Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:43, 31 Мамыр 2021

«Қазақ тілі» судьяға мемлекеттік тілді үйретеді

None
None

       Қарағанды облысында сот  жүйесі мамандарын оқытуға арналған «Қазақ тілі»  оқулығының тұсаукесері ұйымдастырылып, оқу құралы пайдалануға берілді.

      Елімізде  сот жүйесін оңтайландырып,  дамытуға  арналған жобалар жүзеге асырылып,  уақыт өткен сайын өз нәтижесін көрсетуде.  Жақында Қарағанды облысында сот жүйесі мамандарын оқытуға бағытталған «Қазақ тілі» оқулығы  жұртшылыққа таныстырылды. Қазіргі таңда кез келген салада мемлекеттік тілдің қолдану аясын  кеңейту мәселесі күн тәртібінен түспейтін түйткілдердің бірі болып тұр. Ал сот жүйесінде қазақ тілін кеңірек қолдану маңызды іс болып қала бермек.

       Бұған дейін аталмыш сала мамандарына қазақ тілін үйрететін оқу құралдары Қарағанды облысында болмаған-ды. 2019 жылы  Жоғарғы сот  сот саласында мемлекеттік тілді қолдануды жетілдіру  бойынша кеңес өткізген болатын. Сол алқалы жиында әр өңірдегі сот жүйесінде қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, мамандар арасында мемлекеттік тілді үйрету көрсеткіші  деңгейін көтеру бойынша талап қойылды. Алға қойылған тапсырманы орындау мақсатында өңірдегі сот басшылығы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармамен бірлесе отырып, судьялар мен сот қызметкерлеріне екі жыл қатарынан мемлекеттік тілді оқыту курстарын ұйымдастырды. Сот қызметкерлеріне  мамандығына сай,  мемлекеттік тілді үйретуге қатысты арнайы оқулықтардың болмауы өз қиындықтарын туғызды. Өйткені сот саласында қолданылатын терминдердің қазақ тіліндегі аудармасын, баламасын кез келген жанның  түсіне бермесі анық.  Сол себепті  сот саласының қызметкерлері  тілдерді дамыту басқармасы мамандарымен бірлесіп, сот жүйесі қызметкерлеріне арналған «Қазақ тілі» оқу құралын дайындап шығарды.

      Облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов бүгінде оқу құралының А1 – қарапайым деңгейге арналған оқулығы мен аудио құралы дайындалғанын атап өтті. Сот саласының мамандары әрі қарай оқу құралының базалық және орта деңгейге арналған кітаптарын шығаруды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Мемлекеттік тілді оқып-үйренуге бағыт-бағдар беретін оқулықты шығарғанда авторлар тіл үйренудің маңызды факторы – сөйлеу қабілетін қалыптастырудың түрлері бойынша деңгейлеп оқытудың халықаралық тәжірибелерін ескерді.

    – Бүгінде жарық көрген «Қазақ тілі» оқулығы сот жүйесіндегі барлық мамандар үшін пайдалы,  жемісті нәтиже беретін кітап. Бұл оқу құралы барлық әріптестеріміздің мемлекеттік тіл – қазақ тілін үйренуге деген ынтасын оятып, қазақ тілінде сөйлеушілер қатарын арттыруға және сот саласының тілдік ахуалды жақсартуға өз үлесін қосатынына сенім білдіремін. Барлығымыз үшін мемлекеттік тіл деңгейін көтеру – міндет, сондықтан тіл мәртебесінің  жоғары деңгейде  болуы аса маңызды мәселе, – дейді облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов.

Тегтер: