Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:12, 24 Мамыр 2018

Қазақ спорты: ХХ ғасыр. 1960-1969 жылдар

(қысқа қайырым)Халқымыздың спорттық тарихындағы ақжолтай 60-жылдар туралы газеттің 11,17 мамырдағы нөмірлерінде біраз деректерді жария қылдық.
Бүгін бұл кезең жайлы жазбаны түйіндегенді жөн санадық. Әрине, шағын үш материалмен қазақ спортының ең бір табысты кезіндегі саңлақтарымызды толық түгендеп шығу мүмкін емес. Бұл кезеңдегі спорттық табыстарымызға арнап кітап жазып шықса да, артық болмас еді. Әйтсе де әзірге ел намысын ту еткен саңлақтарымыз жайлы қысқа қайырым, түйінді деректермен шек- телгенді жөн санадық.Иә,1960-69 жылдарда республика спортын Қаркен Ахметов пен Октябрь Жарылғаповтай ірі тұлғалар басқарды. Мұндай арда азаматтар тізгін ұстаған жерде ұлт намысы өрге тартып, ел мүддесі жоғары болатыны белгілі. Олай болса, осы жылдардағы олжа салған саңлақтарға кезек берейік.   Баскетболшы Әлжан Жармұхамедов. 1944 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Бостандық ауданы Табақсай ауылында өмірге келген Әлжан Мүсірбекұлы  1967 жылы Совет Одағы құрамасы сапында Еуропа чемпионы болды. Әлжан – қазақ баскетболшыларынан шыққан тұңғыш Еуропа чемпионы. Қазақтың алғашқы олимпиада жеңімпазы (1972 ж.), әлем чемпионатының күміс (1978) және қола жүлдегері (1970), 1976 жылғы олимпиада ойындарында қола медальға ие болды. Совет Одағының 10 дүркін чемпионы атанған жалғыз қазақ спортшысы(1970-1974, 1976-1980).   Балуан Әбілсейіт Айханов. Еркін күрестен 1963 жылғы Совет Одағы халықтары спартакиадасының жеңімпазы әрі Одақ чемпионы. 1962 жылғы Одақ чемпионатының күміс жүлдегері. 1962-63 жылдары «кіші әлем чемпионаты» саналған Тбилиси халықаралық турнирінің екі мәрте және 1970 жылғы Совет Одағы кубогының жеңімпазы. 1961-65 жылдардағы дүниежүзіндегі ең таңдаулы түйе балуандардың бірі.Балуан Амангелді Ғабсаттаров. Еркін күрестен 1962 жылғы Совет Одағының чемпионы. Осы жылы Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік универсиадасында күміс медальді жеңіп алды. Совет құрамасы сапында бірнеше айтулы халықаралық турнирлерде топ жарды.    Боксшы Әбдісалан Нұрмаханов. 1959 жылғы Совет Одағы халықтары спартакиадасының және 1962 жылғы Совет Одағы чемпионатының күміс жүлдегері. 1962 жылғы Одақ чемпионатының финалында советтің алты мәрте, Еуропаның үш дүркін чемпионы, ресейлік Андрей Абрамовты екі рет нокдаунға түсіргеніне қарамастан, жеңіс Нұрмахановқа бұйырмады. Сонда Әбдісаланның бапкері Дәулеткерей Муллаев бұл әділетсіздікке күйінгеннен ринг түбінде жылап жіберді. Ә.Нұрмаханов – 1963 жылғы ГАНЕФО ойындарының жеңімпазы, 1967  жылғы Совет Одағы халықтары спартакиадасының қола жүлдегері.     Футболшы Тимур Сегізбаев. 1960 жылы мамыр айында 19 жасар Тимур Сегізбаев Алматының «Қайрат» командасының сапындағы алғашқы ойынында Минскінің «Динамосының» қақпасына екі доп енгізді. 1964 жылы сол тұстағы Еуропадағы мықты команданың бірі Мәскеудің «Спартагына» екі доп салды. Қазақтың тұңғыш кәсіби футболшысы. Совет Одағы чемпионатының жоғары тобындағы таңдаулы футболшылардың бірі. 1960-69 жылдары Алматының «Қайрат» командасының белді ойыншысы әрі капитаны болды.Бессайысшы Борис Сариев. 1967 жылғы  Совет Одағы халықтары спартакиадасының қола жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Борис Әубәкірұлы баптаған республика құрамасы 1971 жылғы Одақ спартакиадасында командалық екінші орынға табан тіреді.Велосипедші Олег Түсімханов. Совет Одағының 1969 жылғы көпкүндік чемпионатының күміс жүлдегері. Қазақстанның 1968 жылғы көпкүндік чемпионатының жеңімпазы. 1971 жылғы Совет Одағы халықтары спартакиадасының күміс жүлдегері. Көрнекті спорт қаламгері Сейдахмет Бердіқұлдың «Тұйғын» хикаятының басты кейіпкері. Совет құрамасының сапында дүбірлі жарыстарға қатысты. Бессайысшы Батырбек Мұхамедияров. Совет Одағының жастар құрамасына алынды. Ірі халықаралық жарыстардың жүлдегері. 