Қазақ тіліне қауіп төніп тұр. Парламент – үнсіз
Ресей қызық жағдайда тұр. Оның Украинаға ашқан соғысының салдарынан, өз елінің азаматтары босып, басқа елдерге барып, бас сауғалап жатыр.
Оның басты себебі – Ресей мемлекетінің шет елдер тарапынан бұрын-соңды болмаған экономикалық, қаржылық, т.т. санкцияларға ұшырауы. Әрине, агрессорға «өзіңе де сол керек», деп қоя салуға болады, егер ресейлік «босқындар көшінің» бір бөлігі ат басын Қазақ еліне бұрды деген ақпараттардың көбейіп кеткені болмаса...
«Ұлттың жаманы жоқ» деген сөзді жиі айтамыз, бірақ әр ұлттың өзіне тән менталитеті, ерекшелігі, ділі болатынын да есімізден шығармайық. Өзбектің саудаға жақындығы, немістердің дәлдігі, тау халықтарының қызуқандылығы, француздардың көңілділігі мен эстондардың жайбасарлығы – талай анекдоттарға арқау болғанын да білеміз. Он сегізінші ғасырдың басынан бастап, империялық елге айналған ресейліктер, өкінішке қарай, империялық «ұлыорыстық» дертке шалдықты. Қазіргі Украинаға жасап жатқан басқыншылық соғыс та осы дерттің нақты көрсеткіші. Кеңес өкіметі кезінде «он бес республикадан құралған елміз» десек те негізгі, жетекші ұлт – орыс ұлты болғанын мойындауымыз керек. Кеңес одағының қай республикасына барса да олардың жолдары ашық болатын-ды. Олар өздері барған республиканың тілін үйреніп жатпайтын, сол елдің азаматтары олармен сөйлесу үшін орыстың тілін білуге міндетті еді. Осы «ұлыорыстық» аурудың дендеп кеткені соншалық, Кеңес жүйесі тарап, әрбір республика жеке, тәуелсіз мемлекетке айналып, өздерінің ұлттық тілдеріне мемлекеттік статус берсе де, орыстардың кейбіреулері әлі күнге дейін «бізбен неге басқа тілде сөйлесесіңдер», деп беттерін тыжырайтуды қойған жоқ.
Санкцияның салдарынан, көптеген жұмыс орны жабылып, аса кажетті тауарлардан қағылып, әбігерге түскен ресейліктердің көпшілігі Грузияға бет алғанға ұқсайды. Әрине, баяғы заман болса, өркениетті елдердің қатарына кіріп қалған Балтық жағалауындағы елдерге баруға тырысатын, бірақ қазір ол елдердің азаматтығын алу немесе уақытша жұмыс істеу рұқсатын алу – қиынның қиыны! Эстон, латыш, литва тілін білмесең – қайыр да сұрай алмайсың. Оған олардың Мәскеуге деген, Кеңес жүйесіне деген негативті көзқарасын қосыңыз. 2008 жылғы соғыстан кейін грузиндердің де орыстарды құшақ жая қарсы алмасы белгілі, бірақ орыстардың басқа барар жері, басар тауы да қалмаған сияқты. Молдованың бір бөлігін орыс сепаратистері бөліп алып, Ресей әскерінің күшімен әлі де ұстап отыр. Өзбек, тәжік әкалар Кеңестік кезеңнің өзінде орыстанудан аулақ болды. Төңкерістен көз ашпайтын алақандай Қырғыз елінің экономикалық жағдайы мәз емес. Қысқасы, ресейліктердің «қонақжай», «дархан», «қолы ашық» қазақтарға барып, бас сауғалай тұруы – таза практикалық шешім. Біріншіден, Қазақ еліндегі басқару жүйесі – бұрынғы кеңестік жүйеден алыс кеткен жоқ, екіншіден, әлі күнге дейін Ресей мемлекетінің ықпалынан шықпай отыр, үшіншіден және, ең бастысы – жергілікті тілді үйреніп әуре болмайсың, орыс тілінің қолданылу деңгейі қазақ тілінен артық болмаса, кем емес. Бізге келген оралмандар орыс тілін үйренуге кіріседі, ал басқа елдің азаматтары қазақ тілін үйреніп, бастарын ауыртып жатпайды. Айтпақшы, Қазақ елінің азаматтығын алудың да қиындық тудыратын ешқандай талаптары жоқ.
Ұмытпасам, 1994 жылы Қазақ елінен 600 мыңдай орыстар Ресейге көшті. Көпшілігі жәй көшпей, Қазақ жерін, қазақ халқын жамандап, айтпағанды айтып, жала жабумен кетті. Келешекте орыс тілінің өрісі тарылып, қазақ тілі үстемдік құрады деген оймен кетті. Ал қазір келіп жатқандар, не келейін деп жатқандар біздегі тілдік жағдайды көргеннен соң, Ресейдің алыстағы бір аймағына келгендей болары анық. Олардың келуі енді тірілер ме екен деп, үміттеніп жүрген қазақ тілінің мәселесін бас көтермейтін деңгейге жеткізетіні де талассыз мәселе. Ал орыстілділердің, оның ішінде, ресейліктердің көбеюі, егер Украинаның жағдайын есімізге түсірсек, келешекте еліміздің тәуелсіздігіне де төнетін қатер деп білемін. Олардың тіл мәселесіне де, ономастикалық мәселеге де белсенді түрде араласатыны да белгілі. «Орыс тілін қорғау» туралы айқайдың көкесін сонда көретін боламыз.
Меніңше, Қазақ елінің парламенті, биліктегі азаматтар тез арада осы мәселенің алдын алу жолдарын қарастырулары керек.
Біріншіден, Қазақстанның азаматтығын алу үшін, немесе қазақ жерінде уақытша жұмыс жасау үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру – міндетті талап болуы шарт. Бұл – әлемдік тәжірибе. Сол арқылы барлық мемлекеттер өздерінің мемлекеттік тілдерін ерекше орынға қоя біледі және басқаларға да мойындата біледі. Ресей елінің заңы бойынша, мемлекеттік тілді білу талабы азаматтық алуды былай қойғанда, басқа елдерден уақытша жұмысқа келушілерге де қойылады.
Екіншіден, қазақ тілінен тест тапсыру мәселесін тез арада іске қосу қажет. Тест жүйесі жасалып, дайындалып, талай сынақтан өткен, бірақ әлі де тәжірибелік деңгейде қалып отыр. Кез келген қызметке тұру үшін мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтайтын сертификат болуы керек. Онсыз ешкім де қызметке тұра алмайтын жағдай тудыру – басты міндет.
Үшінші мәселе – қазақ тіліне қажеттілік тудыруды халықтың өзінің қолға алуы. Егер қазақтілді азаматтар бір адамдай, қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде жазуға көшсе, орыстілді азаматтар бір айдың ішінде-ақ қазақша сайрай жөнелері анық.