығымен қазақ әдебиетін жасай алмайды. Тіпті бұл өнерде олардың қалуы-қалмауы да екіталай.
Әдебиеттің биіктігі мен тереңдігі том-том кітаппен де өлшенбейді. Кейде бір ұлт әдебиетін бір жазушының бір ғана кітабы немесе бір романы жасауы мүмкін. Сондықтан тәуелсіздіктен кейін, әсіресе соңғы он жыл көлемінде кейбір ақын-жазушылар том-том кітап жазып, баспалардан бұрқыратып романдар шығарып кетті. Жасыратыны жоқ, былтыр шыққан кітабын биыл тонын теріс айналдырып қайта бастыру дәстүрге айналған. Мұның бәрі қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған құнды еңбек емес. Бұл өзін-өзі қамшылап, өзін-өзі жазушы жасап жүрген өлермендердің ісі. Әңгімеміздің басында айтқан «әдебиет – ардың ісі» дегенге қиғаш ұстаным.
Енді кино мен театр туралы шағын ой. Қазақ киносының да «алтын дәуірі» өткен ғасырда өтіп кеткен сияқты. Бірақ кино әдебиет емес. Бұл жас жанр. Өткен ғасырда «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» сияқты бірлі-жарым ғана классикалық картина түсірілді. Онысы түсінікті, Мәскеуге қараған өнер одан арыға бармайды. Тәуелсіздіктен кейінгі кино нарығын «Көшпенділер» фильмі бастады. Оның бюджеті, басқа да талас-тартысына тоқталмаймыз. Бірақ осы кинодан кейін «Қазақфильмге» жан бітті. Әсіресе соңғы он жыл көлемінде Ермек Тұрсыновтың «Келіні», Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың баласы» мен «Томирисі», Рүстем Әбдіраштың «Қазақ хандығы», Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбайы» мен «Біржаны», Мұрат Есжанның «Абайы» мен «Ахмет. Ұлт ұстазы» сияқты тарихи тақырыптарға арналған туындылар қазақ кино өнерінің тамырына қан жүгірткендей. Бірақ осы фильмдердің қай-қайсысын алып қарасаңыз да, «Қыз Жібек» пен «Менің атым Қожадағы» рухты бере алмайды. Тарихи қателіктер мен тілдік кемшіліктер қоянның құлағындай қылаң беріп қалады. Жолжақсыновтың киносында ғана Таласбек Әсемқұлов сияқты қазақ сөзінің жілігін шағып, майын ішкен жазушы-зерттеуші сценарийін жазды. Ал қалған картиналарда соншалық ауыз толтырып айтатын мамандар болған жоқ. Сондықтан да тілі ақсап, мазмұны майысып жатады.
Саннан сапа шығады. Қазір «Қазақфильм» киностудиясынан басқа да кино орталықтар құрылып, фильм түсірумен тұрақты айналысатын болған. Тіпті соңғы екі-үш жылдан бері олар кинотеатрларға емес, ғаламторға арнап картина жасауға көшіпті. Кілең жастар. Бір аптада бір киноның бас-аяғын қайырып, ғаламторға жүктей салады. Оны youtube деген әлеуметтік желіден күніне бірнеше миллион адам көреді. Ақша әлгі youtube-тен түседі дейді. Бәрі шедевр емес. Бірақ жастарға ұнайтын сияқты. Тілі жұтаған жаргон, картинасы жұпыны, мазмұны таяз болса да, бүгінгі қоғамның қотырын қасып, әлеуметтік мәселе көтереді. Бұл енді классикалық кино өнерінің санатына жатпас. Алайда мұндай жекеменшік кино орталықтардың өнімі қазақ киносына бәсеке тудырып, сапасының артуына түрткі болуы мүмкін.
Театр туралы не айтамыз? Театртанушылар қазақ театр өнерінде тоқырау барын көп көтерді. Ол тоқырау тақырыптық тоқыраудан туып отырса керек. Айналып келгенде, бұл да әдебиетшілерге тіреледі. Қазір драматург-жазушы аз. Тіпті саусақпен санайсың. Драматургтердің ақсақалы Дулат Исабек болса, одан кейінгі дүрі Рахымжан Отарбаев еді. Рахаң бұл қазаққа жоқ енді. Оның прозадағы тілін, драматургиядағы алымын ешкім қайталай алмайды. Соңғы толқынның қатарында Думан Рамазан, Мәдина Омарова, Әнес Бағдаттардың есімдерін ғана атай аламыз. Әрине, бұлар Қазақстанның 14 облысы мен үш қаласындағы 17 театрға аздық етеді.
Драматургия да жас жанр. Мұхтар Әуезов негізін қаласа да, осы өнер қазақ даласына онша сіңе алмай, қанатын кеңге жайып, өрістей алмай отыр. Театрлардың көбі бір қойылымды он жыл бойы қайталап қоя береді. Тіпті жақсы бір пьесаны үлкен қалалардағы негізгі театрлардың бәрі бірдей қояды. Құдайға шүкір, жақсы режиссерлер бар. Режиссерге не керек? Әрине, қоятын пьеса қажет. Жақсы шығарма болмаса, қанша талантты режиссер, талапты актер болса да, жарқырай алмайды.
Жұрт театрға тазару үшін баратын еді. Бірақ қазақ театрларының бәріндегі мазмұндық, тақырыптық тапшылықтан жұрт қазір тазара алмай, жақсы спектакльге сусап жүр. Барлық театрда бір-бірінен көшіріп алғандай, әлеуметтік тақырыптар қайталанып жатады. Бүгінгі күннің әлеуметтік тақырыптарын қою бюджеті жағынан жеңіл, артық шығынды қажет етпесе керек. Бірақ Қалихан Ысқақ пен Тұңғышбай Жаманқұлов қойған «Қазақтар» сияқты тарихи драмалар шөлдеген жұртқа, кенезесі кеткен театрларға қажет-ақ.
Неге екенін қайдам, біздің саяси жүйедегі жемқорлық деген жегіқұрт кино мен театр өнерін де кеулеп кеткендей. Осыдан бір ай бұрын ғана Түркістан мен астанада Дулат Исабеков жазған «Бөрте» тарихи драмасы қойылды. Спектакльге бөлінген ақша адам миына сыймайды: 246,7 млн теңге. Көлдей көк қағаздан Дулат Исабековке 6 млн теңге ғана бұйырыпты. Қалған ақша қойылымға кеткен көрінеді. «Бөрте» ертегі емес қой, сенгің-ақ келеді...