1969-71 жылдары Қазақстан чемпионаттарында жеке-дара шықты.   Балуан Аманжол Бұғыбаев. Еркін күрестен 1966 жылғы Совет Одағы чемпионатының қола жүлдегері. Бұғыбаевтың негізгі жетістіктері 70-жылдардың басына тура келгендіктен, осы жерден тоқтағанды жөн көрдік.    Балуан Сейітжан Әбдікәрімов.  Еркін күрестен 1966 жылғы Совет Одағы чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстанның бірнеше мәрте чемпионы.    Самбошы Марат Имашев. Әскер қатарында жүріп  1960 жылы Мәскеу қаласының біріншілігінде күміс жүлдегер, 1961-62 жылдары  Мәскеу қаласының, 1962 жылы Ресей біріншілігінің чемпионы, Берлин қаласында дзюдо күресінен халықаралық жарыстың жеңімпазы болды. 1962-67 жылдары   самбодан      Қазақстан чемпионы атанды. 1961 жылы қазақ самбошыларынан бірінші болып «Совет Одағының спорт шебері» атағына ие болды.    Самбошы Шайсұлтан Шаяхметов. 60-жылдары самбо күресінен «Совет Одағының спорт шебері» атағына қол жеткізді. Өткен ғасырдың 90-жылдары республикалық самбо федерациясының тізгінін ұстады. Қазақстанның білім министрі болды.   Самбошы Мәжит Есенбаев. Күрестің осы түрінен жасөспірімдер арасында Совет Одағының чемпионы атанған бірінші қазақ балуаны (1966 ж.). Қазақстанның үш дүркін чемпионы.   Баскетболшы Ольга Апатаева. 60-жылдардың екінші жартысындағы  Қазақстан құрамасының белді ойыншысы. 1966 жылғы Орталық Азия және Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы.  Республиканың бірнеше дүркін чемпионы.      Баскетболшы Раиса Сағитова. 60-жылдардың екінші жартысында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті. Қазақстан чемпионы. Бұл жылдары Оспанова,  Болысбекова, Дәулетова, Әміренова секілді баскетболшылар шеберліктерімен танылып, Бүкілқазақстандық спартакиада мен республика чемпионаттарында үздіктер қатарынан көрінді.     Баскетболшы Шолпан Сармурзина. 1960-65 жылдары Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті. Республиканың бірнеше мәрте чемпионы.    Ауыр атлетші Серік Мұстафин. Штанга көтеруден Белоруссия мен Прибалтиканың әлденеше дүркін чемпионы. 1959 жылы Белоруссия құрамасы сапында Совет Одағы халықтарының екінші спартакиадасында сынға түсті. Осы жылы қазақ ауыр атлетшілерінен бірінші болып «Совет Одағының спорт шебері» дәрежесіне қол жеткізді. «Локомотив» ерікті спорт қоғамы бүкілодақтық біріншілігінің чемпионы. «Буревестник» ерікті спорт қоғамы бүкілодақтық біріншілігінің және Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері. Бірнеше ғылыми-әдістемелік еңбектердің авторы.Гимнасшылар Рамазан Айқымбаев пен Телманбек Бәйімбетов 1969 жылы Қазақстанның үздік гимнасшыларының көшін бастады. Бұл азаматтар сол тұста Орталық Азия мен Қазақстандағы мықты гимнасшылардың қатарында тұрды.     Велосипедші Қалихан Ахметов. 1963 жылы спорт шебері дәрежесіне қол жеткізді. Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін  жеңімпазы әрі жүлдегері.   Велосипедші Қазыбек Мусин. 1962 жылғы Қазақстан чемпионы.  1960-62 жылдары республикалық «Динамо» спорт қоғамы біріншілігінде топ жарды.    Хоккейші Диас Мықтыбаев. 1966-69 жылдары шайбалы хоккейден Алматының «Еңбек» командасының белді ойыншысы болды. Кейін республикалық «Қайрат» ерікті спорт қоғамын басқарды.Қадірлі ағайын, біз бұл жылдардағы балуандарымыз бен боксшыларымыздың жетістіктеріне дендей енген жоқпыз. Басқа да спорт түрлеріндегі саңлақтарымыз толық қамтылды деп айта алмаймыз. Дегенмен жұрт көзінен таса қалып, есімдері ұмыт бола бастаған біраз чемпионымыздың жеңіс жолдарын қайта жаңғыртуға тырыстық.Қыдырбек РысбекТекс суреттердің реті бойынша жазылды:Тимур Сегізбаев – қазақтың алғашқы кәсіби футболшысы  Райхан Әбілахатова – 1959 жылы Хельсинкиде болған жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің қыздар арасындағы ат жарысының жеңімпазы, 1958 жылғы Совет Одағының рекордшысыМарат Имашев – самбодан қазақтан шыққан тұңғыш спорт шеберіСерік Мұстафин – ауыр атлетикадан қазақтан шыққан тұңғыш спорт шебері
Тегтер: