Қазақ ұлысының алтын бесігі

Биыл Алтын орда ұлысының құрылғанына 750 жыл толып отыр. Осыған орай Алтын орданың тікелей мұрагері болған кешегі Қыпшақ даласы – бүгінгі қазақ елінде бірқатар мәдени-тарихи іс-шаралар жасалуда.
Атап айтсақ, Ұлытау өңірінде «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені бой көтерсе, Атырауда «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
«Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне президент Қасым-Жомарт Тоқаев барып, бабалар қонысын аралап көрді. Қ.Тоқаевқа Жошы хан кесенесі, мұражай, Жошы хан ескерткіші, жорық шатыры және қонақ үйден тұратын кешеннің заманауи технологиялық мүмкіндіктері мен қордағы құнды жәдігерлер таныстырылды. Мемлекет басшысы қасиетті тарихи нысанның үнемі ғалымдардың назарында болып, ғылыми айналымға түсуі керек екеніне баса мән берді. Ол: «Келесі жылы шетелдің және еліміздің белгілі ғалымдарын шақырып, Алтын Ордаға байланысты үлкен халықаралық конференция өткізу керек», – деп атап өтті. Ал Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдің туристік әлеуеті туралы баяндама жасап, президентке курорттық аймақтар мен тарихи-мәдени кешендерді дамыту жоспарын ұсынған.
Атырауда өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев: «Осыдан бір апта бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлық ұлыстың негізін қалаушы Жошы хан жерленген жер – Ұлытаудағы тарихи-мәдени кешенінде болды. Осы айтулы оқиғаның эстафетасын қабылдай отырып, қазақ және әлемнің әр түкпірінен тарихшы ғалымдарды жинап, қасиетті Атырау жерінде, Орта ғасырдағы ұлы империяның мұрасын талқылау және пайымдау үшін жиналдық», – деді. Оның айтуынша, Атырау – жай ғана мұнай астанасы емес, ол – біздің ұлан-байтақ Отанымыздың батыс шебі, ел тарихына орасан зор үлес қосқан даңқты батырларды халыққа сыйлаған жері. Атырау Алтын Орда мұрасын зерттеудің негізгі орталықтарының біріне айналуға тиіс.
Басқосуда мемлекет басшысының құттықтауы оқылды. Онда Қ.Тоқаев: «Баршаңызды «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаймын. Бұл алқалы жиын тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейлі белесіне орай өткізілуде. Алтын Орда тарихы қазіргі қазақ мемлекеттілігінің жылнамасымен тығыз байланысты. Әйгілі Жошы хан кесенесі мен Сарайшық қаласының Қазақстан аумағында орналасуы және шетел мұрағаттарынан көптеген жазба деректердің табылуы – осының айқын дәлелі. Шын мәнінде Алтын Орданың тарихы әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды», – делінген. Сондай-ақ, президент еліміз егемендігін алғаннан кейін ғана бұл олқылықтың орнын толтыруға жол ашылғанын еске салды. «Елбасының бастамасымен қолға алынған ауқымды бағдарламалар жұртымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Санмыңжылдық шежіреміздегі сабақтастық жалғасын тауып, ұлттық рухымыз биіктей түсті. Біз Алтын Орда дәуірінен келген құнды жәдігерлерді дүние жүзіне танытып, оны туризм саласын дамыту үшін тиімді пайдалануымыз керек», – деп жазылған құттықтау хатта.
Тәуелсіздіктен кейін тарихтың ақтаңдақ беттері ашылуда. Жошы және оның даңқты ұрпақтары құрған ұлысқа Қазақстанның тікелей қатысы бар. Әлемдегі ең алып империя дәл Қазақстан аумағында пайда болып, содан кейін біртіндеп басқа іргелес аймақтарға тарады. Осыдан 750 жыл бұрын, 1269 жылы Талас бойында Жошы, Шағатай, Үгедей ұлыстарынан шыққан түркі-моңғол ақсүйектерінің ұлы құрылтайы өтіп, онда осы ұлыстардың билеушілері орталығы Қытайда, Пекин (Ханбалық) қаласында орналасқан империядан өздерінің тәуелсіздігін ашық жариялаған болатын.
Жошы ұлысы аумағының едәуір бөлігін қазіргі Қазақстанның және этникалық қазақтар шоғырланған іргелес жерлері алып жатқаны да анық. Ұлыстың негізін қалаған Жошы хан Қазақстан аумағында жерленгені бесенеден белгілі және бұл жер Қазақстанның маңызды киелі нысандарының біріне айналып қана қоймай, бүкіл әлемге танымал болады деп үміттенеміз. Жошының Сарыарқа төсінде жерленуі де кездейсоқ емес.
Жошы ұлысы мен Қазақ хандығының арасында ажырамас тікелей сабақтастықтың барына ешкім дау айта қоймас. Мысалы, Жошы ұлысы астаналарының бірі – Сарайшық Қазақстан аумағында (Атырау облысы) орналасқан және мұнда бір-біріне жақын ағайын-туыс боп келетін Ұлық Ұлыс пен Қазақ хандығының билеушілері бірге қойылған. Сол Сарайшықта жерленген қазақ хандары мен сұлтандар көзі тірісінде өз шежіресімен бірге Жошы ұлысы мен Қазақ хандығы билеушілері арасындағы ұрпақ байланысы туралы жақсы қанық болғаны сөзсіз.