Қазақ тағы мазақ болды

Жаңаарқа ауданына дүйім жұрт жиналып, қарымды қаламгер, талантты журналист, әдебиет зерттеушісі, ғалым Ақселеу Сейдімбектің туғанына 80 жыл толуына орай іс-шара өткізді.
Қазақ әдеттегідей игі жақсыларын жинап той жасады. Қазақтың шежіресін, әдебиетін зерттеп еңбек сіңірген, ұлы ұстаз бола білген ұлт жоқшысының қадір қасиетін бүгінгі ұрпақ ұмытпас үшін дүбірлі тойдың болуы заңды. Алайда тойдан бұрын Ақселеу Сейдімбекке қойылған қораш мүсінді ескерткіш жұрттың өкпе-ренішін туғызды.
Қазақтың біртуар перзенті Ақселеу Сейдімбекке қойылған ескерткіш көрер көзге шынымен де ерсі көрінеді. Тіпті Ақселеуді отырғызып қойған тұғырдың өзі тым аласа. Мүсіннің денесі үлкен, аяғы қысқа, қолдары шидей. Дегенмен бет әлпетінен ғана сәл бір ұқсастық тауып көңілге медет тапқандай боласыз. Ақселеу Сейдімбек көзге бірден түсетін ұзын бойлы сымбатты, түрі де келбетті жан болған еді. Ал мына ескерткіште денесінде кемістігі бар мүгедек адамның бейнесі сомдалғандай болып тұр.
Мүсінді тұғырына орнатқанда әкімдер зер салып қарамаған ба?
Ескерткіш салғандардың қазақ елінде мазақ болуы жаңылмас дәстүрге айналып бара жатқандай. Мүсіні мазақ болған талай ұлы адамдардың ескерткіші алынып тасталды. Сонда сомдалған мүсінді дүйім жұртқа жар салып көрсетпей тұрып, өздері бір қарап алатын шенеуніктерде көз жанары болмағаны ма? Шенділер жұртқа мазақ болған ескерткішті сән-салтанатын келістіріп ашты.
«Ескерткішті ашу рәсімін Ұлытау облысы әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Ақселеу Сейдімбектің бауыры Әмзе Сейдімбек, ақын Ғалым Жайлыбай мен тарихшы Қойшығара Салғарин орындады. Шарада зиялы қауым өкілдері құттықтау сөз сөйлеп, Алаш ардақтысы туралы естеліктерімен бөлісті», – деп хабарлады Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Зиялы қауым өкілдері ескерткішті ашқан соң әлеуметтік желіге тараған Ақселеу Сейдімбектің ескерткішінің суреті мазаққа айналып шыға келді. Ұлытау облысы әкімдігі мен Жаңаарқа ауданы әкімдігі: «Бұл ескерткішке біздің қатысымыз жоқ, туыстары тапсырыс берген» деп, ат-тондарын ала қашып отыр. Ескерткішті Ақселеу Сланұлының інісі Асылхан Сейдімбек өз қаражатына жасатыпты. Бұл жерде аудан әкімдігі мүсіннің эскизін қарамай Ақселеу Сейдімбектің туыстарының құжаттары дұрыс деген сөзіне иланып, ауызша келісім бере салған. Мүмкін алдын ала ескерткіштің сызбасын мүсін өнерінен хабары бар мамандарға тексертіп, көз жүгіртіп бір қарап алса мұндай масқараға ұшырамас еді.
– Бұл ескерткішті Ақселеу Сланұлының інісі Асылхан Сейдімбек өз қаражаты есебінен жасатып, барлық құжаттары дұрыс екендігін жеткізген. Ақселеу мүсіні менің де көңілімнен шықпады. Осыған орай, ескерткішті тапсырыс берушілерге қайтару туралы шешім қабылданды. Орнына талапқа сай, тұлғаның бейнесіне сәйкес келетін ескерткіш қою үшін тиісті шаралар қолданылады, – деп мәлімдеді Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин.